
Облыстық бокс федерациясының президенті Серік Жақсылықұлы мен вице-президент Әділхан Қайратұлы үздік боксшылар мен бапкерлерге қаржылай сертификаттар табыстап, алдағы уақытта да спортшыларға тұрақты тұрде қолдау көрсетілетінін жеткізді.
– Құрметті спортшылар! Қадірлі жаттықтырушылар мен әріптестер! Біз бүгін еліміздің, облысымыздың атын әлемдік ареналарда танытып жүрген жастарымызбен жүздесіп отырмыз. Спорт – бұл тәрбие, ерік-жігер, ел мен жерге қызмет етудің биік формасы. Соңғы бірнеше ай Жамбыл облысы үшін бокстан жарқын жеңістер кезеңі болды, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Серік Сәлемов атап өткендей, 19-30 сәуір аралығында Иордания астанасы Амманда өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында еліміздің намысын қорғаған 6 жамбылдық спортшы керемет нәтиже көрсетті. 64 келіде Мейіржан Шәді қола жүлдеге ие болса, 80 келіде Мұхамедәлі Рүстембек Азия чемпионы атанды. Бұрымды боксшылар арасында Дильяра Тұрсынбек чемпион атанып, Айдана Әбдікерім мен Эльнура Қоңырат қола жүлдемен оралды.
Ал Шри-Ланка астанасы Коломбода өткен жастар мен U22 санатындағы Азия чемпионатында да өңір намысын қорғаған үш спортшы – Виктория Байдукова, Жібек Жарасқызы және Досымжан Таңатар алтын медаль жеңіп алып, ел абыройын асқақтатты.
Сондай-ақ, 21-26 сәуір күндері Қызылордада өткен Қазақстан Республикасының VI жастар спорт ойындарында жамбылдық боксшылар жоғары нәтижеге қол жеткізді. Ерлер құрамасы 1 алтын, 4 күміс, 4 қола медальмен төртінші орынға тұрақтаса, қыздар құрамасы 1 алтын, 1 күміс, 5 қола жүлдемен ел бойынша екінші орынды иеленді.
– Ержан Рамазан, Айғаным Қадырхан, Темірхан Жолмахан, Оразалы Кобей, Әшірбай Бибарыс, Сауытбек Айдамир – бұл тек жүлде алған спортшылар ғана емес, болашақта ұлттық құраманың көшін бастайтын үміткерлер, – деді Серік Жақсылықұлы.
Сондай-ақ Германияның Нюрнберг қаласында өткен халықаралық турнирде Жүніс Мейіржан алтын медаль жеңіп алып, елімізге қуаныш сыйлады.
Кездесу барысында Азия чемпионаттары мен жастар ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері және олардың жеке бапкерлері арнайы марапаттарға ие болды. Сонымен қатар, жиында жуырда тағайындалған облыстық бокс федерациясының вице-президенті Қайрат Әмірхановқа ресми куәлік табыс етілді.
Кездесуде сөз алған бокстан Жамбыл облысының жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Ғани Жайлауов алғысын жеткізді.
– Құрметті Серік Жақсылықұлы, құрметті бапкерлер! Бүгінгі жиын – біз үшін үлкен мәртебе. Спортшыларға деген құрметтеріңіз – біз үшін мотивация. Жамбыл боксының мерейі әлі де биіктей түседі деп сенемін. Барлық спортшылар мен жаттықтырушыларды жеңістерімен құттықтаймын, – деді.
Өз кезегінде Азия чемпионы Виктория Байдукова мен Досымжан Таңатар ризашылықтарын білдіріп, алдағы жарыстарда да ел сенімін ақтауға бар күштерін салатындарын айтты.
Жиын соңында қатысушылар естелік суретке түсті.