Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қазақстанда жаңа Су кодексі күшіне енді

Қазақстанда жаңа Су кодексі күшіне енді
gov.kz
Қазақстанда Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген жаңа Су кодексі күшіне енді, деп хабарлайды arainfo.kz

Жаңа Су кодексінде алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы енгізілді. Бұл – халықты және экономиканы су тапшылығы мен ластанудан қорғау, сондай-ақ трансшекаралық су ресурстарындағы ел мүддесін сақтау. Сонымен қатар, «экологиялық ағын» ұғымы бекітілді – бұл өзен-көлдердің экожүйесін сақтау үшін қажет ең төменгі су деңгейі.

Су ресурстарын басқарудың бас және бассейндік жоспарларын әзірлеу көзделіп отыр. Бұл жоспарларда су болашағына байланысты нақты мақсаттар мен шешімдер белгіленеді, және олар мемлекеттік саясатқа ықпал етеді.

Қоғамның қатысуы кеңейтілді – су бассейндері кеңестері енді су пайдалануды шектеу, су тасқыны мен құрғақшылықтың алдын алу, жергілікті билік қателіктерін түзету секілді ұсыныстар бере алады.

Шағын өзендер мен көлдерге ерекше назар аударылды – тұйық бөгеттер салуға тыйым салынды. Сулы-батпақты алқаптар мен мұздықтар арнайы қорғауға алынады. Екі жыл ішінде барлық елді мекендерде су қорғау аймақтары анықталуы тиіс.

Климаттың өзгеруіне бейімделу шаралары жеке тарауда қамтылды:
– өзен-көлдерді тазалау,
– тасқын суларды сақтау,
– су үнемдейтін технологиялар мен егін айналымын енгізу,
– тұщытылған теңіз суын пайдалану.

Су тасқыны мен құрғақшылықпен күрестегі министрлік пен жергілікті билік міндеттері нақты бөлінді. Министрлік гидротехникалық құрылыстардың жағдайын бақылайды, су айдындарына тасқын су бағыттайды.

Ақпараттық ашықтық артады – Су ресурстары және ирригация министрлігі жыл сайын Ұлттық ақпараттық есеп жариялайды. Қазір төрт модульден тұратын ұлттық ақпараттық жүйе пилоттық режимде жұмыс істеуде.

Суды үнемдеуді ынталандыратын жаңа талаптар енгізілді. Су пайдалану рұқсаты тек қайталама пайдалану жоспары бар жағдайда ғана беріледі. Бұл жоспарлар екі жыл ішінде әзірленуі тиіс.

Ауыл шаруашылығындағы су шығынын азайту мен ирригациялық кондоминиумды құру тәртібі анықталды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы үшін еріген қар суын арнайы рұқсатсыз жинауға рұқсат берілді (2 млн м³ дейін).

Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі жеке тарауда реттелген. Жүйелі бақылау, қауіпсіздік декларациялары және регламенттер қарастырылған.

Жаңа нормаларға:
– су құбыры мен кәріз жүйелерін дамыту,
– дренаж және жаңбыр суларын реттеу,
– иесіз жүйелерді коммуналдық меншікке өткізу,
– жерасты суын зерттеу және қорғау жүктелген.

Бақылау күшейтілді – «көлеңкелі нарықпен» күрес үшін су инспекцияларына жедел әрекет ету құзыреті берілді.

13 заңға және бірнеше кодекске өзгерістер енгізілді – Жер кодексі, Экология кодексі, Әкімшілік кодекс және Жер қойнауы туралы кодекс суды қорғау және тиімді пайдалану бағытында толықтырылды.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов:

«Біз бес қағиданы негізге алдық: суды қоршаған ортаның бір бөлігі деп тану, сарқылудан қорғау, кешенді пайдалану, үнемдеу, климатқа бейімделу және жұртшылықты тарту. Бұл – су саясатын жаңғыртатын маңызды құжат», – деді.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар