Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Ислами иірімдер, Ұлы Пайғамбарымыз «Ислами иірімдер, Ұлы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінен 100 нәзира»

«Ислами  иірімдер, Ұлы  Пайғамбарымыз «Ислами  иірімдер, Ұлы  Пайғамбарымыз  Мұхаммед  (с.ғ.с.)  хадистерінен  100                   нәзира»
Мұсылмандардың қасиетті кітабы Құранды орыс тіліне тәржімалаушы ретінде жақсы танылған Валерия (Иман) Михайловна Порохова теолог-ғалым, Ресей Ғылым Академиясының профессоры болған. Ол Ислам дінін қабылдаған және мұсылманша Иман деген есім алған. Орта Азия елдерінде, біздің Қазақстанда да болып, лекциялар оқыған. Оған Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің Құрметті профессоры атағы берілген. 2019 жылы 2 қыркүйекте 79 жасында қайтыс болып, жаназасы Мәскеудегі Собор мешітінде шығарылған. Иман Валерия Порохова Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) Хадистерін де түпнұсқасынан орыс тіліне тәржімалаған. Осы орысша нұсқасы негізінде Хадистерді қазақша сөйлеткен Арғынбай Бекбосын еді. Бұл кезінде еліміздің әдеби өміріндегі елеулі жаңалық деп бағаланды. Республикадағы қоғамдық-саяси, діни басылымдар аудармаларын аттай қалап алып, жарыса жариялаған болатын. Арғынбай Бекбосынның 2012 жылы Алматыдағы «Алаш» баспасынан жақсы көркемделіп шығарылған «Заманалар жаңғырығы» атты кітабында әр жанрдағы поэтикалық, драмалық шығармалары мен орыс, шығыс классиктерінен аудармалары, сондай-ақ орыс тілінде жазған үш эссесі мен үш хикаяты және Пороховадан аудармалары «Ислами иірімдер, Ұлы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Хадистерінен 100 нәзира» деген тақырыппен берілген. Биылғы Құрбан айт 6 маусымға келіп отыр. Осыған орай, Арғынбай Бекбосынның аталған назира жырларын ардагер журналист Тұрсынхан Толқынбайұлы «Заманалар жаңғырығы» кітабы бойынша теріп, дайындап, газетке ұсынды.

РЕДАКЦИЯДАН

 

Ауыр күнә: Ұлы Аллаға басқаларды теңеген,

Ата-ананы сыйламастан оларды адам демеген.

Жазықсыздан кісі өлтіру жауыздықпен қан төгіп,

Жалған айту куәлікте сотта адалдық аты өліп.

***

Әр пендеге қарайласу кезінде ол қысылған –

Мұны үлкен бір міндетім деп санасын мұсылман.

Өз шамасы жетпесе оған көңілін бұрсын басқаның,

Ол жоқ болса, жаман сөзбен орнатпасын басқа мұң.

***

Қолын жайып, көше кезіп естісе де сындарды,

Қоймайтұғын тіленуді – емес олар шын жарлы.

Күнкөрісі болмаса да жүретұғын үндемей,

Мұқтаждығын көзге тоспай – әне, солар шын кедей.

***

Әрбір адам фәнидегі әрбір күнін бастарда.

Тірлігі үшін жалғыз жанын кепілдікке тастар да.

Ізгілікпен өтсе күні жанды өзіне келтірер,

Зұлымдықпен өтсе, жанын шырылдатып өлтірер.

***

Бақ асырып, бақастықпен түсем деп ел алдына,

Бір-біріңді қызыл көзді қызғанышпен аңдыма.

Аллаға құл, өзді-өзің дос боп ұмытқын өкпені,

Ғайбаттама ешкімді де. Бұл да иманның өткелі.

***

Ізгілікті іс – бәріңнің де жандарыңның қорғаны,

Ал күнәһар болсаң – оған ой-санаңның толғаны.

Күнәларым паш болар деп тұрар ылғи толқып іш,

Оның түбі күндіз-түні үрей менен қорқыныш.

 

***

Сөзімен де, ісімен де ізгілікті ұсынған,

Кім десеңіз – сол болады, әне, нағыз мұсылман.

Ал мұхаджир – ол да Аллаға шын берілген, сиынған,

Әрі Алла тыйым салған нәрселерден тыйылған.

***

Нені артық десең зекет, ораза мен намаздан,

Артық дер ем – бас тартуы мұсылмандар араздан.

Араздықтың ашық болмас аспаны да, күні де,

Өрши берсе сол жетеді мұсылмандық түбіне.

***

Алданбаңдар, қолға алмаңдар ешнәрсені күдікті,

Еш күмәнсіз, толық сенген іске арнаңдар үмітті.

Ақиқаттан ғана көңіл орнығумен жай табар,

Ал жалғаннан алаң болар және онысы қайталар.

***

 

Сеніп айтқан сырды яки еткен затты аманат,

Пайдаланса сөзде тұрмай, жалғандықты қалап ап.

Ерегісте жексұрындық жасаса елде болмаған

Төрт белгісі осылар ғой мінездің ең оңбаған!

***

Еркек үйде орнатушы тәртіп пенен береке,

Әйел үйге әкелуші ынтымақ пен мереке.

Бір сөзбенен айтсақ, бәрі бір нәрсеге жауапты,

Білген дұрыс балалар да обал менен сауапты.

***

Туады күн әркімдер де ұмтылатын билікке,

Бірақ абай болыңдаршы, көзсіздікпен килікпе.

Өйтсең өзің қор боласың, құмығады үнің де,

Алла алдында тұрғаныңда қияметтің күнінде.

***

Қазылардың үш түрі бар: баратыны жұмаққа –

Шынға жетіп әділ үкім шығарады. Бірақ та

екіншісі шындықты ашып, бір жағына бұрады,

Үшінші – үстірт. Тозақ болмақ соңғы екеудің тұрағы.

***

Ақырзаман боларында: жайлар жаппай надандық,

Зинақорлық, маскүнемдік, үстем болар арамдық.

Әйелдердің саны еркектен елу есе асады,

Дүниені бірте-бірте қараңғылық басады.

***

Бір Аллаға, қияметке сенген пенде үнемі,

Айтады тек жақсы сөзін не үндемей жүреді.

Оның аппақ пейіліне риза болар қонағы,

Көршісі де көңіліне әбден тәнті болады.

***

Қайнап кетіп, сыртқа теуіп шыққан кезде ішкі егес,

Біреуді ұрып құлатқан жан шынтуайтта күшті емес.

Ұмтылмастан ұзыннан өш, алуға кек қысқадан

Нағыз күшті қысса да ашу өзін-өзі ұстаған.

 

***

 

Ей, Ашаджу Абд әл-Куэйс, Алланың шын құлысың,

Жаның жұмсақ, төзімдісің. Аллаға ұнар бұл ісің.

Қарсы келсін қандай пенде – сен ортақ тіл табасың,

Жұмсақтықпен қатал жанның алғысын да аласың.

***

Барыңды сал арылуға сезімінен қызғаныш,

Сезімдердің ең жаманы сол болады былғаныш.

Игі ісіңді өмір бойғы өртеп бітер күншілдік,

Қу ағашты жалмағандай жалын тілі. Бұл – шындық.

***

Екі аразды жарастырсаң – бұл да сенің садақаң,

Жанға жәрдем қарастырсаң – бұл да сенің садақаң.

Мешіт жаққа қадам бассаң – бұл да сенің садақаң,

Мұсылманмен амандассаң – бұл да сенің садақаң.

***

Ей, мұсылман, бағын оған патшаң болса мұсылман,

Екі етпегін бар әмірін, жолмен жүр ол ұсынған.

Егер жарлық қайшы келсе ақ жолына Алланың,

Бағынбағын, тыңдамағын, тілін патша алмағын.

***

Көппен бірге болып көрсе неше түрлі жағдайды,

Ондай құлын Алла өзі жарылқайды, алғайды.

Ал өзінше елден бөлек жүре берсе ақырын,

Алғысынан ұлы Алланың қала бермек мақұрым.

***

Пешенеге жазып Алла басқарсын деп халықты,

Билік берсе, ар-ожданмен басқарсын бірқалыпты.

Заңнан, ардан аттаса ол – кеткені де құлап тым,

Өзін түгіл есігін де көре алмайды жұмақтың.

***

Дұшпаныңмен жолығуды ешқашан да тілеме,

Ал кездессең ерегісіп азуды Айға білеме.

Арандама айласына, сабырлы бол, бол салқын,

Дәлелмен айт әр сөзіңді. Болғаны жөн сол салтың.

***

Адал болам, бағынам деп маған антын бергендер,

Қызыл сөзге қызбалыққа сендер онша ермеңдер.

Деген дұрыс ойланып ап: «Келгенінше шамамның»,

Оның мәні – шексіз емес мүмкіндігі адамның.

***

 

Бір мұсылман мұсылманды ғайбат айтып тілдесе,

Бұл – күнәһар дер ем біреу мынау өзі кім десе.

Өмір сүріп ынтымақты, тату-тәтті күн, айсыз,

Соқтығысса – онда оның екеуі де құдайсыз.

***

Алла сенің қарамайды пішініңе, түріңе,

Қарамайды дәулетіңе: шағын ба ол, іріме.

Қарайды ол жүрегіңе, жүрегіңнің күшіне,

Өйткені сол бағыт берер сезімімен ісіне.

***

Қос мұсылман қолында боп қылышы мен садағы,

Біреуі өлсе екеуі де тозақ жаққа барады.

Өлтіргеннің тозақылық болуын ел біледі,

Өлгеннің де еді өлтіру көздегені, тілегі.

***

Төгілсін тер, қайыссын бел, жүрген дұрыс шыдап та,

Сүйген құлын салады Алла өмір бойы сынаққа.

Одан өткен абыроймен рақатқа батады,

Тайсақтаса, оны соғар Жаратушы қаһары.

***

Ешбір пенде тілемесін өз басына ерте өлім,

Жақсы адамның ұзақ өмір өсіреді өркенін.

Жаман үшін ұзарғаны болсын, мейлі, бір күндік,

Тазаруға түзелуге ол берілген мүмкіндік.

***

Келгенменен өз өмірін шын бақытты еткісі,

Екі түрлі мүмкіндікті ескермейді көп кісі:

Денсаулығын зақымдайды салғырттыққа түсіп ап,

Құдай берген уақытты етер босқа ысырап.

***

Сотта өзгенің мүлкін алсам деуменен жан ұшырған –

Біздің үммет бола алмайды, емес мүлде мұсылман.

Қиянатқа барса жауып жазықсызға жаланы,

Ондай пенде мәңгі жайын тек тозақтан табады.

***

Кем-кетігін біле тұрып сатып жатқан затының,

Жасырса оны – ойламаған боп шығады ақырын:

Ұшырайды міскіндікпен қаһарына Алланың,

Өмір бақи өтер соның көтерумен салмағын.

***

Мерзім берсе жеткілікті борышкер шын жарлыға,

Немесе ол өз қарызын санай салса алдыға,

Онда оған періштелер үлкен сауап жазады,

Қияметте түсер және Жаратушы назары.

***

Елге айтқан өсиетте пайғамбарлар бұрынғы

Былай деген: «Ұмытсаңдар ар-ұяттай үғымды

Не істесең оны істеңдер. Одан нені тапсаң да,

Әр ісіңе кепіл жаның не болады мақшарда?».

***

Туысқандар ажыраса бой алдырып кейіске,

Кінәлі жан ешқашан да бола алмайды пейіште.

***

Қияметте алынған соң кінәлі істер сәл аңдап,

Қантөгіске байланысты істер жедел қаралмақ.

***

Ұлы Алланың пендесіне жәрдемінің мөлшері –

Оның пейіл- ниетіне сай келетін өлшемі.

***

Жамандықтың үш белгісі байқағанға мыналар:

Жарамсыз ат, мініп шықсаң орта жолда тұралар;

Нашар әйел мінезі мен қылығы бар құбылған;

Қолайсыз үй аңғал-саңғал, әр жерлері бұзылған.

***

Өмір сүрсең өте шығар мына жалған фәниде,

Өзіңді ұста жолаушыдай жете алмаған әлі үйге.

***

Саудагер өз тауарларын мақтаса бар жанын сап,

Алуға оны мәжбүр болар антқа сенген алымсақ.

Мейлі, тапсын мол ақшаны санайтындай жата қап,

Саудагерге бұйырмайды Ұлы Алладан шапағат.

***

Ит сатқанның, жезөкшенің, балшы-балгер теңгесін,

Алмақ түгіл қолға ұстау да ойларыңа келмесін.

***

Табыстырса араздарды өтірікпен алдамшы,

Ондай адам қосылмайды суайттарға жалғаншы.

***

Басшы болмай тұрып байқа пайымыңды өзіңнің:

міндетіңді қалай ұғып, қаншалықты сезіндің?

 

***

 

Адамдарға бере берсең сұрағанын таратып,

Онда алғаның ел өмірін, бүкіл мүлкін талатып.

 

***

 

Егер сендер мен білгенді біле алсаңдар, еріңдер

Көп күлкіден көп тиылып, көп жылайтын едіңдер.

 

***

Үмметімнің қателігін, ұмытқанын, бұларға

Мәжбүр еткен істі кешер мен үшін де Ұлы Алла.

 

***

 

Бақ-дәулеті, түр-түсі де өз басыңнан көп артық,

Көзің шалса бір пендені алма есіңді жоғалтып.

Көп ойланбай қара тездеп оны көрген көзіңмен,

Кем адамға бар жағынан мына сенің өзіңмен.

 

***

 

 «Шын иманды кім?» десеңдер, былай дер ем бұған мен:

– Өмір кешкен ой-санасы толық сәйкес Құранмен.

 

***

 

Құдайшыл боп, бұзылмаса өмір бойы әдебі,

Ондай жанның көбісіне ашық жұмақ әлемі.

 

***

 

Жасамаған үлкенге ізет, қамқоршылық кішіге,

Бізбен бірге бола алмайды. Ол әуелі кісі ме?

 

***

 

Абу Мұса: «Пайғамбармен қажылыққа сапарда,–

дейді, – аялдап жүрдік жота кез болғанда жапанда.

Оған шығып «Ля ил-ляха ил лялла!» деп бәріміз,

Қосылып ап дауыстадық жеткенінше әліміз.

Сөйтіп тыныш жатқан жерді, аспанды да жаңғырттық.

Алла Өкілі деді сонда: «Бұларыңыз – албырттық.

Бүйтіп салмақ салмау керек тамақ пенен өңешке,

Жалпы, айқайлау керек пе екен зәді керең емеске.

Зікірлерің Жаратушы Ұлы Аллаға арналған,

Жәй айтсаң да Оған жақсы естіледі бар маңнан.

Өйткені, Ол еш күмәнсіз бірге мына бізбенен,

Және Оны таппақ дәйім құлшылық қып іздеген».

 

 

***

 

«Бір-біріңмен бауыр болғын болсаң егер мұсылман,

Дұрыс және керек кезде көмегіңді ұсынған.

Мейіріммен қаналғанға дем беруге жараған,

Жәрдемдессін дәл солайша адамға да қанаған» –

Бара жатса Алла Өкілі жұртқа осылай деп шығып,

Сұрақ берді бір жағдайды түсінбеген көпшілік:

«Қаналғанға жәрдем беру керек. Бірақ… анаусы…

нені елден дәметеді болса өзі қанаушы?»

Деді Расул: «Көмек еткін тастауына бастағы

ой-пиғылын қанасам деп тұратұғын басқаны».

 

***

 

Алла Өкілі отырғанда жәмиғатпен кездесіп,

Біреу мақтап екіншіні кетті дейсің сөзді есіп.

Аспандатты, көпіршітті қозғап мадақ жайдан бар,

Тоқтағанда ол сабырменен деді былай Пайғамбар:

«Алла кешсін, бірақ сонша мадақ сөзді ауызға ап,

Тастадың ғой өз досыңды өз қолыңмен бауыздап.

Егер шыннан келіп тұрса бір адамды мақтағың,

«Меніңше» деп сөз бастасаң, онда жөнді тапқаның.

Ал бәріне береді тек Ұлы Алла шын баға,

Бар жағдайда, бұл фәниде кездесетін сында да».

***

«Ля ил-ляха ил лялла!»-ны ауызына алғаны –

Мұсылманның есте ұстауы дәйім Ұлы Алланы.

***

Алтын-күміс әшекейлер болсын, мейлі, әйелде,

Ондайлардан аулақ болсын үмметімде, бай ер де.

***

Жәмиғатта мені өзіне туыс-бауыр дегендер,

Маған біреу жайлы жайсыз ештеме де демеңдер.

Әр адамды ақкөңілмен қарсы алғым келеді,

Сондықтан да ұрын пікір емес мүлде керегі.

***

Үш меншігі аттандырар соңғы жолға марқұмды:

Отбасы мен дүниесі және істері әр қырлы.

Алғашқы екеу кейін қайтар мәйіт қалар зираттан,

Үшіншісі бірге болар өткенінше сираттан.

***

Иманды сол – болса әдепті үлгі алардай кейінгі,

Және ерекше қосағына Құдай қосқан мейірлі.

***

Бір Құдайға сенім ала туылады бөбектер,

Ал қай дінді ұстауына ата-анасы себепкер.

***

Ешкімге де, ешқашан да жасамағын жамандық,

Залымға да саған тиген. Жолы осы адамдық.

***

Иманды адам бағбан болып, диқан болып істесе,

Жемісінен адам, жәндік, жан-жануар, құс жесе,

Оның еткен бар бейнетін Алла тағала бағалар,

Желінгендер бейнеткештің садақасы саналар.

***

Егер сабыр сақтап, босқа әр нәрсеге аһ ұрмай,

«Құдай маған тілеуімді бермеді!» деп бақырмай,

Мінәжет қып, жалбарынсаң жасамастан асылық,

Алла қабыл етіп, берер тілектен де асырып.

***

Жария ғып, ел алдында болайын деп жақсы атты,

Жақсылығын жасап жүрсе, көздеп тек сол мақсатты,

Шын пейілін оның Алла елге бір кез ұқтырар,

Аярлыққа сөйтіп қарсы ақиқат та тік тұрар.

***

Имамдық қып намаз бастар болсаң, оны созбаңдар:

жұрт ішінде әлсіз, дімкәс, жасы көптен озған бар.

Егер біреу жеке оқыса, ауып ықылас-пейілі,

Қанша оқыса сонша оқысын, қанғанынша мейірі.

***

Екіжүзді ойламасын ашылмайды деп сырым,

Ахиретте Алла алдында сол болмақ ең жексұрын.

***

Біле тұрып бір залымның кісі ақысын жегенін,

Жұртты қанап, істеткенін өзінің бар дегенін,

Соңына еріп, шотын шауып, күшейтпек боп қолдаса,

Мұсылманмын деуі – жалған, бос сандырақ, далбаса!

***

Тындырмақ боп өз басыңа пайдасы бар бір істі,

Басқа адамды аңди берсең әрекетпен тіміскі,

Онда оны итергенің тіршілікке бояма,

Ал жалғандық жамандықпен күнәлі етпей қоя ма.

***

Алла берген ен дәулетін ізгілікпен жаратса,

Мол білімін өзі ұстанып және көпке таратса,

Ондай жанға қызықсаң да көре алмай күндеме,

Еліктеуге құлшынбағын одан басқа кімге де.

***

Сен тас атып ұрыға аңдып кірмек болған үйіңе,

Көзі шықса, кінәлі өзі оның ондай күйіне.

***

Бір мәселе туып жатса, қара алдымен бағдарын,

Нәтижесі ізгі болса, оң шешімін таңдағын.

Егер қайшы келер болса ақ жолына Алланың,

Шешпек түгіл ондай істі қолыңа да алмағын.

***

Ұлы Алла жарылқаған құлдарынан талайды,

Жомарттығы жемістерін көруді де қалайды.

***

Адамзатта асқазаннан асқан жаман жоқ ыдыс,

Жарамайды тұрғаны да тек тамаққа толып іш.

Денің сау боп жүруі үшін аз жесең де жетеді,

Іштің үштен екісіне су мен ауа кетеді.

***

Ары алдында берген әрбір анты әрбір баланың,

Орындалу керек сөзсіз атыменен ананың.

***

Егер менің болса алтыным Уһуд таудай көлемі,

Соныменен өтелгенде қарызымның төлемі,

Төлеуіме тиістіден кем боп шығып бергенім,

Алтын қалса үш түннен соң – өкінерім ең менің.

***

Ешқашан да жаман сөзбен ғайбаттама марқұмды,

Тиістіні ол алып қойған. Өзің де ойла артыңды.

***

Бірте-бірте тақуалар, арлы адамдар бар қанша,

Тастай берер жер-жаһанды надан тобыр қалғанша.

Пайдасы жоқ қауызындай арпаның не құрманың,

Алла олардың ескермейді қайтіп, қалай тұрғанын.

***

Жасы алпыстан асқан соң да күнәсіне өкініш

білдірмесе-қабыл болмас Аллаға айтқан өтініш.

***

Антты орындау тиетұғын отбасыңа зияны,

Орындамау күнәсінен артық күнә жияды.

***

Азық артқан керуеннің иесіне базардың

шын бағасын айтпай затын деп ойлама алармын.

Кәсіп қылған сауда-саттық адамдары қаланың,

Сауда етпесін атыменен адамының даланың.

***

Сауда-саттық не болмаса қарыз-құрыз ісінде,

Алла нұры жаусын жанға жұмсақтығы үшін де.

***

Алла құлын жарылқарда әбден сынап алады,

Сынау үшін неше түрлі қиындыққа салады.

Ал егер де тілемесе пендесіне жақсылық,

Бәрін берер көрмейтін ғып ештеңеден тапшылық.

Бірақ кейін мүмкіндікпен не істегенін сұрайды,

Сол сұрақта анықталар тағдыры оның былайғы.

Ант етейін, Ахыретте менен кейбір бауырым

адасады, түйе құсап таппай жүрген ауылын.

 

Ескерту: Нәзира жырлар негізіне Ұлы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінің Иман Валерия Порохова аударған орысша нұсқасы алынды.

(Хадисы Пророка. Мәскеу, 2008).

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар