Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ол жылдар ойдан кетпейді

Ол жылдар ойдан кетпейді
Автор
Біз – кешегі патша заманы мен кеңестік кезеңнің қиындығын бастан кешкен кісілердің көзін көріп, олардың айтқан әңгімелерін тыңдап, зарлы әуендерін естіп өскен ұрпақпыз. Сәби шағымызда бірде аш, бірде тоқ жүріп, арпа көже мен табылған нанды қорек етіп, ерте жастан еңбекке араластық. Оқу мен білімге құштар болдық.

Біздің әке-шешелеріміз сонау 1928 жылдың 3-қыркүйегінде Сарыарқадағы Сарысу өзенінің бойында, қазіргі Жеңіс жерінде құрылған Сарысу ауданының алғашқы тұрғындары болған. Малдарын еріксіз түрде орталыққа алған соң, көшпенді ел түліксіз күн көре алмай, аштыққа ұшырайды. Кеңестік жаңа үкіметтің айдауымен, тірі қалғандар жаяулап қарт Қаратауға қарай шұбырып, қазіргі Тәкіталыға жеткен. Сол жерде Қостөбе атауымен құрылған Еңбек ұжымшарының басшысы – менің әкем Досжан Кенжебаев болған. Әкем оны өлеңмен:

 Болып зұлмат заман-ай,

 Шұбырып Арқа адамы-ай,

 Ішерге ас жоқ жүре алмай,

Таусылып тұр амалы-ай.

Аштық аяз обадан,

Қырылды елде қанша адам.

Бетпақта жетіп ажалы-ай,

Ит пен құсқа жем болып,

Сүйегі қалды-ау далада-ай.

Қаратауға жеткенше не көрмедік?

Бақа-шаян, шөп-шалам не жемедік,

Қазы-қарта, қымыран ұмыт болып,

Шықпаған соң шыбын жан тек өлмедік, – деп әсерлі етіп келтірген.

Еңбек ұжымшарында құрылған Қызыл отауды Бауыржан Момышұлынан дәріс алып, сауатын ашқан Оразбай Досжанов (Ақтанау) басқарған. Ол кездегі Қызыл отау ауылдың мәдени орталығы болатын. Бұл орын кітапхана мен клуб қызметін атқарып қана қоймай, ел ішіндегі даулы мәселелерді шешуге де атсалысты. Сонымен қатар халыққа үгіт-насихат жүргізіп, зорлық-зомбылық көргендерге араша түсіп, бостандық алуға көмектескен. Қызыл отау өнерлі жандардың басын қосып, ауыл тұрғындарына арналған концерттік бағдарламаларды жиі ұйымдастырған. Әсіресе, сауатсыздықты жою бағытындағы еңбегі ерекше болды. Бұл жұмыс арқылы ол ауыл тұрғындарының көкірек көзін ашып, болашаққа жол сілтеген.

«Батыр түскен үй немесе Бауыржан Момышұлы қалай молда бала атанды?» деген мақаланы Иген Нұрмаханов ағам беріп, содан оқып білдім. 1929 жылы Бауыржан Момышұлы мектеп ашу ниетімен Арқа өңірінде болған. Бірақ істің сәті бола қоймапты. Шу бойындағы Қорқылдақ деген көлдің маңындағы елдің старшыны Жақып Борбасов 18 жастағы жас жігіт Бауыржанды ауылына алып келеді. Киіз үйді мектеп етіп, ауыл балалары Тәкі Борбасов, Рахым Жақыпов, Оразбай Досжанов (Ақтанау), Мәмбет Жакиев, Әбен Есмаханов, Мысықбай Жамықаевтар Баукеңнен дәріс алып оқып, жаза алатын дәрежеге жетеді. Қыс айы, ауыл бытыраңқы отыруына байланысты Баукеңнің  өтініші бойынша Жақыптың інісі Тәкі Баукеңді аудан орталығы бұрынғы Түгіскен, қазіргі Жеңіске атпен апарып салған екен. Ауыл әйелдері Баукеңді ерекше құрметтеп молда бала деп атапты.

Бұл 1929 жылы болса, 1942 жылы Рахым Жақыпов, Тәкі Борбасов полк командирінің орынбасары, полкті толықтыру жөніндегі комиссия төрағасы Бауыржанға кездеседі. Баукең оларды бірден танып қамқорлығына алады. Рахымды денсаулығына байланысты елге қайтарыпты. Тәкі Борбасов әкем Досжанмен амандасқанда «Бұл Бауыржан Момышұлымен бір полкта болған, жауды жеңген батыр балаң» деп қолын шекесіне қойып сәлемдескен екен.

Оразбай Досжанов ағам 1929 жылы Бауыржан Момышұлынан дәріс алса, 2019 жылы 27-тамызда інісі Ағыбай Досжановтың шөбересі Естай Амангелдиев Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы әскери оқу орнына түсіп жауынгерлік білімге қанығып, диплом алып шыққанын мақтан етемін. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы болса керек.

Шұбырып келе жатқан аш елдің алдынан шығып ас-ауқат, киім-кешек таратқан Ұзақбай Құлымбетов, Ораз Жандосов, Жанайдар Сәдуақасов, Ақмедия Сармолдаевтың тапсырмасын мүлтіксіз орындап жұртқа  тиісті затын әділ таратқан әкем Досжан, ағам Оразбай 1937 жылы сол кісілер «халық жауы» деген жаламен атылғанда «солардың құйыршығы» деп екеуі де жұмыстан қуылады. Орталықтан келген комиссияның әділ шешімімен сотталмай аман қалған Оразбай Досжанов өз жұмысын атқарса, әкем ұсталық, етікшілік іспен шұғылданды. Аш-арықтың киімін жамап, ыдыс-аяқтарын құрсаулап, Қызыл отауға үстел, қобыз, әбдіре, домбыра жасап беріп жүрді. Өзінің қол көрігімен соқа, кетпен, күрек саймандарын дайындайды. Аудан мен облыста ақындар айтысы өтсе әкем Досжан Кенжебаев  қатысып тұратын. Бір кездері бірінші орын алып Мәскеуге баратындар тізімінде болған, сәті түспеген. «Бұл әлгі «халық жауы» дегеннің салқыны ғой» дейтін әкем Досжан.

Ел болып бірігіп, ес жия бастағанда 1941 жылы 8 маусымда соғыс оты тұтанады. Ер азаматтар жаппай  майданға аттанады.  Жан алысып, жан беріскен шайқастарда қаза тауып, жат жерде қалғандардың арасында Жылқыбай Өтебеков, Шуақ Оралов, Оразбай Досжанов, Игенбай Байтұров, Сағындық Сәтенов, Мырқы Кариев, Омар Байбосынов, Жуас Момынов, Өркен Әлиев, Ашықбек Шамаев секілді ерлердің есімдерін ерекше атап өткен жөн.

От пен оқтан жаралы болып елге келгендердің қатарында Арыстан Бегеев, Тұрсынбек Есенбеков, Ағыбай Досжанов, Байғара Әлиев, Төлмағанбет Көпешев, Жақсылық Шамаев, Ақпан Игенбаев, Абуғали Өтебеков, Қонтай Жүнісбектер бар.

Жарамды деген ер-азаматтардың бәрі соғысқа аттанғанда ауылдағы барлық ауыр еңбекті қарттар, жас балалар, әйелдер атқарды. Ұжымшарды сол жылдары Шәйкен Орынғазиева басқарып, оның орынбасары ретінде менің әкем Досжан Кенжебаев қызмет атқарды. Қиын-қыстау кезеңде халық тізе қосып, ел үшін жан аямай еңбек етті. Ер азаматтар Жамбыл мен Таласты жалғаған тас жолды салып, Ынталы ауылындағы өгізге жегілетін су қоймасын тұрғызды. Олардың қатарында Досымбек, Мыңжан, Ибаділда, Жұмаділда, Көккөз, Несіпбай, Қали, Байбол, Оңғар сынды азаматтар бар еді.

Ал әйел-аналар Жетен, Бибайша, Айзада, Хадиша, Зейнеп, Жадыралар қысы-жазы өгіз соқамен жер жыртып, егін екті. Қол орақпен егін орып, қырманға астық үйді. Көлбай мен Балсары секілді азаматтар бидайды бастырып, қамбаға жинады.

Сол кезде біз, ауыл балалары Қиянтай, Диханбай, Ақбалық, Жамал, Мамыр, Сәкен, Орал, Ақбөкен, Ортай, Қанткүл, Асан, Тоқтарбай, Болысбек, Жағдай, Жолдасбек, Орынбасар тары күзетіп, масақ теріп, қозы бақтық. Бұл жандар ел үшін, жер үшін жанын қиған майдангерлердей еңбек еткен, тарихта мәңгі орын алатын қайсар жандар. Олардың ерлігі – ұрпаққа үлгі, елге мұра.

1939 жылы ауылдық кеңесте жұмыс істей бастаған сәтімде, алты ай бойы есеп-қисапты үйреткен жан досым Тұрсынбек Есенбековтің жақсылығы әлі есте. Өкінішке қарай, ол соғыста бір аяғынан айырылып, бірақ аман-есен елге оралды. Т.Есенбеков майдандағы ағамыз Оразбайды жиі еске алатын. Екеуі 9 мамыр – Жеңіс күнін жыл сайын біздің үйде қарсы алатын. Апам оларға туған ұлындай қызмет көрсетіп, ерекше құрметпен қарайтын.

1941 жылы 27 жасында ағам Оразбай соғысқа аттанып, қанды қырғынды бастан-аяқ көріп, Берлинге дейін барып,  1945 жылы 18 сәуірде  ерлікпен қаза тапқан екен. Бауыр еті баласының шейіт болғанын әкем мен шешем үйге келген «қара қағаздан» білген. Ағам Оразбай 2014 жылы 24 мамырда 100 жасқа келер еді. Сол жылы еске алып, үлкен ас бердік. Үш күннен кейін, 27 мамырда, інім Аманкелді Ағыбаев өзінің жұмыс істейтін ауруханасының дәрігері Әбілхайыр Жартыбаевпен бірге әңгіме барысында: «Атамызға ас бердік, бірақ соғыста қай жерде қаза тапқаны белгісіз»,-деп айтады. Сонда Әбілхайыр интернетті қарап отырып, атамыздың қай жерде жерленгенін бірден табады. Онда мынадай мәліметтер жазылған:

«Оразбай Дусжанов, 1914 жылы туған, Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Имбек колхозы. Қайтыс болған күні 18.08.1941 ж, Сарысу аудандық әскери комиссариатынан шақырылған, қызыл армия сарбазы, қаза тапқан. ВКП (б) кандидаты. Соңғы жерлеу орны: Германия, Бранденбург, Зелестен, Оңтүстік-Шығыс шеткері зираты».

Сөйтіп 2015 жылдың сәуірі мен мамыр айының аралығында немересі Сейілбек Алтаев және інісі Ағыбайдың немересі Қайырбек Ағыбаев үшеуміз Германияның Зелестен қаласына бардық. Алматыдан Берлинге дейін 11 сағат ұшып, Берлиннен Қазақстан елшілігінің қызметкері Жәнібек Ақбердиев бізді көлігімен күтіп алып, «Берденхаузер» қонақ үйіне орналастырды. Тимур Омаров пен Олжас бізді жақсы күтті. Ертеңіне Жәнібек өз көлігімен бізді Зелестен қаласына апарды. Зелестен Берлиннен 150 шақырым жерде орналасқан.

Ол қаланың басшысы Дарико Дрюстің кабинетінде болдық. Қазақстаннан апарған сәлем-сауқатымызды, кәде-сыйларымызды беріп, шапан жаптым, ол рақметін айтып қабылдады. Одан кейін Жәнібек бізді ағамның жатқан жері, бауырластар зиратына апарды. Бір мезгілде қайтыс болған 98 адамның тізімінде жалғыз қазақ ретінде менің ағам Оразбай Досжанов жерленген. Оның басына биік, 2-3 метрлік тас орнатылып, оған «Вечная честь героям Красной армии» деп жазылған екен. Бұл соғыс жылдары алған батыр атағы деп білемін.

Кеңес жауынгерлерімен неміс әскерлерінің бейіттері қатар жатыр. Олардың арасын жасыл тал ағаштары бөліп тұр. Жалпы зират күтімде, көк шөп, шаң-топырақ жоқ, шығысында ну орман, батысында үлкен Шпрее өзені бар. Біз ол жерге елден топырақ апарып салып, басына Құран оқып, ас бердік.

Екінші дүниежүзілік соғыста қантөгіс пен қиыншылықтарды бастан өткеріп, Еуропаның жартысын шарлаған, фашизмнің езгісінен құтқару жолында қару асынған батырлардың өмірі ұрпаққа өнеге. Ағамның артында қалған ұлы Алтай ер жетіп, әкесінің ерлік ісін жалғап, 1963 жылы Кеңес армиясының қатарына алынды. 1965 жылы Ұлы Жеңістің 20 жылдық мерекелік медалімен марапатталды. Жоғары оқу орнын бітіріп, Рыскүл Арыноваға үйленіп, Сейілбек пен Салтанат атты ұл-қызды болды. Өкінішке орай, ол 29 жасында өмірден өтті. Ал Сейілбек Отан алдындағы борышын өтеген.

Екінші ағам Ағыбай Досжанов 1925 жылы туған, биыл 100 жасқа келер еді. Қайтыс болғанына 51 жыл болды. 1942 жылы 8 сыныпты бітіріп, соғысқа аттанып, Ұлы Отан соғысында 125 атқыштар полкінде Отанын жаудан қорғап, 1948 жылы елге оралды. Семейде жоғары оқу орнын бітіріп, аудандық дайындау мекемесінде, МПК-да, су бөлімінде басшылық қызметтер атқарды. Тыл еңбеккері Рымкул Байкеновағе үйленіп, 9 бала өсірді. 49 жасында аз күн ауырып өмірден өтті. Ол да Ұлы Жеңістің медалімен марапатталған.

Ұлы Мейрамкелді де оқу оқып, жұмыс істеп, Жібек Әбдешқызына үйленіп, олардан 5 ұл-қыз көріп, екеуі де ерте өмірден өтті. Қайырбек Ағыбаев та Отан алдындағы борышын өтеген. Жоғары оқу орнын бітіріп, қызмет істейді. Ол Сая есімді әйелге үйленіп, екі ұлы Естай мен Олжас дүниеге келді. Екеуі де студент.

Әкем Досжан Кенжебаев Ұлы Жеңістің мерекелік медалімен марапатталған. Ұрпақтары өсіп-өнуде.

Бауырларымның, әке-шешемнің әруақтары риза болған шығар деп ойлаймын. Бастаған ісімді соңына дейін жеткізіп, оны абыроймен аяқтау – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл – халқымның қолдауының, басшылардың демеуінің арқасы деп білемін. Германияға барып, ағамның зиратын тауып, бір уыс топырағын елге жеткізу – менің өмірімдегі ең қасиетті істердің бірі болды. Осы игі істі атқаруыма тікелей атсалысып, жанашырлықпен көмектескен азаматтарға алғысым шексіз.

 

 

Алтын ДОСЖАНОВА,

Сарысу ауданының құрметті азаматы,

тыл еңбеккері,зейнеткер

 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар