Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Білім мен табиғатты үндестірген жоба

Білім мен табиғатты үндестірген жоба
Автор
Қазір балалардың білім алуы үшін мүмкіндіктің бәрі бар. Мектеп қабырғасында тек оқулықпен шектелмей зертханалық жұмыстар үшін түрлі технологиялар енгізілген. Керек десеңіз жылыжайлар ашылып, сирек кездесетін құлпынай, лимон секілді өнімдер өсіріліп, оқушылар табиғатпен етене араласуда.

Меркі ауданындағы Мұхтар Әуезов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп-лицейіндегі жылыжай жобасы – осы сөзіміздің дәлелі. Бұл жоба табиғат пен баланы табыстырып, еңбек пен тәрбиені сабақтастырған тағылымды бастама ретінде көпшілікке үлгі болып отыр.

Жылыжай жобасы – білім мен табиғатты тоғыстырған, жас ұрпақтың бойына экологиялық мәдениет пен еңбекқорлықты сіңірген тағылымды тәжірибе алаңы. Бұл бастаманың негізінде ұстаз, педагог-сарапшы Эдуард Узбекбаев оқушыларды бағыттап, тиянақты еңбек пен ғылымға тәрбиелеп жүр. Жаңашыл ұстаз- білім беру жүйесінде тек оқулықпен шектелмей, баланың өмірлік дағдысын шыңдайтын орталар қалыптастыруға күш салып жүрген мұғалімдердің бірі. Сондай-ақ кейіпкеріміз жас та болса директордың ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары қызметін жауапкершілікпен атқарып келеді.

– Жылыжай жобасы алғашында биология пәнінің аясында ғана жүзеге асқан оқу-тәжірибе бағыты болса, бүгінде әлеуметтік-экологиялық мәні бар кең көлемді іске айналды. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 2022–2027 жылдарға арналған білім беру ұйымдарындағы эксперименттік жұмыстар тізбесіне енгізілген бұл бастама бүгінде мектеп оқушыларының экологиялық мәдениетін қалыптастырудың, олардың әлеуметтік жауапкершілік пен қаржылық сауаттылық сынды дағдыларды меңгеруінің нақты алаңына айналды.

Мектептегі жылыжайда оқушылар пәндік білімдерін тәжірибемен ұштастырады. Сонымен бірге экологиялық таза өнім алу, ауылшаруашылықты дамыту жолын, көкөніс дақылдарының өсіру технологияларын үйреніп, кәсіби құзіреттілік дағдыларын меңгереді. Биология пәнінің мұғалімі ретінде жобаға өзім толыққанды жетекшілік етіп келемін.

Жылыжайда тек өсімдіктердің құрылымы немесе фотосинтез жайлы оқып қана қоймай, оқушылар еңбектің, күтімнің, табиғатпен байланыс орнатудың, пайдалы өнім өндірудің маңызын ұғады. Мұнда әр өсімдіктің түбінде бір баланың төккен маңдай тері мен күнделікті еңбегі жатыр. Әр өрен өз дақылына ат қойып, соны күтіп-баптап, тіршілік иесіне жауапкершілікпен қарауды үйренеді, – деген Эдуард Жаңабайұлы осы оқу жылы барысында жылыжайдан мол өнім алынғанын қуана жеткізді.

Тарқата айтсақ, биыл жылыжайдан 410 келі қияр, 25 келі шалғам (редис), 8 келі құлпынай және 5 келі салат жапырағы жиналған. Алынған мол өнім- оқушының күнделікті еңбегімен келген шынайы жетістік. Жылыжайда өсірілген салат жапырақтарының құрамына да ерекше көңіл бөлінген. Бұл өнім аз калориялы болғанымен, құрамында судың мөлшері жоғары және диеталық талшықтар мен A, C, K, B витаминдері, сондай-ақ кальций, калий, магний, темір сынды пайдалы минералдар бар. Бұл өнім тек биологиялық маңыздылық қана емес, балалардың денсаулығына деген көзқарасын қалыптастыруға да әсер етуде.

Жинаған өскіндер мектеп асханасына өткізіледі, кейде аудан көлеміндегі қайырымдылық жәрмеңкелерге шығарылады екен.

– Жобаға негізінен 7-9 сынып оқушылары тұрақты зерттеуші ретінде қатысады. Сонымен қатар басқа сыныптарға экскурсиялар ұйымдастырылып, олар бақылаушы ретінде тартылған. Бұл жүйе әр оқушыны жас ерекшелігіне сай тартуға мүмкіндік береді.

Жобада ерекше белсенділік танытып жүрген шәкірттер  қатарында 10-сынып оқушысы Есімхан Елубай, 9-сыныптан Айым Амангелді, 8-сыныптан Қуаныш Марат, 7-сыныптан Елнұр Серікұлы және 6-сыныптан Нұрай Кендебайдың атын атауға болады. Осы өрендер көшбасшылық қасиеттерімен, тың идеяларымен және өз істеріне жауапкершілікпен қарауымен көзге түсіп отыр, – деді Э.Узбекбаев.

9-сынып оқушысы Айым Амангелдіге жылыжайжағы жұмыстар оң ықпал етіп, табиғатқа деген көзқарасын өзгерткен. Айым Эдуард ағайының жетекшілігімен облыстық «Табиғатты аяла» ғылыми жобалар байқауында жеңімпаз атанып, органикалық қалдықтардан тыңайтқыш жасау бағытында зерттеу жүргізген.

– Жылыжайда жұмыс істеу барысында өсімдіктердің тірі организм екенін және оларға тұрақты күтім қажетігін ұғындым. Біз тыңайтқыштарды өзіміз дайындап, суды үнемді пайдалану жолдарын үйрендік. Бұл тәжірибе маған табиғатпен тіл табысып, оны терең түсінуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, Эдуард ағайдың дәрістерінің арқасында облыстық ғылыми жобалар байқауында жеңіске жетуім- осы жобаның нәтижесі. Енді әр өсімдікке ерекше құрметпен қараймын, – дейді Айым.

Ал 10-сынып оқушысы Елубай Есімхан «Тиімді жылыжай жобасы» тақырыбында облыстық «EcoScience» ғылыми жобалар байқауында екінші орын алып, жүргізілген нақты тәжірибені ғылыми жүйеге салып қорғап шыққан.

– Бұрын дақыл егіп, одан өнім алу үшін су құйып, арамшөбін жұлу жеткілікті деп ойлайтынмын. Уақыт өте келе, өсімдіктерді күтіп-баптау үлкен жауапкершілікті талап ететін күрделі процесс екенін түсіндім. Әрбір көшеттердің күтімін жасау, оның жағдайын бақылау, суаруды және тыңайтқыш қолдануды үйрену мен үшін ерекше тәжірибе болды. Ағайымыздың жетекшілігімен биология сабағында алған теориялық білімімізді жылыжайда іс жүзінде қолдану арқылы өсімдіктердің өмір сүру ерекшеліктерін тереңірек түсіндім. Өз қолыммен өсірген өнімді жеу – үлкен қуаныш, – дейді Е.Есімхан.

Ұстаздың пікірінше, бұл жобалар – баланы тек биология пәнінен білімді етіп қана қоймай, кәсіпкерлік, экологиялық ойлау, қаржылық сауаттылық, еңбекке құрмет, ұжыммен жұмыс істеу секілді өмірлік ұстанымдарды қалыптастырады. Әсіресе баланың қолынан іс келетінін дәлелдеп, өзін сенімді ұстауына мүмкіндік береді. Эдуард Жаңабайұлы мұғалімдік қызмет сабақ берумен шектеліп қалмау керек деп санайды.

Жылыжайда тамшылатып суару технологиясы қолданылады екен. Осы арқылы үнемділік пен тиімділік қатар сақталады. Аталмыш әдіс балалар үшін заманауи тәжірибені меңгерудің бір жолы екені айтпаса да түсінікті.

Мектептегі жылыжайға экоклуб мүшелері мен педагог-экологтар бақылау жүргізіп, күтім жұмыстарын жалғастырып тұрады. Бір айта кетерлігі, жылыжайды «Жомарт түлек» жобасы аясында мектепті 2001 жылы тәмамдаған  түлектер тарту етіпті. Жылыжай жобасы мектеп ішіндегі басқа да экологиялық бастамалармен қатар жүріп жатыр. Мәселен, «Мейірімді қақпақшалар» акциясы аясында оқушылар пластик қақпақтар жинап, оны қайырымдылыққа бағыттайды. «Пластик бөтелкеден сыпырғы жасау» жобасы республикалық деңгейде жүлде алған. «Zero Waste – қалдықтан кәсіпке» жобасы мектеп дәліздеріне жұмсақ орындықтар жасау арқылы іске асқан. Сонымен қатар информатика пәнінің мұғалімімен бірлесіп, «Ақылды қоқыс сұрыптау жәшігі» жобасы қолға алынған. Бұл жоба арқылы балалар қалдықтарды автоматты түрде сұрыптауды үйреніп жатыр. Бұл бастамалардың барлығы  мектептің экологиялық бағытта жан-жақты жұмыс жүргізіп жатқанын көрсетеді.

Осы жобалар арқылы Эдуард Жаңабайұлы бір пәннің аясында қалып қоймай, кешенді тәрбие жүйесін қалыптастырып келеді. Әрбір бастаманың түпкі мақсаты – баланың бойына табиғатты аялау, қоршаған ортаға жанашыр болу, ұжымдық еңбекке бейімделу, қарапайым заттан үлкен нәтиже көруді үйрету. Ата-аналар да бұл бастамаға қолдау білдіріп отыр. Олармен бірлесе жұмыс жүргізу үшін экологиялық жадынамалар таратылып, ата-ана, мұғалім, оқушы арасындағы үштік одақ қалыптастырылған.

Осылайша бір жылыжайдан басталған жасыл бастама – табиғат пен адам арасын жалғаған, ұстаз бен оқушының бірлескен өмір сабағына айналған. Эдуард Жанабайұлының жетекшілігіндегі бұл жоба еңбектің берекеге бастайтынын дәлелдеп отыр.

 

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар