Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жастарды дер кезінде қолдау керек

Жастарды дер кезінде қолдау керек
Автор
«Өмірде екі нәрседен қателеспеу керек, бірі – жар сүю, екіншісі – мамандық таңдау» деген тәмсіл бар. Мектеп бітірген жас түлектердің көпшілігі өздері емес, ата-анасы қалаған мамандыққа оқуға түседі. Мұндай талаптың соңы немен аяқталары ешкімді толғандырмайтын сияқты. Ал бұл дегеніміз – бір ғана отбасының емес, тұтас қоғам мәселесі. Нәтижесінде жас түлек өзі қаламаған, яғни өзі түсінбеген мамандықты меңгеріп шығады.

Студенттің қолы дипломға жеткенімен, армандары орындалмаған күйде қалады. Елде диплом алған жастардың басым көпшілігі еңбек нарығына бейімделе алмай, жұмыссыздар қатарын толықтырып отыр. Бірі оқыған мамандығына қол сілтеп, басқа қысқамерзімді курстарға жүгінсе, ал енді бірі түйіндемесін көтеріп, «жұмыс тәжірибең жоқ» деген жауапты естіп, әр есіктің табалдырығын бір тоздырып жүр. Бұл – қазіргі қоғам көрінісі.

Осы сауалды алға тартып, журналистика факультетінің 3-курс студенті Жания Үсенқызымен тілдескен едік.

– Мен бұл мамандыққа өзімнің қалауыммен түспедім. Амалдың жоқтығынан, ҰБТ-ға балым жетпегендіктен ата-анамның ықпалымен келдім. Негізі өз қалауым бойынша психолог мамандығын таңдағым келген, – дейді Жания.

Жыл сайын оқу орнына түскен көптеген жас түлек осы сынды кедергілерге тап болып, өз саласын таба алмай әлекке түсуде. Енді мәселеге екінші қырынан қарап көрсек, мамандыққа өз қалауымен түскен жастар ше? Олар немен айналысуда?

Мөлдір Тасқынбекқызы 28 жаста. Жоғары оқу орнын экономика саласы бойынша бітірген. Бірақ тәжірибесі болмағандықтан өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмаған. Нәтижесінде қазір жеке кәсіпкер, шағын дүкен иесі. Елімізде жұмыс берушілердің көпшілігі жас мамандардан кемінде 1-3 жыл аралығында еңбек өтілін талап етеді. Тәжірибесіз жұмыс табу қиын, ал жұмыс болмаса, тәжірибе де болмайды. Сонда жұмыс іздеушілерге қайтпек керек?

Соңғы жылдары елімізде шетелге кеткен жастардың саны көбейді. Ондағы басты себеп – жұмыссыздық, жалақының аздығы. Өз ортасынан қолдау мен сүйеніш таппаған жастар шетелге кетуге мәжбүр. Бүгінде Қазақстанда дипломнан бұрын біліктілік, практикалық дағды бағалана бастады. Білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасында үйлесімсіздік бар. Университетте білім бергенімен, бірақ нақты тәжірибе, еңбекке баулу жағы кемшін түсіп жатыр.

Бүгінгі жастар – ертеңгі елдің болашағы. Егер оларға дер кезінде қолдау мен дұрыс бағыт-бағдар берілмесе, онда болашаққа балта шапқанымыз. Әрбір «жұмыссыз» деген адамның артында арманы орындалмаған бір тағдыр, таңдау еркіндігі болмаған бір жасөспірім тұрады. Қоғам болып осы мәселені жан-жақты зерделеп, шешетін уақыт келді деп ойлаймын. Бәрі де өз қолымызда!

Айдана САРСЕНОВА,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз университетінің 3-курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар