
Меркі ауданы – қойнауынан түрлі дақылдар, жайлауынан төрт түлігі, таулы аймағынан аң-құсы үзілмеген киелі мекен. Облысымыздың оңтүстік бөлігінде орналасқан бұл аймаққа келгісі келетіндердің қатары қалың. Тау бөлігіндегі демалыс орталықтары, аудан аумағын айнала қоршаған өзен-көлдер, бір жол бойынан табылатын барлық қажетті дүкендер, жасыл желекке оранған, самал желдің қоңыр салқыны сезілетін табиғат көрінісі кім-кімді болмасын қызықтырмай қоймасы анық. Осы мекеннің өсіп-өркендеуі жолында көптеген шараның қолға алынып жатқаны қуантады.
Ауданда өнеркәсіп саласында атқарылған жұмыстар өз жемісін беруде. Мәселен, жыл басынан бері 4 миллиард 762,2 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Өндіріс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 119,5 пайызға артқан. Оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде 63,9 миллион, өңдеу өнеркәсібінде 4 миллиард 69,0 миллион, электр энергиясымен жабдықтау саласында 498,2 миллион, сумен жабдықтау және су бұру саласында 131,1 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, көзделген межеден асып кеткен.
Ауылшаруашылық саласында да атқарылған жұмыс аз емес. Аталған сала бойынша жыл басынан бері 3 миллиард 779,4 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем көрсеткіші 102,3 пайызды құрап отыр. Биыл 89160 гектар жерге ауылшаруашылық дақылдары егілген. Негізгі егістік аумағының басым бөлігі, яғни 29137 гектарына күздік бидай себілген. Сонымен қатар 24988 гектарға жаздық арпа, 24250 гектар жерге жоңышқа егіліп, үлкен көлемде өнім алу күтілуде. Ауылшаруашылық техникаларын жаңарту бағытында да оң нәтижелер бар. 2023 жылы 1225,7 миллион теңгеге 158 дана техника сатып алынса, былтыр 1345,3 миллион теңгеге 176 дана техникаға қол жеткізіліп, жаңару деңгейі 15 пайызға жеткен. Ал 2025 жылға 50 дана техника сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 23 данасы алынып, жоспардың 46 пайызы орындалып отыр.
Мал шаруашылығы саласында да тұрақты өсім байқалады. Жыл басынан бері мал басын көбейту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аталған жұмыстардың нәтижесінде ірі қара мал 40 671 басқа, ұсақ мал 265 263 басқа, жылқы 18 573 басқа жеткен. Ал үй құстары 40 898 басты құраған. Сонымен қатар аталған сала бойынша ет, сүт өнімдерін арттыру, оларды шетелге экспорттау жұмыстары да кезең-кезеңімен атқарылып отыр. Биыл 2 033,2 тонна ет өндіріліп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 102,9 пайызға жетті. Сүт өндірісі 5 204,4 тоннаны құрап, 101,5 пайызды құрады. Бүгінде ауданнан шетелге ет экспорты да жүзеге асырылуда. «Меркі-ет комбинаты» ЖШС 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында Иран, Кувейт, Катар және Біріккен Араб Әмірліктеріне 163 тонна қой етін экспорттаған.
Ал, сүт өнімдерін өңдеу бойынша, ауданда 1 ірі кәсіпорын және 16 шағын ірімшік цехы жұмыс істеуде. «Меркі ірімшік зауыты» бүгінге дейін 1 215,9 тонна сүт қабылдап, терең өңдеуден өткізсе, шағын цехтар 1 500 тонна сүтті өңдеп шығарған. Сондай-ақ ауданға инвестиция тарту жұмыстары да оң нәтиже беруде.
Мәселен, 2025 жылы аудан бюджетінің негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 6 миллиард 994,6 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 120,9 пайызды көрсетуде. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім бар екенін білдіреді. Аталған инвестиция көлемінің құрылымына тоқталсақ. биыл бюджеттік қаражат есебінен 745,4 миллион теңге инвестиция салынса, жеке және қарыз қаражаты есебінен 6 миллиард 249,2 миллион теңге инвестиция тартылды. Сонымен қатар биылғы жылдың алғашқы төрт айында пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы аумағы 14 300 шаршы метрді құраған. Қазіргі уақытта әлеуметтік осал топтарға арналған 108 пәтерді беру жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін тағы 60 пәтердің құрылысын аяқтау жоспарланған. Аудан әкімі Ербол Жиенқұловтың Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында жасаған баяндамасында инвестиция тарту жұмыстары толыққанды көрсетілген. Оның айтуынша Меркі ауданында жалпы құны 29,9 миллиард теңгені құрайтын 18 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Аталған жобалардың нәтижесінде 165 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
– Мемлекет басшысының басты тапсырмаларының бірі – инвестиция тарту. Осы бағытта да бірқатар ауқымды жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Жоспарланған жобалар ауылшаруашылық, мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, тамшылатып суару, өнім сақтау қоймаларын салу және қайта өңдеу бағыттарын қамтиды.
Мал шаруашылығына қатысты ірі жобалардың қатарында «Қайсар» шаруа қожалығының сүт тауарлы фермасы бар. Құны 2,5 миллиард теңгені құрайтын бұл жобаны іске асыру мерзімі 2025 жылдың IV тоқсаны деп көрсетілуде. Сондай-ақ «Нұр Б» және «Талко» шаруа қожалықтары тарапынан бордақылау алаңдары іске қосылады. «Мерагро ЛТД» ЖШС екі бағытта – 5000 басқа арналған мал репродукторы мен бордақылау алаңын қатар қолға алады. Бұл жобалардың әрқайсысының құны 4 миллиард теңгені құрайды. Құс шаруашылығында да ірі жоба көзделіп отыр. «TAU Decor» ЖШС-ның құс өнімдерін өндіру кешені 15,3 миллиард теңгеге бағаланып, жылына 9,5 мың тонна өнім өндіруге бағытталған. Бұл кешен 350 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді.
Өсімдік шаруашылығы бойынша «Балабек» шаруа қожалығы алма бағы, ал «Мәулен» шаруа қожалығы суару жүйесі жобаларын жүзеге асырады. Сонымен қатар «Райымбек-Е», «Сыпатай батыр», «СПК Даму Сұрат», «Талапкер» шаруа қожалықтары тамшылатып суару технологияларын енгізеді. Бұл жобалар өнімділікті арттыруға бағытталып отыр.
Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасның бесінші бағыты бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Жалпы көлемі 1,6 миллиард теңгені құрайтын 189 жоба бойынша несие алуға ниет білдірілген. Ауданнан 840,7 миллион теңгеге бағаланған 104 жоба иесі толық құжаттарын тапсырып, қазіргі таңда қаржыландыруды күтуде,– дейді Ербол Жұмабекұлы.
Аудан әкімі айтып өткендей, инвестиция тарту жұмыстары түрлі салаларда қолға алынып, кешенді іс-шаралар жоспары бекітілген. Ауданның туризм саласын ілгерілету, туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Меркі тау шатқалында орналасқан «Меркі радон» шипажайының ауыз су жүйесін жаңарту мақсатында «Бизнесті қолдау жол картасы» бағдарламасы аясында 63,2 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп, бұл қаражат облыстық бюджет есебінен қарастырылған.
– Қазіргі таңда туризм инфрақұрылымын дамыту мен жол бойындағы сервистік қызмет көрсету нысандарын салу бойынша бірнеше миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жобалар іске асырылуда. Меркі шипажайының аумағында жобалық құны 50 миллион теңге болатын «Визит-орталықтың» құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысанда Меркі ауданында өндірілетін өнімдер сатылады. Құрылыс аяқталғаннан кейін 8 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар Меркі тау шатқалында демалыс аймағының құрылысы жүргізілуде. Жоба құны – 300 миллион теңгені құрайды. Құрылысты 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Тау шатқалы аумағында екі бірдей форель шаруашылығының құрылысы да басталып, биыл аяқталады деп күтілуде. Сұрат ауылы маңындағы тау шатқалында бірқатар ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қолға алынды. Кәсіпкер 2028 жылға дейін 1,3 миллиард теңге көлеміндегі жоба аясында демалыс аймағын салуды жоспарлап отыр. Жоба ішінде форель шаруашылығы, глемпинг, жазғы бассейн, монша мен жылқы баптау орындары көзделген. Сонымен қатар 2026 жылы инвесторлар 12 миллиард теңгеге шаңғы курортының құрылысын бастауды жоспарлауда. Нысан іске қосылған соң 50 жаңа жұмыс орны ашылатын болады,– дейді аудан әкімі.
Аталған жобалар аудандағы туристік инфрақұрылымды дамытуға, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға және аймақ экономикасын жандандыруға елеулі үлес қосары сөзсіз. Сол себепті 2025 жылы аудан көлемінде әлеуметтік-экономикалық дамудың түрлі салаларын қамтитын 57 жоба жүзеге асырылады екен. Бұл мақсатқа жалпы 4 миллиард 529 миллион теңге бөлінген. Мәселен, білім саласында Гранитогорск ауылындағы мектеп-интернатқа жапсарлас 75 орындық асхана құрылысын бастау қолға алынса, денсаулық сақтау саласы бойынша екі маңызды жобаға 88,6 миллион теңге бөлініп, аудандық ауруханаға қабылдау бөлімшесін қайта жаңғырту және компьютерлік томография аппаратын орнату жоспарланған. Сонымен қатар мәдениет нысандары да назардан тыс қалмай, Тұрар Рысқұлов, Қостоған және Беларық ауылдық клубтарын ағымдағы жөндеуден өткізуге 22,1 миллион теңге бөлінген.
Аудандағы ерекше басымдықтардың біріне айналған ауыз су мәселесі де оңтайлы шешім тауып келеді. Себебі биыл елді мекендердегі ауызсу инфрақұрылымын дамыту мақсатында жалпы құны 1 миллиард 70,7 миллион теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде Жамбыл ауылында ауызсу жүйесін қайта жаңартуға 333,3 миллион теңге бөлінсе, Ақтоған ауылында ауызсу жүйесінің жаңа құрылысын жүргізуге 348,8 миллион теңге қарастырылған. Ақарал ауылында ауызсу құбырын жаңарту жұмыстарына 95,9 миллион теңге, Кеңес ауылында ауызсу жүйесінің құрылысын салуға 230,6 миллион теңге, ал Чалдовар ауылында ауызсу жүйесін ағымдағы жөндеуден өткізуге 62 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар өзге де салалар мен мәселелер аясында бюджет тиімді игерілуде. Тұрғындар тарапынан көп жылдан бергі көтеріліп келе жатқан Ойтал ауылы, Меркі бекетіндегі темір жолға жаяу жүргіншілер көпірін салу мәселесі биыл шешім табады деп күтілуде. Көпір құрылысына 496,7 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған. Ғимарат сатып алу және жөндеу бойынша да 4 жобаға 743,7 миллион теңге қаражат бөлінген. Оның ішінде аудандық полиция ғимараты, Кеңес ауылдық округі әкімшілігі, көпқабатты тұрғын үй және мұрағат ғимараты бар. Ал әлеуметтік осал топтар үшін тұрғын үй сатып алуға 411,7 миллион теңге бөлінген.
Тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне әсер ететін факторлардың бірі –жолдың сапасы. Сол себепті 2025 жылға 22 көшені жөндеу жоспарланған. Аудандағы жолға қатысты басты мәселенің бірі орталық Ә.Исмаилов көшесінің жөнделуі болып отыр. Жолдың ұзындығы 7,7 шақырым, ені 14 метрді құрайды. Осы орайда, автомобиль жолындағы көлік кептелісін жою, сапалы жолмен қамту және адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, көше жолына жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Аталған құжатаманың жалпы құны 4 миллиард 299 миллион теңге.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ