
2025 жылғы 1 сәуірден бастап елімізде 1-сыныпқа құжат қабылдау басталды. Бүгінгі күнге дейін мектептерге 216 121 бала тіркелді, олардың 70%-ы мемлекеттік тілде білім алуды таңдаған.
Балаларды мектепке қабылдау тәртібі 2018 жылғы №564 бұйрықпен бекітілген Үлгілік қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады. Жаңа заң бойынша гимназиялар мен лицейлерге қабылдауда емтихан өткізуге тыйым салынған. Барлық балалар дайындық деңгейіне қарамастан тең құқыққа ие.
Құжат қабылдау екі тәсілмен жүргізіледі:
- egov.kz порталы арқылы
- Қағаз түрінде
Өтініш бір жұмыс күні ішінде қаралады. Қажетті құжаттар:
- Ата-ананың өтініші
- Баланың 3х4 см фотосуреті
- Медициналық анықтамалар (№052-2/у және №065/у)
Мектеп автоматты түрде тұрғылықты мекенжай бойынша таңдалады. Құжаттар 3:1 қағидаты бойынша қабылданады: мектеп аумағынан 3 өтініш, басқа аумақтан 1 өтініш.
Айта кетейік, 1-сыныпқа қабылдау 2025 жылғы 31 тамызда аяқталады. Ал қабылдау туралы мектеп бұйрығы 25 тамыздан кейін шығады.