Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ертегі – таптырмас тәрбие құралы

Ертегі – таптырмас тәрбие құралы
Автор
Облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы бастамасымен «Әжемнің ертегісіне саяхат» жобасы жүзеге асырылуда. Атауының өзі-ақ мазмұнын айқындайтын жарқын жоба жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, ана тілімізге деген құрметті арттыруға, сондай-ақ халық ауыз әдебиетінің терең қыр-сырын танытуға бағытталған.

Жоба аясында бүлдіршіндер халқымыздың көне ертегілері мен аңыз-әңгімелерін тыңдап, олардың мазмұнын зерделей отырып, тәлім-тәрбиеге толы ойларды бойларына сіңіреді. Сонымен қатар, балалар мейірімділікке, адалдық пен әдептілікке баулынып, ұлттың рухани мұрасын қастерлеуге тәрбиеленуде.

– «Әжемнің ертегісіне саяхат» – мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған тәрбиелік, танымдық және әдеби құндылығы жоғары ертегілерді насихаттауға бағытталған мәдени білім беру жобасы. Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған жоба шеңберінде балаларға арналған тәрбиелік мәні бар, әдеби тілде жазылған, қызықты ертегілер жинақталған. Сондай-ақ, облыстық «Аналар алқасы» кеңесінің төрайымы Қадиша Оспанова бастаған әжелермен бірігіп «Әжемнің ертегісіне саяхат» жобасы аясында көптеген жұмыстар атқарылуда. Ертегілерді иллюстрациялық кітапша және интерактивті іс-шаралар түрінде ұсынуды мақсат етіп отырмыз. Қолға алған жобамыздың басты мақсаты – халық ауыз әдебиетін, қазақтың дәстүрі мен салт-санасын әже тәрбиесі арқылы балаларға жеткізу, оларды көркем әдебиетке баулу, қиялды оймен ұштастыру және ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіру, – дейді Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының мәдени жұмыстарын ұйымдастырушысы Гүлгаухар Құрманәліқызы.

Жоба бірнеше айрықша қырымен ерекшеленеді. Ең алдымен ертегілер балаларға әжелердің ауызша баяндауы арқылы ұсынылса, бұл өз кезегінде халқымыздың ауыз әдебиеті дәстүрін жандандыруға ықпал етеді. Балабақша тәрбиешілері де бүлдіршіндермен бірге ертегілер желісі бойынша театрландырылған қойылымдар қойып, шығармашылық сурет салу жұмыстарын ұйымдастырып, түрлі ойындар өткізеді. Ертегі жинақтары көркем иллюстрациялармен, ұлттық нақыштағы элементтермен безендіріліп, балалардың қызығушылығын арттырады. Сонымен қатар, жоба аясында бүлдіршіндер арасында «Әжем ертегі айтып берді», «Ертегіден көрініс» сынды мазмұнды байқаулар ұйымдастырылып тұрады. Осылайша жоба балабақшадағы оқу-тәрбие процесіне ұлттық болмыс пен рухани мазмұн дарытып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға елеулі үлес қосуда.

– Мәселен Қордай ауданындағы «Айналайын» бөбекжай-балабақшасының бастамасымен ұйымдастырылған «Әжеммен бірге – балалыққа саяхат» атты тәрбиелік кездесу жас ұрпақтың бойына ұлттық тәрбие дәнін себуге бағытталған ерекше мазмұнды, тағылымы терең іс-шара болды. Бұл кездесу балалардың дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, ұлттық мұраға деген сүйіспеншілігін оятып, олардың жүрегіне ұлттық рух пен мейірім ұялатады. Іс-шара барысында Қордай ауданы әкімдігі білім бөлімінің өкілдері, мектепке дейінгі тәрбие саласының мамандары, аналар алқасының мүшелері мен балабақша ұжымы бала тәрбиесінде халық ауыз әдебиетінің, әсіресе ертегінің маңызы жөнінде өзара пікір алмасып, ұрпақ сабақтастығы мәселесіне ерекше мән берді. Әжелердің шынайы сезіммен, көркем тілмен баяндаған халық ертегілері бүлдіршіндерге рухани азық болып, олардың қиялы мен ойлау қабілетінің дамуына оң әсерін тигізді. Сонымен қатар, педагогтардың театрландырылған көріністері, ұлттық нақыштағы киімдермен безендірілген сахналық қойылымдар балалардың қызығушылығын арттырып, ертегі мазмұнын терең түсінуге мүмкіндік берді. Балалар өздері де ертегі кейіпкерлерінің рөлін сомдап, сахнада өнер көрсетіп, шығармашылық қабілеттерін шыңдады. Мұндай белсенді қатысу балалардың өзін ертегі әлемінің бір бөлігі ретінде сезінуіне жол ашып, олардың бойындағы сенімділік пен жауапкершілікті нығайта түсті. Атап айтқанда, «Арыстан мен тышқан», «Түлкі мен ешкі», «Бауырсақ», «Қоңыраулы қозы» сияқты халық ертегілері арқылы бүлдіршіндер достықтың, қайырымдылықтың, тапқырлықтың, әдептілік пен жауапкершіліктің не екенін ұғына білді. Бұл ертегілер өмірлік мәні бар тағылымдарды көркем түрде жеткізудің таптырмас құралы екенін тағы бір дәлелдеді. Алдағы уақытта қысқаша ертегілер жазылған әдістемелік кітапшалардың екінші легін шығару жоспарлануда. Бірінші кітапша жоба басталғаннан бері жарық көріп, қазір барлық аудандарға және балабақшаларға тапсырылды, – дейді Г.Құрманәліқызы.

Айта кету керек, «Әжемнің ертегісіне саяхат» жобасы барлық аудандарда жүзеге асырылып, көптеген балабақшада ертегі оқу дәстүрі кеңінен қолдау тапқан.

– «Әжемнің ертегісіне саяхат» жобасы қолға алынған сәттен бастап-ақ бүлдіршіндер арасында ерекше қызығушылыққа ие болып, өзінің алғашқы нәтижелерін беріп үлгерді. Бұл жоба ұлт тәрбиесінің тамырын тереңнен тартатын құндылықтарды жаңғыртып, балабақша жасындағы бүлдіршіндердің жүрегіне мейірім мен рухани байлық дарытудың тамаша құралына айналып отыр. Көнерген салт-дәстүрді жаңаша тәсілмен жеткізе отырып, ертедегі әже мен бала арасындағы мейірімді, жылулыққа толы қарым-қатынасты қайта тірілтуді мақсат еткен жоба аудандарда жалғасын табуда. Әжелердің ертегі айту дәстүрі арқылы балалардың бойына даналықты, сабырлылықты, әдеп пен ізеттілікті сіңіру жобаның алға қойған негізгі мақсаттарының бірі. Жастайынан ертегі тыңдап өскен бала рухани бай, жүрегі мейірімге толы, ой-санасы сергек тұлға болып қалыптасады. Әрбір ертегіде терең тәрбиелік мән, өмірлік өнеге, адамгершілік құндылықтар жатады. Сондықтан ертегі тыңдау баланың дүниетанымын кеңейтіп, жақсы мен жаманды, ақ пен қараны ажыратуға үйретеді. Жобаның тілге тиек ететін ерекше тұсы қатысушылар ұлттық нақыштағы киімдер киіп, шынайы әжелердің бейнесіне еніп, ертегіні көркем тілмен, шынайы эмоциямен жеткізеді. Бұл тәсіл балалардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың ойлау қабілетін, қиялын, сөйлеу мәдениетін де дамытады. Ертегілер кейде театрландырылған қойылым түрінде қойылады. Бұл бала санасына көркем бейнелер арқылы терең әсер етіп, ертегі мазмұнының ұзақ уақыт есте сақталуына ықпал етеді. Ертегі кейіпкерлерінің бастан кешкен оқиғалары, олардың іс-әрекеті мен таңдауы арқылы бала өмірде кездесетін түрлі жағдайларға дұрыс баға беруді, дұрыс шешім қабылдауды үйренеді. Сонымен қатар, ертегі бала бойында жанашырлық, мейірімділік, батылдық, адалдық, шыншылдық, жауапкершілік сияқты ізгі қасиеттердің қалыптасуына әсер етеді, – дейді облыстық «Аналар алқасы» кеңесінің төрайымы Қадиша Оспанова.

Алдағы уақытта бұл бастама жаңаша бағытта мазмұны жағынан жетілдіріліп, заманауи тәсілдермен үйлестіріле отырып, балаларға ұлттық тәлім-тәрбие беруді одан әрі жалғастыруды көздеп отыр.

Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар