
Сапаны бақылау – өндірістік үдерістің әр кезеңінде және дайын өнімде белгіленген талаптарға сәйкестікті қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар жиынтығы. Ал ішкі аудит – қан орталығында енгізілген сапа менеджменті жүйесінің тиімділігін, заңнама талаптарына сәйкестігін және үздіксіз жетілдіру барысын бағалауға арналған жоспарлы ішкі тексеру түрі.
Облыстық қан орталығында сапаны бақылау және ішкі аудит жүргізу тәртібі Денсаулық сақтау министрлігінің тиісті нормативтік-құқықтық актілеріне, атап айтқанда, 2020 жылғы 20 қазандағы №ҚР ДСМ-140/2020 және 2020 жылғы 2 қазандағы №ҚР ДСМ-113/2020 бұйрықтарына сәйкес жүзеге асырылады.
Сапаны бақылау үдерісі қан компоненттерінің сапалық көрсеткіштерге сәйкестігін тексерумен қатар, олардың стерильділігін бағалауды және өндірістік орта нысандарына микробиологиялық бақылау жүргізуді қамтиды. Өнім сапасын төмендетуі мүмкін кез келген кемшіліктер анықталған жағдайда, өндірістік үдерістерді жетілдіру бойынша нақты шешімдер қабылданады.
Ішкі аудит те сапа жүйесінің біртұтас және маңызды элементі саналады. Ол сапа жүйесінің заң талаптарына сәйкестігін, ықтимал кемшіліктерді және оларды жоюдың тиімділігін анықтауға бағытталған. Аудит жылына кемінде бір рет тұрақты түрде барлық өндірістік үдерістерге жүргізіледі. Аудит барысында алынған нақты деректер негізінде қызметтің шынайы жай-күйіне баға беріліп, оны жақсартуға бағытталған шешімдер қабылданады.
Ішкі аудиттің басты міндеттеріне құрылымдық бөлімшелерде сапаға қатысты құжаттардың (стандартты операциялық рәсімдер, әдістемелер, техникалық нұсқаулықтар, техникалық қызмет көрсету және жабдықты тексеру кестелері) бар-жоғын және қолжетімділігін тексеру, сондай-ақ бөлімше жұмысының нормативтік талаптарға сәйкестігін растау, қызметкерлердің білім деңгейін бағалау кіреді. Мәліметтерді жинақтау кезінде сұхбат жүргізу, өндірістік процестерді бақылау, құжаттарды сараптау, алдыңғы аудит нәтижелерін салыстыру әдістері қолданылады. Анықталған барлық сәйкессіздіктер мен бақылау нәтижелері міндетті түрде құжатталады.
Ішкі аудит белгіленген рәсімдер мен бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіледі. Егер тексеру барысында сапаға кері әсер ететін кемшіліктер анықталса, оларды жоюға бағытталған түзету шаралары қолға алынып, олардың орындалуы арнайы бақылауға алынады. Сондай-ақ, өндірістік қызмет барысында туындаған сәйкессіздіктер бойынша арнайы комиссия құрылады. Бұл комиссия құрамына өндірістік және зертханалық бөлім өкілдерімен қатар, инженерлік-техникалық қызмет өкілдері де енеді. Комиссия жарамсыз өнімдерді саралап, оның себептерін анықтап, алдын алу шараларын әзірлейді.
Жоғары сапалы әрі қауіпсіз қан өнімдері – әрбір емделушінің өміріне тікелей әсер ететін аса маңызды фактор. Осы орайда облыстық қан орталығында жолға қойылған сапаны бақылау мен ішкі аудит жүйесі – сапалы қызметтің, қауіпсіз донорлықтың және тиімді басқарудың негізгі тірегіне айналып отыр.
Гулам УМАРОВ,
облыстық қан орталығының директоры