
Перзентхана алдында өмірге жаңа келген нәрестесін көруге асық жандар қара құрым екен. Олардың арасынан көпбалалы отбасыны алыстан шырамыттық. Қолдарына құшақ-құшақ гүл мен ойыншық, символикалық жүрекшелер ұстап, бөбекті қызықтауға, мейірленіп құшуға асыққан бір топ бала асыр салып ойнап жүр. Күннен көздерін көлегейлеп, өткен-кеткенге тағатсыздана қарап тұрған балалардың алды 15-16-ға жаңа аяқ басқан жеткіншектер екен. Кенжесі кеше ғана дүниеге келіпті.
Бір топ балғын перзентхана есігінен көзін алмай сәбимен қауышар сәтті тағатсыздана күтіп тұр. Жақын барып, әр баланың маңдайынан сипап, апарған тәттімді үлестірдім. Балалардың көзі бал-бұл жанып, бауырларын күтеді. Салтанатты һәм шуақты шақты бөлісуге шақырған медбикенің: «Ішке кіріп, бөпелеріңізді алып кетуге рұқсат», деген мейірімді үні естілісімен бәріміз ішке ұмтылдық.
Кең бөлмеде балалардың анасы Айгүл ешкімге қарамастан бүлдіршіндеріне ұмтылды. Бәрін кезек-кезек құшағына алып, сағынышын жеткізіп, сүйіп жатыр. Жер бетіне мейірім тұнып қалғандай тыныштық орнады. Дәл осы сәттегі бақыттың бастауына айналған шаттыққа толы көрініске қарап, бұл отбасының 7 бірдей ұл-қызды асырап алған дегенге сену қиын еді.
Бірде теледидардан жетім балалар туралы хабар көріп отырып жанарына жас алған отағасы отанасына қарап, «жетімдерді жылатпай, бауырымызға бассақ, нұр үстіне нұр болар еді» деп қалады. Сөйтіп, ерлі-зайыпты алдымен баспана мәселесін шешіп, содан соң өздері армандаған ойын іске асырып, балалар үйін жағалай бастайды. Әр барған сайын балғындармен тіл табысып, жақын қарым-қатынас жасауға, нағыз ата-анасына айналуға ниеттенеді.
Негізі жетімдер үйінен бала асырап алу барысында, әсіресе психологиялық тұрғыдан ата-ана мен бала мінезі сәйкес келіп, бір-бірін жақын тартса, жақсы тіл табысса ғана олар бала асырай алады. Яғни алдымен бір-бірін зерттеу процесі жүреді. Сондықтан алғашқы уақытта ата-ана мен балалар бір-біріне үйренісу мақсатында жеткіншектер асырап алатын отбасына тек қонақ болып қана келіп, қайта балалар үйіне кетуі тиіс.
– Балаларды асырап алу жағдайында бүлдіршіндердің жеке шекарасына өтіп, ішкі сезімдеріне рұқсатсыз қол сұғып, жанын ауыртпауды ойлау басты шарт. Ең алдымен ата-ана мен балалар арасындағы үйлесімділік, олардың ортақ мінезі мен қызығушылығы, бір-біріне бауыр басу процесі өтеді. Балалар бірден әке-шеше деп атамаса да, алдымен жаңа адамдарға үйрену, оларды қабылдау сезімдері басталатыны анық. Уақыт өте келе балалар мен әке-шеше бір-біріне ұнап, мейірімі түсіп жатса, құба-құп. Ондай сәтте екі жақтың да қуанышында шек болмайды. Біз балаларды басында үйге қонаққа әкеліп жүрдік. «Әке-шешеңдей көр» немесе «бізге бала болыңдар» деп айтудан аулақ болдық. Оған себеп, балалардың жанын ауыртып алуға қорықтық. Олардың ішкі сезімі басты орында тұрды. «Олар бізді қалай сезінсе, солай болады» деп түйдік, – дейді отағасы.
Балалардың ата-ана аңсаған шынайы мақсаттарынан туындаған ыстық ықылас бірден отбасы болуға итермелепті. Оған себеп, үйге келе сала балғындар бірден үй иелерін «мама, папа» деп атапты. Өйткені олар балаларға ешқандай қолқа салмаған. Тек еркіндік беріп, барлық сәтте қолдауға талпынған.
– Ең бірінші ұққаным бұл балалар әке-шешеге зәру еді. Бір қызығы біз әке-шеше боламыз ба деп ойлаған едік, балалар біздің ата-анамыз сияқты бәйек болып, жанұшырды. Олардың көздерінен «осы отбасыға сіңіп кетсек екен, бізді жақсы көрсе екен» деген жазуды оқыдым. Жәутеңдеп қарағандары, әрнәрсені өтініп, сабақтан бестік алып келсе де біз үшін, бізді қуанту үшін, бізге көрсету үшін, жақсы сөз есту үшін тырысып жатқандарын ұқтық. Олар сондай үлкен қадамға ұмтылып жатқанда, біз де қарап қалмадық. Барынша жақсы көріп, барынша қолдауға тырыстық. Күйеуім ұлдарды далаға ертіп кетіп, шарбақ тұрғызып, шеге қағып, доп ойнауға үйретеді. Асық атып, спортқа баулиды. Ал мен қыздарды үй шаруасына бейімдеймін. Гүлдей нәзіктеріммен бірігіп, түрлі ас-ауқат дайындап, бәліш пісіріп, барынша үйдің берекесін кіргізуге, дастарқанды дәмге толтыруға ниеттендік. Қыздарыма әйелдің басты қағидасы мейірімінде екенін барынша үйретуге тырысып бағып жатырмын. Туған әке-шешесінің тәрбиесін көрмегенін ұмыттырып, нағыз ата-анаға айналу – басты міндетіміз. «Балалар бізді тастап кетпесе, бізден көңілі қалмаса екен» деп айналып-толғанып, өз баламыздай көреміз. Бірінің ата-анасы өмірде бар. Бірақ түрлі жағдайларға байланысты, өмірдің ағысымен әр арнаға бет бұрып кеткен. Ата-аналық құқығынан айырылғандары да бар, уақытша тастағандары да бар екенін білдік. Кейде туған әке-шешелері іздеп келеді. Ондай жағдайда жүрегім ауырады. Себебі балаларға ол сәт өте ауыр. Екі жаққа жәутеңдеп қарап, туған анасының алып кете алмайтынын біліп тұрады да, біз не дер екен деп іштей күйзеледі де. Сондықтан әке-шешелерімен кездескеннен кейін мінез-құлықтарында өзгеріс пайда болып, кейде мұңға батса, кейде ашуға беріліп, ата-анасының алып кете алмағанына өкініп, бала жылай береді. Ондай сәттері біз олардың қасында мәңгілік болатынымызды айтып, көңілін аулауға кірісеміз, – дейді отанасы.
Әр істің ұшар басында ниет тұратыны анық. Ниеттің түзулігі барлық сыннан мүдірмей өтуге ықпал етеді. Балаларды алу барысында сынақтан өтіп, психологтардың салмақтап, сараптаған түрлі сұрақтарынан кейін ата-аналардың дайын әлде дайын еместігі білінеді екен. Содан кейін барып балаларды алуға рұқсат етіледі. Яғни бала асырап алу процесі әп-сәтте іске асырылмайды. Ол үшін бала да, асыраушы ата-ана да қиыны мен қызығы, кедергісі қатар келген даңғыл жолдан өтеді.
– Ең алдымен Алланың разылығы мен балалардың бақыты үшін осы ниетімізді іске асырдық. Мен алған балалар әр ұлттың өкілдері. Қырғыз, қазақ, неміс те бар. Бірақ біз түсінісетін ортақ тіл – мейірім тілі, сыйластық пен үйлесімділіктің шарықтау шегі. Біз періште емеспіз. Бірақ барлық игілік пен ізгілікке ұмтылып жүрген жайымыз бар. Бір отбасының екі баласы бар. Бірде «Аналарың келіп тұр. Кездескісі келеді» дедім. Сонда бірі анасының ащы судан аузы босамайтынын, қуып жүріп ұрғанын, басқа да өрескел қателіктерін есіне түсіріп, кездесуден бас тартты. Өкпе-реніштерін ұмыта алмай, жанарлары жасаурап, туған аналарымен кездескісі келмеді. Бірақ біз отанасы екеуміз ақылдасып, балалардың анасын психологпен сөйлестіріп, балаларды да психологқа көрсеттік. Сөйтіп, балалардың анасымен кездесуіне мүмкіндік жасадық. Алайда қос құлыншақ бізге «Ертең мамамыз алып кетпесе ғана кездесеміз» деп шарт қойды. Ал біздің мақсат біреу ғана еді. Ол – баланың туған әке-шешесінен бас тартпауын, олардың татулығын, алыстап кетпеуін қадағалау ғана еді. Олар кездесті. Бірақ балалар бізді қатты жақсы көретіндіктерін айтып, аналарына мақтанды. Сол сәт мен өз ісімнің зая кетпегенін ұқтым. Кейінгі екі жас бала бізді туған әке-шешеміз деп ойлайды. Олардың ата-анасы өмірден өтіп кеткендіктен, асырап алғанымызды есейгенше айтпаймыз деп шештік. Сондықтан оларға «біздің туған баламызсыңдар» деп өсіріп жатырмыз. Бұл біз үшін де, олар үшін де жеңіл деп ойлаймыз. Көп балалы болу үлкен сын. Бірі мектепке кетсе, енді бірі балабақшаға барып жүр. Біріне тұмау тисе, оны жазылғанша уайымдайсың. Мінездері де сан алуан. Кейде әлдене бүлдіріп қойса, түгел ескерту жасалады. Керісінше, біреуі жақсы нәтиже көрсетіп жатса, бәрін бірдей мақтауға тырысамыз. Сол үшін үйде екі түрлі қағаз ілініп тұрады. Бірінде «Мақтау қағазы» деп жазылып тұрса, енді бірінде «Ескерту» деп жазып қойғанбыз. Ол жерде кім көп жақсы нәтиже берді, кім көп ескерту алды деп аптаның соңында өздеріне оқытамыз. Ескертуді көп алған бала түзелуге ұмтылса, мақтау қағазын алған бала одан да биік жетістікке ұмтылады. Кішігірім жиын өткізіп тұрамыз. Ал туған күн, мейрам кездері бәрі дайындалып, ортаға өз өнерлерін көрсетеді. Бірі өлең оқыса, енді бірі мың бұрала билейді. Осындай кештердің соңы әйеліміз екеуміздің Құдайға шүкіршілік айтып, көзімізге жас алумен аяқталады, – дейді отағасы.
Кезінде жастықпен бауыр еті баласынан бас тартқанымен, кейін өз ісіне өкініп, балаларын іздейтіндері де, мәңгілік танығысы келмейтіндері де баршылық. Оған әйелдердің басынан өткен түрлі қиындық пен күйзеліс салдары басты себеп екені анық.
Балалар үйінде өскен Алтынай есімді бойжеткен «Анамды бір иіскесем арманым болмас еді» деп жиі айтатын. Кейін «анасын тауыпты» деп естідік. Алтынаймен де арнайы кездесуге бардық. Гүл жүзі құлпырып, ажарлана түсіпті. Жоғары оқу орнын бітіріп, жұмыс істеп жүр екен. Пәтері де бар. Анасы туралы айтыла бастаған тұста: «Анамның кім екенін танымай, білмей жүргенде соның ғана саулығын тілеп ұйықтап, соның ғана бақытын тілеп оянушы едім. Шашымнан сипағанын, маңдайымнан сүйгенін, айналып-толғанғанын ойлайтынмын. Тіпті, «ол мені іздеп, таппай жүрген шығар» деп уайымдайтынмын. Жүрегімде одан асыл адам болмайтын.
Кейін анамды іздеп тапқан кезде көз жасым сорғалап, алдынан құшақ жая жүгірген едім. «Керегің жоқ» деп көкірегімнен кері итерді. Кеудемнің сол тұсындағы жүрек деген кесек ет жүрісінен жаңылып қалғандай ма, әлде соқпай қалған сияқты ма, әйтеуір абдырап қалдым. Сондай сөзді естуден асқан қасірет те жоқ шығар. Анамды көргеніме, тапқаныма өкінемін. Одан да арманымда жасап алған бейтаныс анаммен түсімде қауышып жүрген кезім бақыттырақ еді.
Мені туған әйелдің өз балалары бар екен. Күйеуі білсе, ажырасып кетеді-мыс. Сол үшін мені көргісі де, мен жайлы естігісі де келмейді, – деді Алтынай мұңайып.
Бірде перзентханада бірге жатқан аққұба өңді жас келіншек егіз босанды. Алайда бөбектерін дүниеге алып келе сала, балалардан бас тартыпты. Өйткені күйеуі екеуі ажырасып жатыр екен. Ал балалары оның ойындағыдай өмір сүруіне кедергі жасайды. Сондықтан іштен шыққан қос баласын баурына баспай, тіпті емізгісі де келмей тайып тұрыпты.
Бүгінде балғындар 14 жасқа таяп қалды. Олар өздерінің өмір тарихынан бейхабар күйде өсіп-жетіліп келеді. Не әке, не шешеге керегі жоқ ұлдарды аналары танымайды, танығысы да келмейді. Өкінішті.
Әр адамның тағдыры әртүрлі болғанымен, ата-ана атаулының мақсаты бір. Олардың бір ғана тілеуі ұл-қызын жеткізу, биікке жетелеу, солардың қызығы мен қуанышын көру, амандығын тілеу ғана. Алайда тағдыр теперішінде түрлі жағдайды басынан өткізіп, балаларынан бас тартқандар да, өмір жолында адасып қалғандар да жетерлік.
Әр бала ата-анасымен бірге бақытты болуға лайық. Мейлі туған, мейлі баққан адам болсын – маңызсыз. Маңыздысы сол аялап отырған жандардың аялы алақаны мен мейірімі ғана!
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ