
Акция аясында жақында Тараз қаласында «Таза аула» экологиялық іс-шарасы өтті. Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен сенбілікке «Мыңбұлақ» ықшамауданының тұрғындары мен жастар белсене қатысты. Қатысушылар көпқабатты үйлердің ауласын қоқыстан тазартып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Камал Тұрлыханның айтуынша, мұндай іс-шаралар экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлкен үлес қосады.
– Экологиялық акциялар жастардың бастамасымен тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Тұрғындардың белсенділігі бізді қуантады. Табиғатты аялау – біздің өмір салтымызға айналуы керек. Әр отырғызылған ағаш, әр жиналған қоқыс – бұл туған жерге деген махаббаттың нақты көрінісі. Тазалық – бұл тәртіптің, мәдениеттің және өркениеттің белгісі. Сондықтан әр адам тазалықты өз ауласынан бастауы керек, – деді К.Тұрлыхан.
Жалпы акция аясында облыстың өзге аудандарында да ауқымды жұмыстар атқарылды. 803,8 шақырым канал мен арық, 2,7 мың шақырым көше мен 79,2 мың тұрғын үй ауласы тазартылды. 6,1 мың тоннадан аса тұрмыстық қалдық шығарылып, 286,9 мың ағаш отырғызылды. Сонымен қатар, саябақтар мен скверлердің 641,1 мың шаршы метрі қоқыстан тазартылған.
Акцияны қолдау мақсатында «TazaLike», «Таза аула», «Таза қала», «Үлгілі аула» секілді байқаулар ұйымдастырылып, тұрғындардың ынтасын арттыру көзделген. Сондай-ақ, тұрғындар Telegram-бот арқылы да шағымдары мен ұсыныстарын білдіруде. Бүгінге дейін осы сервисте 542 өтінім тіркелген.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ