
ЭЛЕКТРОНДЫ САУДАНЫҢ ЗАМАНАУИ ТАЛАБЫ
Әлемдік нарыққа тауар экспорттаудың түрлі жолы бар. Оның ішінде халықаралық көрмелер мен бизнес-форумдарға қатысу, шетелдердегі серіктестермен ұзақмерзімді келісімдер жасау, шетелдегі сауда өкілдіктері арқылы экспорт көлемін ұлғайту секілді дәстүрлі тәсілдер кез келген мемлекетте бұрыннан қолданылып келеді. Алайда қазіргі таңда заман талабына сай, технологиялық мүмкіндіктерге негізделген тағы бір маңызды бағыт бар. Ол – электронды сауда.
Электронды сауда өнімді интернет арқылы өткізумен қатар жаһандық нарықтарға жол тартудың тиімді әрі үнемді әдісі. Әсіресе шағын және орта кәсіп иелері өз өнімін халықаралық деңгейдегі тұтынушыларға таныстырып, олармен тікелей байланыс орната алады. Электронды сауда алаңдары делдалсыз сауда жасауға жол ашып, логистика, төлем жүйелері мен тұтынушы қызметтері секілді шығындарды төмендетіп, цифрлық негізде автоматтандыру арқылы экспорттаушылардың жүктемесін айтарлықтай азайтады. Осы ретте мемлекет тарапынан аталған бағытқа ерекше көңіл бөлініп отырғанын айта кетуіміз керек. Мәселен, «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» акционерлік қоғамының
бас директоры Айтмұхамед Алдажаровтың айтуынша, Қытайдың ең ірі «B2C» электронды платформаларының бірі – «JD.com» сайтында Қазақстанның ұлттық павильоны ашылып, отандық өнімдердің халықаралық нарықта кеңірек танылуына соны жол ашылыпты. Бұл павильонда қазіргі таңда 15 отандық брендтің 44 түрлі өнімі, яғни азық-түлік, бал, косметика және басқа да тауарлар тұтынушыларға ұсынылған екен. Электронды платформаларда жұмыс істеу үшін отандық компаниялар өнім сапасына, қаптамасына, маркетингтік стратегиясына және халықаралық талаптарға сай сертификаттарға ерекше назар аударуы қажет.
Жалпы алғанда электрондық сауда арқылы тауар экспорттау Қазақстан экономикасы үшін үлкен пайда әкелетінін айта кеткен жөн. Ең алдымен бұл экспорт географиясын кеңейтіп, шалғай аймақтағы кәсіпкер өз өнімін шет елге ұсынуға мүмкіндік алады. Қаптама, логистика, IT және клиенттермен байланыс салаларында мамандарға сұраныс артады. Ел экономикасының сыртқы факторларға тәуелділігін төмендетуге әсер етеді. Электрондық сауда жүйелері отандық бизнестің цифрлық үдерісін жеделдетеді.
Қазақстандық компаниялардың әлемдік электронды сауда алаңдарына шығуы елдің жаһандық имиджін қалыптастырудың да бір тетігі десек артық айтқандық емес. Сондықтан бұл бағытта мемлекеттік қолдау шараларын күшейтіп, кәсіпкерлерді оқыту, логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру және цифрлық қызметтердің қолжетімділігін арттыру кезек күттірмейтін мәселе.
Негізінде әлемдік нарыққа өз тауарын шығару әрбір кәсіпорынның басына бұйыра бермейтін бақ. Сондықтан қандай да бір өнім өндірумен айналысатын кәсіпорындар электронды сауданың мүмкіндігін пайдаланып, оның осы істі жүзеге асырудың қолжетімді, заманауи әрі тиімді құралы екенін жете сезінсе болды. Қазақстандық өнімдер халықаралық тұтынушының талабына сай болса, оны әлемдік нарықта лайықты орынға шығаруға толық мүмкіндік бар.
– Қытай Халық республикасының аталған электронды платформасында ұлттық павильонымыз ашылғаннан бері сатылған өнім көлемі 2,4 миллион юаньды құрады. Оның ішінде өткен жылы өнім көлемі 1,18 миллион юаньға жеткен еді. Алайда біз тек онлайн сатумен шектелмейміз, қазақстандық брендтер Қытайдағы офлайн көрмелер мен таныстырылымдарға да белсенді қатысуда. Бұл бізге ұлттық өнімдерді ілгерілетуге, тұтынушының қызығушылығын арттыруға және нарықтағы орнымызды нығайтуға мүмкіндік береді. Электрондық сауданы дамытудың тағы бір жолы – стриминг арқылы сату сияқты жаңа трендті қолдану. 2024 жылы қарашада өткен Қытай халықаралық импорт көрмесі (CIIE 2024) аясында «Jiangsu Soho Holding Group Co., Ltd.» серіктестерімен бірлесіп, «Douyin» платформасы (Қытайдағы TikTok баламасы) арқылы тікелей эфир жүргізіліп, Қазақстанның ұлттық стриминг павильоны ресми түрде ашылды. Эфир барысында Қытай мен басқа елдердің қолданушылары қазақстандық өнімдермен тікелей танысып қана қоймай, оларды бірден сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Нәтижесінде бір стрим аясында 450 мың юаньдың сатылымы тіркелді. Бұл форматтың жоғары тиімділігі мен отандық өнімдерге сыртқы нарықтарда сұраныс бар екенін дәлелдейді. Осы табысты тәжірибелер негізінде «Бұл бастамаларды қалай кеңейтуге болады?» деген заңды сұрақ туындайды. Бүгінгі таңда «Alibaba.com» платформасында еліміздегі қолдау шараларын кеңейтіп, өзге де жетекші халықаралық платформаларды қамту ұсынылуда. Атап айтқанда, «Alibaba.com» платформасы 190 елде 160 миллион пайдаланушыны қамтитын әлемдегі ең ірі B2B платформасы екенін айта кеткен жөн. Күн сайын 2 миллиард АҚШ долларынан асатын 278 миллионға дейін тапсырысты өңдейді. Ал «Europages» 3 миллионнан астам компанияны біріктіретін Еуропадағы жетекші B2B платформалардың бірі. «Noon» Сауд Арабиясы, БАӘ және Египетте белсенді дамып келе жатқан Таяу Шығыстағы ірі маркетплейс. Сондай-ақ «TikTok Shop» секілді әлеуметтік сату арналары жылына 31 пайыз өсу қарқынын көрсетуде. Әлемдік электрондық сауданың ауқымы әсерлі. 2024 жылдың қорытындысы бойынша онлайн сатып алушылар саны 2,71 миллиард адамға жетіп, жаһандық нарық көлемі 6,3 триллион АҚШ долларын құрады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 8,76 пайызға артық. Қазақстанда жедел деректер бойынша бөлшек сауда құрылымындағы электрондық сауда көлемі 3,2 триллион теңгені немесе жалпы тауар айналымының 14,5 пайызын көрсетіп отыр. 2029 жылға қарай әлемдегі онлайн сатып алушылар саны 3,6 миллиард адамға жетеді деп күтілуде. Ал интернетке ену деңгейі 49,1 пайызға дейін өсіп, бір пайдаланушыға шаққандағы орташа табыс 1 728 АҚШ долларын құрайды деген болжам бар. Қытай нарығы болжам бойынша, ең ірі үлесті сақтап қалады. Ал бұл біз үшін осы бағыттағы жұмысты жалғастырудың маңыздылығын айқындайды. Осы факторларды ескере отырып, қазақстандық кәсіпорындарды электрондық платформаларға кеңінен шығаруды көздеп отырмыз. Бұл отандық кәсіпкерлер үшін де және ел экономикасына да бірқатар әлеуметтік-экономикалық нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, халықаралық «e-commerce» платформаларда ұсынылған қазақстандық компаниялар саны артады. Экспорт географиясын кеңейтуге жол ашылып, экспорттық түсім өседі. Сондай-ақ «Made in Kazakhstan» бренді мен қазақстандық өнімдердің танымалдылығын арттыру, Қазақстанның цифрлық саудадағы позициясын нығайту, кәсіпкерлер арасында экспорт мәдениетін дамыту, бизнес үшін 24/7 режимінде әлемнің кез келген елінде өнім сату мүмкіндігі, экспортты ілгерілетудің инновациялық құралы ретінде стриминг-сатылымдарды дамыту сияқты артықшылықтарға ие боламыз. Осылайша электрондық сауданы дамыту арқылы Қазақстан шетелге тауар жөнелтуде заманауи жаһандық нарықты игеруде әлеуетті мемлекеттің біріне айналады, – дейді Айтмұхамед Тұрарбекұлы.
ЭКСПОРТТЫ АРТТЫРУДЫҢ ЖАҢА ҚҰРАЛЫ
Қазақстан экономикасының жаһандық жүйеге белсенді кірігуі үшін шет елдермен сауда-экономикалық байланыстарды дамыту аса маңызды. Осы орайда сауда-экономикалық миссиялар қазақстандық өнім өндірушілердің экспорттық әлеуетін арттыруда және халықаралық нарықтарға жол ашуда таптырмас құралға айналуда.
Негізінде сауда-экономикалық миссиялар (СЭМ) аясында отандық кәсіпкерлер мен шетелдік серіктестер арасында тікелей іскерлік кездесулер ұйымдастыруға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізіледі. Нәтижесінде сыртқы нарыққа шығуға дайын кәсіпорындарды шетелдік нарықтың талаптарымен, әлеуетті сатып алушылармен және дистрибьюторлармен таныстыруға қол жеткізіледі. Осындай кешенді іс-шаралар дайын өнімді сыртқы нарыққа шығаруда маңызды рөл атқарады. Электронды хат алмасу мен онлайн жарнамаға қарағанда тараптардың бетпе-бет кездесіп, жүзбе-жүз тілдесуі екі ел арасындағы кәсіпкерлер үшін әріптестік байланысты нығайтады. СЭМ барысында кәсіпкерлер өз өнімінің сапасын дәлелдеп, тұтынушы сұранысына сай тауар ұсына алады. Сонымен қатар сыртқы нарықта нақты қандай тауарларға сұраныс барын анықтауға, жүйеге, сауда саясатындағы ұстанымға қажетті өзгерістер енгізуге мол мүмкіндік береді.
– Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына сәйкес Сауда және интеграция министрлігіне өңдеуші өнеркәсіп өнімдерінің экспорт көлемін 2026 жылға дейін 30,8 миллиард АҚШ долларына, ал 2029 жылға дейін 37,9 миллиард долларға дейін ұлғайту міндеті жүктелген. Осы мақсатқа жетудегі негізгі құралдардың бірі – сауда-экономикалық миссияларды өткізу. Әлемдік тұрақсыздық пен логистикалық тізбектердің күрделене түсу жағдайында қазақстандық және шетелдік компаниялар арасындағы тікелей диалог бұрынғыдан да маңызды бола түсуде. 2025 жылдың бірінші тоқсанында Иранның Тегеран қаласында, Венгрияның Будапешт, Қытайдың Сиань және Ауғанстанның Кабул қаласында 4 сауда миссиясы өткізілді. Нәтижесінде ондаған келісімшартқа қол қойылып, жүздеген іскерлік байланыс орнатылды. Жыл соңына дейін Қытай, Жапония, Италия және Таяу Шығыс елдеріне бағытталған сауда миссияларын өткізу жоспарлануда. Сауда-экономикалық миссияларды өткізуде нарықтарды таңдаудаудың негізгі критерийлер бар. Мысалы, сауда динамикасы арқылы нарықтың ағымдағы сауда ағындары мен үрдістері талданады. Сондай-ақ қазақстандық өнімдерге деген сұраныстың өсуі болжанады. Бұл ретте экспорт көлемі, сауданың тұрақтылығы ескеріледі. Экспорттық әлеует – шетел нарықтарының қазақстандық өнімге деген нақты сұранысы мен қызығушылығы. Бұл сұранысқа ие тауарларды және олардың осы елдерге жеткізілу мүмкіндігін қамтиды. Логистикалық қолжетімділік – тауарларды жеткізу тұрғысынан нарықтардың географиялық жақындығы мен қолжетімділігі. Тиімді логистикалық инфрақұрылым мен маршруттардың болуы уақыт пен шығынды оңтайландырудың негізгі факторы. Тарифтік саясат – шетелдік нарықтарда қазақстандық өнімнің құны мен бәсекеге қабілеттілігіне әсер етуі мүмкін кедендік және сауда кедергілерін бағалау. Еркін сауда келісімдерінің болуы да ескеріледі. Импорттық қажеттіліктер – шетелдік нарықтар қандай тауарларды импорттайтынын және қазақстандық өнімдердің осы нарықтарда қаншалықты бәсекеге қабілетті бола алатынын бағамдау. Ең көп сұранысқа ие өнімдердің санаттарына ерекше назар аударылады. Сыртқы инфрақұрылым – сауданы қолдайтын сыртқы инфрақұрылымның болуы және дамуы. Бұл порттар, көлік дәліздері, қоймалар және басқа да логистикалық мәселелер. Бүгінгі таңда проактивті болу аса маңызды. Сондықтан біз бизнес өкілдерін сауда миссияларына белсене қатысуға шақырудамыз, – дейді Айтмұхамед Алдажаров.
Сауда-экономикалық миссияларды өткізудің тиімділігін арттыру бойынша жаңа тәсілдер әзірленіп, олар қолданысқа біртіндеп енгізіліп жатса керек. Алдағы уақытта қандайда бір ұйымдастырылған іс-шара аяқталғаннан кейін қатысушы компаниялармен ашық диалог және пікір алмасу форматында кездесулер өткізу тәжірибесі енгізіліпті. Бұл болашақта сауда миссияларын ұйымдастыруды жетілдіру үшін қажетті кері байланыс (feedback) алуға мүмкіндік беретін көрінеді.
– Сауда-экономикалық миссиялар өткізілетін елдерде «QazTrade» серіктестік кеңселері ашылып, негізгі мемлекеттік органдармен және сауда палаталарымен ынтымақтастық құжаттары жасалуда. СЭМ шеңберінде келісімшарт жасаған компанияларға постконтрактілік қолдау көрсетіледі. Қазақстандық сауданы дамытудың тағы бір маңызды элементі – сыртқы инфрақұрылым. Бүгінде Қытай, Өзбекстан және Біріккен Араб Әмірліктерінде «QazTrade» өкілдіктері ашылып, қарқынды жұмыс істеуде. Бұл елдерде «QazTrade» өкілдері жергілікті жерде бизнеске қолдау көрсетіп, қазақстандық өнімдердің шоурумдары жұмыс істеп жатыр. Онлайн және офлайн форматта жаңа жеткізу тізбектері құрылуда. Қорыта айтқанда, жаһандық нарықтарға шығу жолында сауда-экономикалық миссиялар мен институционалдық қолдаулар отандық экспорттаушылар үшін нақты мүмкіндіктер көзі болып отыр. Осы ретте біз отандық тауар өндірушілерге сыртқы нарыққа жол ашатын серіктес болуға дайын екенімізді айтқым келеді, – дейді Айтмұхамед Тұрарбекұлы.
Біздің пайымымызша, отандық кәсіпкерлер үшін шетелге тауар шығарудың жолы қиындыққа толы емес. Бастысы өнім өндірушілер мақсатын, бағытын айқындап, алға қарай адымдай алса болғаны.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ