
Жалпы елімізде 12 мыңнан аса омарташы болса, олар 600 мыңнан аса ара ұясын ұстап отыр екен. Омарташылар жылына шамамен 5 мың тоннадан өнім жинайды. Алматы қаласындағы Қазақ малшаруашылығы және жемшөп ғылыми-зерттеу институтының аға қызметкері Ұлжан Нұралиеваның айтуынша, жиналған өнімнің 450 тоннаға жуығы шетелге экспортталады екен. Негізгі экспортталушы елдер қатарында Өзбекстан, Біріккен Араб Әмірлігі мен Қытай бар.
– Соңғы жылдары елімізде ара шаруашылығына жақсы көңіл бөлінуде. Жастардыңда қызығушылығы артып келеді. Себебі мемлекет тарапынан жас омарташыларға субсидия да бөлінуде. Еліміз бойынша омарташылықпен айналысатын өңірлер қатарында Жамбыл облысы алдыңғы қатарда десек болады. Ал облыс аудандарының қатарында Меркі омарташылары көш бастап тұр. Біз қазір Меркідегі «Қарақоңыз» шатқалында отырған «Байжігітов», «Манапов» және «Асқаров» жеке кәсіпкерлік нысандарымен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Онда шамамен 15 омарташы жұмыс істейді. Меркі ауданында жасаған зерттеулер аясында біз араның қазақстандық жаңа түрін шығарудамыз. Жергілікті табиғатқа бейімделген «Асыл ара», яғни қазақстандық типті ара буданын айналымға енгізуге дайынбыз, – дейді Ұлжан Әуесханқызы.
Маманның айтуынша, республика бойынша облысымыз ара өсіру мен бал жинау статистикасы бойынша үшінші орынға тұрақтаған. Ара өсірумен облыс көлемінде 500-ден аса омарташы айналысуда.
– Омарташылықпен айналысуды 2017 жылы бастағанмын. 2024 жылы ресми түрде тіркеуден өттім. Бізде көшпелі омарталардан 100 келіге дейін өнім алуға болады. Өзім жақсы көшкен жылы 95 келіге жуық бал алдым. Ал бір уақытта әр ұядан 30-35 келіге дейін өнім аламын. Менде 1 800-ге жуық ара ұясы бар. Алдағы уақытта өнімімді шетелге шығаруды көздеп отырмын. Дегенмен ол үшін өнім мол болуы керек, – дейді омарташы Әлішер Сейтен.
М.ЖАМБЫЛҰЛЫ