
Жиында алдымен облыс әкімдігі энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркін Алтышев баяндама жасады. Оның айтуынша, облыста жылыту маусымы 14 сәуірде аяқталып, бас-аяғы 181 тәулікті құраған.
– Отын-энергетика кешендерімен жалпы 1,1 миллион гкал жылу энергиясы өндірілді. Барлық 9 жылу энергетика кешені мен 593 автономды қазандық штаттық режимде жұмыс істеп, әлеуметтік маңызы бар 1 737 нысан мен 1 646 көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтамасыз етілді. Отын-энергетика кешендері қажетті отынның негізгі және резервтік қорымен қамтылды. Автономды қазандықтар 61,3 мың тонна және тұрғындар 144,8 мың тонна көмірмен толық қамтылды. Қыс маусымында көмір тапшылығы орын алған жоқ. Жылу көздері мен инженерлік инфрақұрылым желілерінде бірінші дәрежедегі 1 және екінші дәрежедегі 159 технологиялық бұзушылық орын алды. Сондай-ақ өткен жылдың 9 желтоқсанында Қордай ауданының Сортөбе ауылындағы М.Мәметова мектебінің жылу құбырынан судың ағуы анықталды. Нәтижесінде 2 метр құбыр ауыстырылып, ертесі күні жылу қайта берілді, – Еркін Оразұлы.
Аталған басқарма тарапынан Тараз қаласының жылу желілері гидравликалық сынақтан өткізіліп, ақаулар қалпына келтірілген. Тараз қаласы аумағында жалпы жазғы кезеңде ыстық су алатын 1 025 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның 902-сіне «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамы, 19-ына «Таразтрансэнерго» және 104-іне «Жамбыл Жылу» мекемесі арқылы ыстық су беріледі екен. Жылыту маусымында жоспарға сәйкес 1 025 көппәтерлі тұрғын үйдің 921-іне ыстық су барып тұр. Сонымен қатар 105 көппәтерлі тұрғын үйдің халқы ыстық суға жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін қол жеткізеді.
Еркін Оразұлының айтуынша, бүгінгі таңда алдағы жылыту маусымына дайындық іс-шаралар жоспары бекітіліп, кестеге сәйкес жұмыстар атқарылуда. 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымының дайындық іс-шараларына 18,8 миллиард теңге бөлінген.
Биыл кәсіпорындардың инвестициялық бағдарламалары бойынша облыста жалпы 288,1 миллион теңгеге 6,5 шақырым жылу желілерін жөндеу жоспарланған. Атап айтсақ, Тараз қаласында 196,6 миллион теңгеге 2 шақырым, Шу қаласында 57,2 миллион теңгеге 2 шақырым жылу желісі күрделі жөндеуден, Қаратау қаласында 34,3 миллион теңгеге 2,5 шақырым жылу желісі ағымдағы жөндеуден өткізілуде. Нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша жылу желілерінің тозу деңгейін 53 пайызға төмендету жоспарланып отыр екен.
Баяндамашының сөзінен кейін жылу көздері мен инженерлік инфрақұрылым желілерінде орын алған технологиялық бұзушылықтарға ерекше назар аударған аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев жауаптылардан апаттардың себебі мен салдарын сұрады. Сондай-ақ технологиялық бұзушылықтарға мейлінше жол бермеу, төтенше жағдайлар салдарынан орын алатын келеңсіз оқиғаларға дайын тұру керектігін айта келіп, орынбасары Қанатбек Мәдібекке аталған мәселені қатаң бақылауда ұстауды міндеттеді.
Өткен жылыту маусымындағы орын алған технологиялық бұзушылықтар жөнінде түсіндірме беріп өткен «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамының директоры Жұмабек Бөлекбаевтың сөзіне сүйенсек, бірінші дәрежедегі 1 жағдайға трансформатордың істен шығуы себеп болған. Қазіргі сәтте Шымкент қаласынан мамандар шақырып, қайта қосу амалдары қарастырылып жатыр екен. Ал екінші дәрежелі жағдайлар табиғаттың тосын мінезінен орын алған көрінеді. Сондай-ақ «Жамбыл Жылу», Т.И.Батуров атындағы «Жамбыл ГРЭС» мекемелерінің өкілдері де атқарылған жұмыстар, орын алған келеңсіздіктер туралы есеп берді.
Жиында аймақ басшысы бірқатар басқарма басшыларын тыңдап, әлеуметтік нысандардың алдағы жылыту маусымына дайындығын пысықтады. Ербол Шырақпайұлы Сарысу ауданы, Саудакент ауылдық ауруханасының қазандығы мен жылу желілері жарамсыз жағдайда екеніне назар аударып, мәселені шешу үшін қандай шаралар қабылданғанын облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектен сұрады. Басқарма басшысының айтуынша, аталған қазандық 1987 жылдан бері жөндеу көрмеген. Басқарма тарапынан 2023 жылы техникалық қорытынды жасалып, жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Осы жылдың сәуір айында мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған екен. Қазіргі сәтте жобаның құны 150 миллион теңгені құрап отырғанын жеткізген басқарма басшысы қаражат бойынша мәселе алдағы бюджеттік нақтылауға ұсынылатынын айтты.
Кеңесте өңір басшысы аудан және қала әкімдеріне де бірқатар сұрақ қойды. Мәселен, осы жылдың 19 наурызында М-3 жылу магистралін жаңарту үшін келісімшарт жасалғанымен, құрылыс-монтаждау жұмыстары не себепті әлі күнге басталмағанының себебін білгісі келді. Бұл жөнінде Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков жауап берді.
– Жылу магистралін жаңарту жұмыстарын бастау 10 маусымға жоспарланған. Себебі жобаны қаржыландыру республикалық бюджеттен қарастырылғандықтан, тиісті қаражат енді ғана бөлінді. Бір айта кетерлігі, аталған М-3 жылу магистралі Төле би көшесінен басталып Әйтеке би көшесіне дейін созылады. Ал қазіргі сәтте құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан М-1 жылу магистралі Төле би көшесі, Жамбыл даңғылынан, Қаратай Тұрысысов көшесіне дейінгі аралықты алып жатыр. Сондықтан жол кептелісін тудырмау үшін алдымен М-1 жылу магистралі құбырларын ауыстыру жұмыстарын 12 маусымға дейін аяқтап, М-3 жылу магистраліне кірісеміз, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Сондай-ақ Е.Қарашөкеев Талас ауданының Қаратау қаласындағы қазандықты жаңғырту жобасына түзету енгізу жұмыстарының әлі күнге аяқталмауын сынға алды. Аудан әкімі Нұрбол Жүнісбековтің сөзіне сүйенсек, аталған жобаға 741 миллион теңге бөлінген. Жұмыстардың 90 пайызы аяқталып, өткен жылыту маусымы еш кедергісіз ойдағыдай өткен. Дейтұрғанмен қазандықты заманға сай технологиялармен жабдықтау үшін жобаға түзету енгізу қажеттігі туындаған. Атап айтқанда, автормен келісіп автоматтандырылған жүйе орнату, қазандықтың құбырларын ауыстыру, қатты жел салдарынан жарық өшіп қалмас үшін қазандықтық қуаты мен дизгенератиордың қуаттылығын қамтамасыз ететін екі сорғы орнату жұмыстары ғана қалып тұрған көрінеді.
Аппараттық кеңес соңында облыс әкімі жиында көтерілген мәселелердің қатаң бақылауға алынуын тапсырды.
– Ыстық суға әлі де қол жеткізе алмай отырған тұрғындардың мәселесін шешу жұмыстарын уақытылы аяқтаңыздар. Әсіресе «Қант зауыты» алқабындағы «Онкология» жылу желісі құрылысын жіті қадағалауға алыңыздар. Өткен жылы Қордай ауданы, Сортөбе ауылындағы М.Мәметова мектебінде болған техникалық бұзушылық секілді жағдайларға жол бермеуге тырысыңыздар. М-3 жылу магистралі құбырларын ауыстыру жобасы сапалы орындалсын. Бізің мұндай жұмыстарда тәжірибеміз бар, өткен жылы М-1 жылу магистралі құбырларын жөндеуден өткізбен болатынбыз. Бастысы құрылыс жұмыстары тұрғындарға жайсыздық тудырмауы тиіс. Сол себепті жолдың жабылуы, ыстық судың уақытша өшуі секілді кедергілерді ескертіп, хабарландырып отырыңыздар, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Жиында сондай-ақ облыс әкімінің Мойынқұм ауданы халқымен кездесуде және жеке қабылдауда берген тапсырмаларының орындалу барысы қаралды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ