Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Халық жауының» қызы

«Халық жауының» қызы
Автор
(Сонау 1938 жылы бір әулеттен ағайынды Ораз, Оразтай, Оразәлі және Мүсірәлі деген төрт «халық жауын» тауып, соның бірі жазықсыз атылған Оразәлі Жандосовтың қызы, тоқсанның бел ортасынан асқан Раиса апаймен әңгіме)

-Раиса апай, әңгімені Қиқым атамыздан бастасақ. Өйткені, әулетінің атын алты алашқа танытқан Ораз, Оразтай, Оразәлі, Мүсірәлі және немересі Санжар Жандосов бәрі осы қариядан тараған ғой.

-Қиқым атамыз Жамбыл Жабаевтың көзін көрген адам. Еңбекқорлығымен бірге, домбыра тартып, ән де айтыпты. Қаскелеңнің тау жағында әк зауыты болыпты. Сонда жұмысшы болған. Сол зауыттың бастығы Ораз жәкемнің Верныйдағы ер балалар гимназиясына оқуға түсуіне көмектесіпті.

Бұл - сонау 1908 жыл. Содан Ораз жәкеміз 1916 жылға дейін сол оқу орнында білім алады. Одан кейінгі жылдардағы еліне сіңірген еңбектері мен «халық жауы» деген жаламен атылып кеткенін тарихтан хабары бар халық білетін шығар.

Қиқым атамыздың Ораздан кейінгі ұлының аты - Оразтай. Ол да көзі ашық азамат болған. Бірақ «қызыл қырғынның» жандайшаптары оны да «халық жауының інісі» деп соттатып жіберген. Сотталарының алдында ұжымшар бастығы болыпты. Бірақ абақтыда көп отырған жоқ. Кейін екінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде, өзі сұранып майданға кетті. Сенбегендері ме, «айып батальонына» жіберіпті. Бірақ Оразтай жараланса да ол сынақтан да аман қалып, елге оралды. Бірақ жарақаты әсер етті ме, елуінші жылдары қайтыс болды.

Атамыздың одан кейін көрген баласының аты Оразәлі - менің әкем. Мен ол кісінің тұңғыш қызымын. Анам менен кейін Мэлсу, Ерлим атты бір қыз, бір ұл туды.

Мен 1928 жылы 5 қарашада дүние келіппін. Әкем Алматы облысындағы Қаскелең ауданы, Шамалған ауылында туған. Он тоғыз жасқа толған кезінде Ораздың жолын жалғасын дегендей атам Оразәліні де Верный қаласындағы ер балалар гимназиясының пансионатына қазына есебінен оқытуға мүмкіндік табады. Әкем осы гимназияда 1918 жылға дейін оқиды. 1923-1924 жылдары Алматы уездік комсомол комитетінің хатшысы, 1925-1926 жылдары Қазақ ауыл шаруашылық кооперациясының бөлім бастығы, 1926-1929 жылдары Ақтөбе губерниясы атқару комитеті төрағасының орынбасары, губжоспарлау басқармасының төрағасы, 1933-1934 жылдары Семей қаласындағы «Қазсирекметаллбарлау» тресінде бастықтың орынбасары, одан соң бастығы болды. 1935-1936 жылдары Қаскелең геологиялық барлау партиясының бастығы, 1936-1937 жылдары Текелі кен басқару мекемесінің директоры қызметін атқарды. Өйткені әкем 1933 жылы Мәскеу геология барлау институтын бітірген алғашқы қазақ геологтарының бірі болатын. Бірақ, өкінішке қарай, 1937 жылы «арандатушы» деген айып тағылып, тұтқынға алынды да 1938 жылы ату жазасына кесілген.

-«Арандатушы» дегенде, қандай жала жапқан?

-Кезінде тиісті мекемеге барып, құжаттарын қарап ем, «жапон шпионы» деген бе, сосын «бәлен жылы біреуге айтыпты-мыс «мен енді Қытайға ма, бір жаққа кетем деп» деген сияқты бірдеңелерді оқыдым. Әлде осылай деп әкеме бір жолдасы айтқан ба, менің әкем «қой, мен кете алмаймын, отбасым бар» деген бе, шамасы сондай. Осыны біреулер жазып жіберген ғой. Міне, сол жаланың кесірінен әкем 33 жасында атылып кетті.

-Қай жерде атылғанын білесіз бе?

-Алматының іргесіндегі Жаңалық деген жерде үлкен қорым бар. Сол жерде сүйегі жатқан төрт жарым мың жазықсыз құрбандардың бірі - менің әкем. Алаш арыстарын сол жерге апарып, шұңқырға атып тастай берген.

-НКВД-ның түрмесі қай жерде еді?

-Дзержинский көшесінде болатын. Анам Хакима әкеме жолығу үшін сол жерге талай рет барған. Анамның әкем туралы: «Әкеңнің қап-қара шашы лезде ағарып кеткенін көргенде жүрегім қан жылады» деп айтқаны әлі күнге дейін есімнен кетпейді. «Түрі де боп-боз болып кеткен екен» дейтін. Әкем тырнағының астына ине тығып, төбесінен мұздай су тамшылатып азаптағанын да айтыпты анама. Осыдан елу жыл бұрын анам маған осы әңгімелерді айтып, көзіне жас алушы еді. Сол кездесуден кейін жарты жыл өткенде атып тастаған. Біз болсақ «Магаданда айдауда жүр, ол тірі, бір күні келеді» деген үмітпен әкемізді зарыға күтетінбіз.

-Оразәліден кейін Мүсірәлі ғой...

-Иә, Мүсірәлі жәкемнің де көрмегені жоқ. Ол да 1937 жылы «халық жауы» атанып, он жылға сотталып, 1947 жылы ғана түрмеден шықты. Ақыры соның салдарынан ауру болып қалды. Өзінің көрген азабын айтпай, ағалары Ораз бен Оразәліні жиі есіне алып, «жазықсыз кетті» деп, жылап алатын. Мүсірәлі жәкем жетпісінші жылдары қайтыс болды. Қартайған кезінде Қиқым атамыздан аумай қалды. Сақалы, түрі, киімі бәрі ұқсайтын. Қиқым атамның Мүсірәліден кейін Бану мен Мира атты қыздары болды.

-Қиқым атамыздың екі әйелі болған деп естідік.

-Бірінші әйелінен Мұса деген ұл сүйген. Ал екінші әйелі - Дәрменнен менің жәкелерім туған.

-Дәрмен апа туралы айтыңызшы?

- Қазақтың бұрынғы ауылдарында сыйлы әйелдер болушы еді ғой, соның бірі Дәрмен апам болыпты. Өзі ақылды адам екен. Балаларына берген тәрбиесінің бәрі көзі ашық адамға сай. Ол кісі дүниеден 1945 жылы кетті-ау деймін. Қайтыс болған кезде барып, жылағаным есімде.

-«Халық жауының» отбасына, қызына көзқарас қандай болды?

-Алматыда «Мамандар үйі» деп аталатын үй болған. Кілең атақты адамдар тұрды. Бәріне жала жабылып ұсталғаннан кейін отбасыларын быт-шыт қылып пәтерлерінен шығарып тастады. Бізді де қуып шығып, басқа жерден бір бөлмелі пәтер берді. Бізді Ворошилов деген ұжымшарда тұратын Оразтай жәкем «Алматыда тұра алмайсыңдар» деп алып кетті. Сөйтіп жүргенде анамның Талдықорғанда тұратын інісі мен сіңілісі шақырды. Інісі МТС-тің директоры болып тұрған кез, жағдайлары жақсы. Сөйтіп көшіп-қонып жүріп мен мектепті Талдықорған қаласында бітірдім. Одан кейін Алматыға келіп қыздар педагогикалық институтына оқуға түстім.

-Қай факультеті?

-Орыс тілі мен әдебиеті.

- Ол жердегі көзқарас қандай болды?

- «Комсомолға қабылдамай қойды» деп жылағаным есімде. Әйтеуір өжеттігімнің, белсенділігімнің арқасында қабылдады. Кейін оқуды бітіріп, Жамбыл қаласына келіп, жұмысқа тұрғанымда партияға алмай әлекке түсірді. Ол кезде технологиялық институтта жұмыс істеп жүргем. Әйтеуір оған да өтіп алдым. Мен тұрмақ біздің үйдегі Рахманберді көкеңді де «халық жауының қызына үйлендің» деп жүйкесін тоздырған.

-Рахаңмен осы қалада таныстыңыз ба?

-Оқуды бітіріп келген соң осы қаладағы Каганович атындағы №38 мектепке жұмысқа орналастым. Омаров деген кісі директор екен, «халық жауының» қызы болсам да қорықпастан жұмысқа алды. Ол біздің үйдегі көкеңмен жақсы жолдас екен. Ал ол кісінің әйелі менің досым болды. Көкеңмен сөйтіп таныстық қой. Рахаң ол кезде қалалық комсомол комитетінің хатшысы болатын. Кейін қалалық партия комитетінің бөлім меңгерушісі болды. Біздің мектепке келіп, жиналыс жасайтын. Мен мектептің мұғалімдерін ұйымдастырып, мәдени іс-шара өткізетінмін. Айтпақшы, Ілияс Қабылов деген кісі болған. Ол да ұсталып, атылып кетті. Соның отбасы да осында тұратын. Оның Зенон деген баласы менімен жасты. Ал ол көкеңнің досы. Анасы да он жыл отырып келген. Күйеуін қамаған кезде әйелін де қамаған ғой. Содан кейін Қаспақ Құрманбекұлы деген математик болған. Сол Қаспақ Зенонның мамасының інісі екен. Мамасы менің анаммен жолдас болған. Алматыдағы «Мамандар үйінде» тұрғанбыз. Ал көкең Зенонның досы болған соң сол үйге келіп жүретін.

-Зенон деген аты қызықтау екен...

-Баяғыда сондай бір философ болыпты. Мысалы, менің сіңілім Мэлсу - Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин және Ураз (Ораз) деген аттардың бас әріптерінен құралған. Інімнің аты Ерлим – Ер және Левон Исаевич Мирзоян деген белгілі аты-жөннің бас әріптерінен тұрады. Менің атым жайлы анам: «Райс - председатель, төраға деген мағынаны білдіреді» деп отырушы еді.

-Раиса апай, кешегі Ораз Жандосов бар, бүгінгі Ораз Жандосов бар, олардың арасындағы Оразтай, Оразәлі, Мүсірәлі, Санжар Жандосовтар бар, менің бір байқағаным көп адамдар осы Жандосовтарды шатастырып ала береді. Осыны өзіңіз анықтап, таратып айтып берсеңіз.

-Ораз, Оразтай, Оразәлі және Мүсірәлі туралы жаңа айттым. Бәрі «халық жауы» болғанмен, тіпті, кейбірі атылып кеткенмен, артында ұрпақтары қалды. Мысалы, Қиқым атамыздың ең үлкен ұлы Ораздан – Санжар, Едіге, Әлі деген үш ұл қалды. Санжар менен екі жас кіші болатын. Ол 1930 жылы туып, 1992 жылы өмірден озды. Ал Әлі Оразұлы бүгінде Алматы қаласында тұрады. Бүгінгі Ораз Жандосов осы Әлінің баласы. Әлінің әйелі орыс еді, атамыздың есімін еске алып жүреміз деп үлкен атасының атын қойыпты. Оған Әлі де қарсы болмаған.

-Апай, Кеңес өкіметі тарихында «Қызыл террор» деген атымен белгілі болған қуғын-сүргін, ату мен айдаудың зауалы қаншама қанқұйлы болса да Жандосовтар отбасының отын өшіре алмады. Сіздің қолыңыздағы Ораз бен Оразәлі жайлы жинақталған қазақ және орыс тіліндегі газет мақалалары, кітаптар, Ораздың сөйлеген сөзі, Оразәлі қол қойған хаты (Сталинге жазылған «Алтаудың хаты») жатқан бір шежіре екен. Бұрын жарияланбаған фотосуреттер де бар. Осылардың бәрін қосып, тарау-тарауға бөліп, бір кітап етіп шығарса дұрыс  болар еді деген ойға қалай қарайсыз?

-Ондай атты күн қайда, айналайын. Қуана келісем ғой. Біз үйдегі адамбыз, елдің бірлігі мен тірлігі жолындағы іс басында жүрген облыс басшыларына біздің аналық ақ батамызды жеткізгейсіңдер.

 

 

Сұхбаттасқан Көсемәлі Сәттібайұлы

Тараз қаласы.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар