«Build With Ai for Public Sector 2025» бағдарламасы іске қосылды
- author AR-AY
- 4 маусым, 2025
- 33

Google.org компаниясының, Google қайырымдылық бөлімінің қолдауымен Apolitical платформасымен әзірленген бұл бастама мемлекеттік қызметшілердің әртүрлі санаттары үшін бірегей мүмкіндіктер ұсынады: жоғары буын басшыларынан бастап, мемлекеттік саясатты іске асыратын тәжірибелік мамандарға дейін. Бағдарлама қазақстандық мемлекеттік қызметшілердің ЖИ саласындағы негізгі құзыреттерін қалыптастыруға, сондай-ақ цифрлық трансформация бойынша халықаралық тәжірибені өңірлік қажеттіліктер мен ерекшеліктерге бейімдеуге бағытталған.
Бағдарлама аясындағы алғашқы офлайн-воркшоп Astana Hub базасында өтті. Іс-шараға цифрландыру мен деректерді басқару саласында жұмыс істейтін мемлекеттік органдардың 40 өкілі қатысты. Қатысушылар халықаралық сарапшылармен бірге мемлекеттік секторда ЖИ енгізудің үздік әлемдік тәжірибелерін талқылап, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Іс-шараның ресми ашылуына Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев және Google-дың Орталық және Шығыс Еуропа бойынша вице-президенті Патрик Ворнкинг қатысты.
«Біз мемлекеттік қызметшілер арасында цифрлық және ЖИ құзыреттерін дамытудың Қазақстанның цифрлық трансформация, технологиялық егемендік пен мемлекеттік қызмет сапасын арттыру салаларындағы стратегиялық басымдықтарын жүзеге асыруға берік негіз қалайды деп сенеміз. Қазақстанның Google.org жаһандық бастамасына қатысуы елімізге деген сенімнің жоғары деңгейін білдіреді және халықаралық ЖИ экожүйесіне интеграциялануға деген дайындығымызды көрсетеді. Біз алынған білім мен тәжірибенің мемлекеттік басқарудың өзекті мәселелерін шешуде нақты қолданылатынына және өңірдегі цифрлық экономиканы дамытуға серпін беретініне сенімдіміз», деді министр Жаслан Мәдиев.
«Қазақстанда «Build With AI for Public Sector» бағдарламасының іске қосылуы – мемлекет пен технологиялық сектор арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызды қадамы. Біздің мақсатымыз – мемлекеттік қызметшілерге азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту және жұмыс тиімділігін арттыру үшін ЖИ-ті тиімді пайдалану жолындағы қажетті құралдар мен дағдыларды беру. Бұл жолды цифрлық болашаққа белсенді түрде инвестиция салып, өңірде көшбасшылық танытып отырған елде, Қазақстанда бастайтынымызға қуаныштымыз», деп атап өтті Google компаниясының Орталық және Шығыс Еуропа бойынша вице-президенті Патрик Ворнкинг.
«Build With AI for Public Sector 2025» бағдарламасы Apolitical платформасы Google.org қолдауымен әзірлеген AI Sprinters және Government AI Campus тұжырымдамаларына негізделген. Government AI Campus – мемлекеттік қызметшілерге арналған ЖИ технологияларын реттеу және қолдану мәселелері бойынша білім мен оқытудың беделді халықаралық орталығы. Бүгінгі күнге дейін әлемнің 160 елінен 250 000-нан астам мемлекеттік қызметші осы бастама аясында білім алды. Енді бұл бағдарлама алғаш рет Орталық Азия өңірінде жүзеге асырылмақ.
Бағдарлама бірнеше деңгейден тұратын форматта жүзеге асырылады және стратегиялық, қолданбалы аспектілерді де қамтиды. Оқыту қатысушылардың құзыреттері мен кәсіби міндеттеріне байланысты үш деңгейге бөлінеді: жоғары басшылық үшін, министрліктер мен ведомстволардың басқарушылық буыны үшін және лауазымына қарамастан ЖИ оқуға қызығушылық танытқан барлық мемлекеттік қызметшілер үшін.
Оқытуды сәтті аяқтаған қатысушыларға бағдарлама бойынша сертификат табысталады. 2025 жылдың соңына дейін бағдарламаның алғашқы кезеңінің қорытындылары және ЖИ шешімдерін енгізудің ең табысты кейстері ұсынылатын болады.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш
өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі