Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тұрғын үй құрылысы қарқынды

Тұрғын үй құрылысы қарқынды
Автор
Қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты міндеттерінің бірі. Байзақ ауданында осы бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Өткен жылы Сарыкемер ауылынан 5 қабатты, әрқайсысы 60 пәтерлі төрт үй пайдалануға берілсе, биыл осындай екі үй соғылып, 120 отбасы қоныстойын тойлады. Әрине мұнымен тұрғын үйге деген сұраныс шешімін тапқан жоқ. Бүгінгі күнге дейін әртүрлі деңгейдегі барлығы 3 313 азамат үй кезегінде тұр. Сондықтан да ауданда үй салу жұмыстары тоқтаусыз жүргізілуде.

Соның бір дәлелі осы жылдың наурыз айының соңғы күндері аудан орталығындағы халық арасында «Қыналы қар» аталып кеткен аймақтан 20 үйдің құрылысы басталған еді.

Бұл құрылысты Жамбыл Сматов басшылық ететін «Ғимарат Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. К.Орынқұлов көшесі ІІ бұрылыстағы 2,5 гектар алқапқа салынып жатқан үйлер 40 отбасыға арналған. Аталған үйлерді сатып алуға республикалық бюджет есебінен 549024,0 мың теңге қарастырылған. Ауыл шетіндегі егістік болып жататын жерде бес-бестен төрт қатар етіп соғылып жатқан үйлер алыстан менмұндалайды. Үйдің сыртқы безендірілуі мен кескін-келбеті ерекше көзтартарлық.

Нысан салынып жатқан шағын екі көшеге бағаналар орнатылып, шағал тастар төселіп жатыр екен. Сондай-ақ әрбір үйдің сыртына еуропалық үлгідегі қоршау салынып жатқанына куә болдық. Құрылыс басында осындағы жұмыстарға жауапты маман Қуаныш Игенбаевқа жолығып, жұмыс барысы жайлы сұраған едік.

– Өздеріңіз көріп тұрғандай екі пәтерлі 20 үй соғылып, пайдалануға берілуге дайын десе де болады. Бір пәтер 3 бөлмелі болса, екіншісі 2 бөлмелі. Үйлерге газ, су, жарық кіргізілді. Екі-үш күнде газ плиталары орнатылады. Ендігі жұмыс маңайды абаттандыру болып отыр. Қазірдің өзінде жол жөнделіп, үй маңайы қоршалып жатыр. Осы айдың аяғына қарай аталған үйлер пайдалануға беріледі, – деді Қ.Игенбаев.

Реті келіп тұрғанда жауапты маманмен бірге ең шеткі үйге кіріп, құрылыс барысыман танысып шықтық. Пәтерде жылытатын пеш, ас бөлмесі, жуынатын бөлмеге дейін дайындалған. Сол секілді әр отбасыға үй іргесінен бақша егуге тиісті жерде бөлініп берілетіні құптарлық іс.

Құрылысшылар уақытпен санаспай еңбек етудің арқасында бар болғаны екі айдың ішінде 20 үйді тұрғызып, пайдалануға бергелі отыр. Ал олардың айтуына қарағанда үйлердің ішкі, сыртқы әрлеу жұмыстарына аудан жастары тартылған. Шағал тасты аудан карьерлерінен алып жатса, қажетті техникаларда еңбек етіп жатқандар Сарыкемер ауылының тұрғындары.

Ендеше ауданымызда тағы да 40 отбасы қуанышқа кенелетін күнде алыс емес.

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
журналист,
Байзақ ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар