
2025 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысуға 216 мың талапкерден 399 мыңға жуық өтініш қабылданды. Тестілеуге қатысушылардың 72%-ы қазақ тілінде, 28%-ы орыс тілінде, ал 114 адам ағылшын тілінде тапсырды.
Екінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 66,8%-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл – 64. Ең жоғары нәтиже – 140 балл – Түркістан облысынан Әбілхан Жәнібекке тиесілі, ол бұл көрсеткішке бірінші аптада қол жеткізді.
Қазіргі таңда тест тапсырушылардың басым бөлігі «Математика-Физика» (19%), «Шығармашылық емтихан» (15%) және «Биология-Химия» (14%) пәндер комбинациясын таңдаған.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін жасалған қолайлы жағдайлардың арқасында биылғы ҰБТ-ға 384 талапкер қатысты.
Тест тапсырмаларының мазмұны бойынша апелляцияға тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде өтініш беруге болады. Ал техникалық себептер туындаған жағдайда апелляция тікелей тестілеу барысында қабылданады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляция қаралған соң жеке кабинетте қолжетімді болады.
ҰБТ-ның бірінші аптасында 142 ереже бұзушылық фактісі тіркелді. Оның ішінде 68 талапкер тыйым салынған заттарды (смартфон, шпаргалка және т.б.) алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілсе, тағы 74-і тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылды. Өзге адамдардың орнына кіріп тест тапсыру деректері тіркелген жоқ.
Тестілеу аяқталғаннан кейін бейнежазбаларға талдау жүргізіліп, 2025 жылғы 31 қазанға дейін тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ереже бұзу фактілері анықталған жағдайда, талапкердің нәтижелері жойылады.