
Жоба аясында жастар арасында кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру және кітап алмасу мәдениетін қалыптастыру мақсат етілген. Қазіргі таңда жоба аясында орталықта түрлі іс-шара ұйымдастырылып, көптеген оқырманның қолдауына, қызығушылығына ие болуда.
– «Кітап ал, кітап сыйла» жобасы 2024 жылдың қараша айынан бастап жүзеге аса бастады. Жоба жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған игі бастамалардың бірі. Қазіргі заманда жастардың бос уақытын әлеуметтік желілерде өткізетіні белгілі. Қолға алынған жобаның мақсаты – жастардың назарын кітап оқуға бұру, білім мен тәрбие көзі ретінде кітаптың маңызын ұғындыру. Жобаның тағы бір ерекшелігі – жастар арасында кітап алмасу арқылы өзара сыйластық пен қарым-қатынасты нығайту. Кітап сыйлау арқылы өзара пікір алмасып, көзқарастарымен, ой-толғаныстарымен де бөлісе алады. Бұл оқырмандарымыздың рухани дамуына, интеллектуалдық көкжиегін кеңейтуіне үлкен үлес қосуда, – дейді Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Алма Елібай.
Жобаның алғашқы қадамы ретінде жастардан құралған арнайы клуб құрылыпты. Бұл клубтың мақсаты – жастарды бір ортаға біріктіру.
– Қатысушылармен байланыс орнату үшін «WhatsApp» мессенджерін пайдаландық. Сол топта әр қатысушы қандай жанрдағы кітаптарға қызығатынын, қандай авторларды оқитынын бөлісті. Осы арқылы жастардың қызығушылығына қарай бағыт беріп, сол кітаптарды табуға және бөлісуге жағдай жасадық. Уақыт өте келе қатысушылар арасында кітап алмасу үрдісін ұйымдастырдық. Әркім өзінің оқыған және пайдалы деп тапқан кітабын өзгеге сыйлап, өзі де жаңа кітаппен танысу мүмкіндігіне ие болды. Бұл жоба аясында жүзеге асқан маңызды әрі әсерлі қадам болды. Жоба аясында тек кітап алмасумен шектеліп қоймай, шығармашылыққа бейім жастарды да тартуға тырыстық. Атап айтқанда, айтысқа қатысатын жас ақындар мен өнерлі жастарды ортаға тартып, сұхбат ұйымдастырдық. Бұл кездесулерде әдебиет, өнер, ұлттық құндылықтар, тұлғалық даму тақырыптары кеңінен қозғалды. Жастармен өткен кездесулерде кітаптың адам өміріндегі маңызы мен рухани азық ретіндегі орнын кеңінен түсіндіруге тырыстық. Әсіресе, кітап оқудың ой-өрісті дамытуға, сөздік қорды байытуға, шығармашылық қабілетті жетілдіруге тигізер ықпалы жайында нақты мысалдар келтіріп, жастарға бағыт-бағдар берілді. «Кітап ал, кітап сыйла» жобасының кең ауқымда жүзеге асуына жас кәсіпкерлер мен ерікті жастардың қосқан үлесі ерекше болды. Әсіресе, жас кәсіпкерлер жобаға жан-жақты қолдау білдірді. Көптеген азаматтар өз еркімен қаржылай және материалдық көмек көрсетіп, заманауи, мазмұнды кітаптарды қорымызға қосып берді. Айта кетсек, кәсіпкер Самат Айтмұханбетұлы 300 мың теңгеге демеушілік жасады. Сонымен қатар, мотивациялық бағыттағы кештер мен әдеби шығармашылық кездесулер де жобаның бір бөлігіне айналды. Жастар арасында зияткерлік ойындар өткізіп, олардың білімін шыңдау, логикалық ойлау қабілетін жетілдіру бағытында жүйелі жұмыс жүргіздік. Бұл ойындар жасөспірімдердің бір-біріне деген құрметін арттырып, кітап оқуға деген сүйіспеншілікті күшейтті. Әдебиетке ерекше қызығушылық танытатын жастар үшін «Сөз мерген» айдарын іске қостық. Бұл айдарда қатысушылар өздерінің авторлық өлеңдерін немесе сүйікті ақындарының шығармаларын жатқа айтып, мәнерлеп оқыды. Олардың бұл өнері әлеуметтік желі арқылы кеңінен таралып, басқа жастарға да шабыт берді. Осылайша, «Кітап ал, кітап сыйла» жобасы тек кітап оқумен шектелмей, жастардың бойындағы шығармашылықты оятып, интеллектуалдық және рухани дамуға жол ашатын жан-жақты мәдени платформаға айналды, – дейді Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Жандар Тоқсаба.
Білімге ұмтылу – жас ұрпақтың жарқын болашағының негізі. Жеке даму, жаңа қабілеттерді меңгеру мен тұлғалық қалыптасу көбіне білім мен кітап арқылы жүзеге асады. Сол себепті жастардың білімге деген қызығушылығын ояту үшін түрлі оқу жобалар тиімді жүзеге асырылуда.
– Бүгінде жастар ресурстық орталығында жастардың бос уақытын тиімді өткізу, олардың әлеуетін арттыру және қоғамға пайдалы орта қалыптастыру мақсатында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Қолға алынған жобалардың бағыттары әртүрлі. Мысалы, кәсіпкерлікке бағытталған арнайы жобаларымыз бар. Бұл жобалар аясында ауыл-аймақта өз кәсібін ашып, дамытып отырған кәсіпкерлердің тәжірибесімен бөлісуіне мүмкіндік берілді. «Ауылбай» атты жоба арқылы жастарға кәсіпкерліктің негіздері түсіндіріліп, олардың өз кәсібін бастауына нақты қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, жастардың мергендік қабілетін дамытуға бағытталған «Садақ ату» жобасы қолға алынды. Әлеуметтік бағыттағы жобалар да назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, «Шаштараз» жобасы арқылы аз қамтылған отбасы балаларына, көпбалалы аналарға, әлеуметтік жағдайы төмен жастарға тегін қызмет көрсетілді. Жастардың бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуі үшін «Караоке» және «Кинотайм» жобалары ұйымдастырылды. Жастар ресурстық орталығы жүзеге асырып жатқан әрбір жоба жас ұрпақтың жан-жақты дамуына бағытталған, – дейді бөлім басшысы Алма Елібай.
Кітап – адамзаттың сан ғасырлық даналығы мен үздіксіз ізденісінің нәтижесінде қалыптасқан рухани қазына. Ол – өткеннің тарихы, өмірдің тәлімі мен тағылымын бойына сіңірген алтын қор. Ғабит Мүсіреповтің: «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деуі де осыны меңзейді. Расында кітапты дұрыс таңдап, оның мазмұнын зейінмен оқып, ішкі мағынасын терең түсіне білу – үлкен парасат пен танымның көрінісі. Ондағы ой мен тұжырымды жүрекпен қабылдап, оны өмірде орынды қолдана білу – әр адамның интеллектуалдық және рухани дамуына жол ашатын маңызды алғы шарт.
Сымбат ҚУАНЫШ