Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әскери қызметшілер өзара бақ сынасты

Әскери қызметшілер өзара бақ сынасты
Автор
Жуырда Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінде облыс мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді, қазақ тіліне деген құрметті күшейтіп, көпэтносты әскери ортада тіл мәдениетін қалыптастыруды мақсат еткен «Мемлекеттік тіл – менің тілім!» байқауының екінші кезеңі өтті.

Байқауға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерден өзге ұлт өкілдері белсенді қатысып, қазақ тілінде көркем сөйлеу, мәнерлеп оқу, эссе жазу және тілдік тапсырмаларды орындау арқылы өз білімдерін сынға салды. Әр қатысушының тілді меңгеру деңгейі, сөйлеу шеберлігі мен шығармашылық қабілеті жан-жақты бағаланды.

Қазылар алқасына «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Атабек Салихбаев төрағалық етті. Ал қазылар алқасының құрамына тек әскери сала мамандары ғана емес, сондай-ақ мәдениет және қоғамдық ұйымдардың өкілдері де тартылып, байқаудың әділ әрі мазмұнды өтуіне ықпал етті.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орын 5571 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, кіші сержант Роллан Бондаренкоға бұйырды.  Екінші орынды 3650 әскери бөлімінің ефрейторы Пархат Сеит жеңіп алды. 5514 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Мирас Бехтольд пен 5574 әскери бөлімінің аға сержанты Эркинбой Шамуратов үшінші орынды өзара бөлісті. Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы сыйлығы 5547 әскери бөлімінің сержанты Сергей Образцовқа табысталды.

Жеңімпаздар арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталып, олардың еңбектері лайықты бағасын алды.

Бұл байқау – тілге деген құрметтің, елге деген сүйіспеншіліктің және мәдени сананың қалыптасуының нақты көрінісі болды. Мемлекеттік тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – ұлттық болмысымыздың, елдік тұтастығымыздың алтын қазығы екені тағы бір мәрте дәлелденді. Тіл – татулықтың тірегі екенін ұғынған әскери қызметшілер бұл байқау арқылы бірлік пен берекенің басты ұстыны – мемлекеттік тіл екенін тағы бір мәрте дәлелдеп шықты.

Салтанат ӘЗІМХАН,
5513 әскери бөлімі тәрбие және әлеуметтік-құқықтық
жұмыстар бөлімшесі бастығының
аға көмекшісі, лейтенант

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар