
Судың дұрыс әрі тиімді бөлінуінің нәтижесінде Талас өзеніндегі «Ойық» гидроторабы арқылы экологиялық мақсатта су жіберіліп, Жамбыл облысындағы Қаракөл және Сұлукөл көлдері толтырылды. Сонымен қатар Сарысу және Талас аудандарындағы табиғи жайылымдарға да су барды.
Бұл жұмыс суару маусымы басталмай тұрып, жергілікті экожүйені қалпына келтіру мақсатында жүзеге асырылды. Бастапқыда «Ойық» гидроторабы арқылы 120 млн текше метр су жіберу жоспарланған еді. Алайда сәуір айының ортасына қарай бұл көлем 315 млн текше метрге жетті.
30 мамырда Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасымен өңірдегі «Қазсушар» филиалының мамандары арнайы тексеріс жүргізіп, жіберілген судың Сарысу және Талас аудандарына толық жеткеніне көз жеткізді.
Жергілікті тұрғындар ұзақ жылдан кейінгі бұл оң өзгеріске ризашылықтарын білдіруде.
– Биыл алдыңғы жылдарға қарағанда су ерте әрі мол келді. Су негізгі арнамен өтіп, жайылымдық жерлерге жетті. «Қазсушарға» ризамыз, жұмысының нәтижесінде мал жайылымы жақсарды. Осындай көлемде су жыл сайын келіп тұрса екен, – дейді Шағалалы ауылының тұрғыны Оңлыәшім Дүйсенбеков.
– Су наурыздың басында келіп, мамырдың соңына дейін тоқтаусыз жетті. Қазір егістікте шөп жақсы өсіп жатыр, мал жайып жұмыс істеп жатырмыз. «Қазсушар» мамандарына алғысымыз зор, – дейді Игілік ауылының тұрғыны Аралбай Жанбеков.