
Қазақстанда Денсаулық сақтау министрлігі, Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Қазақстандағы елдік офисінің қолдауымен ана мен балаға медициналық көмекті жақсартуға және ана сүтімен қоректендіруді қолдауға бағытталған жаңа ұлттық бағдарлама басталды.
Бағдарлама аясында медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, жүктілік және балалық шақ кезеңдерінде көрсетілетін көмекті жетілдіру, сондай-ақ емізуді қолдаудың халықаралық стандарттарын енгізу көзделіп отыр.
– Ана сүтімен қоректендіру – нәрестені тамақтандырудың табиғи тәсілі ғана емес, оның денсаулығы мен толыққанды дамуының негізі. Ол инфекциялық аурулардың қаупін азайтып, иммунитетті күшейтеді және ана мен бала арасындағы байланысты нығайтады. Осы бағытты қолдау – тек медицина деңгейінде ғана емес, бүкіл денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыты, – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Бағдарлама шеңберінде еліміздің әр аймағынан 400 медицина қызметкері – дәрігерлер, акушерлер мен мейіргерлер арнайы оқудан өтеді. Оқу Астана медицина университетінің неонатология кафедрасының базасында ұйымдастырылады.
«Ана мен бала денсаулығын жақсарту — бұл адам құқықтарына негізделген және денсаулық сақтау қызметтерімен жалпы қамтуды алға жылжытуға тығыз байланысты ДДҰ-ның басты басымдықтарының бірі. ДДҰ әйелдердің құндылықтары мен таңдаулары көмек көрсету үдерісінің негізінде тұратын денсаулық сақтау жүйесін жоспарлауды қолдайды. Әйелдердің, отбасылардың, қоғамдастықтар мен медицина қызметкерлерінің шынайы қатысуы мен құқықтарын кеңейту — медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған бастамалардың табысты болуының маңызды шарты», — деді ДДҰ-ның Қазақстандағы елдік офисінің басшысы Скендер Сыла.
Сонымен қатар, еліміздегі 50 медициналық мекеме «Балаға мейірімді аурухана» халықаралық мәртебесіне сәйкестігі тұрғысынан тексеруден өтеді.