
Қаз-қатар тізілген студенттер мен жастар Мемлекеттік Әнұранды бір дауыста шырқап, жиылған көпшіліктің патриоттық рухын көтерді.
«AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ерғали Әбуғалидың айтуынша, мұндай іс-шаралардың көптеп өткізілуі жастардың бойында ұлтжандылық сезімін оятып, мемлекеттік құндылықтарға құрметін арттырады.
– Мемлекеттік рәміздер күніне орай 100 жастың қатысуымен Мемлекеттік Әнұранды орындап шықтық. Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «MART» ойын-сауық орталығына 6х12 өлшемдегі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы орналастырылды. Іс шараны өткізудегі мақсатымыз – жастар мен қала тұрғындарының бойындағы ұлттық рухты көтеру, патриоттық сезімін ояту, Мемлекеттік рәміздеріміздің құндылығы жоғары екенін насихаттау. Жастар осы тудың астына жиналып, Әнұранды бір дауыста орындап шықты, – дейді Ерғали Әбуғали.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ