
Өйткені сот – заң сөйлейтін, шындық таразыланатын орын. Осы қасиетті мекемеде қазақ тілі өз мәртебесіне сай қолданыс тапқанда ғана елдегі тіл саясатының пәрмені мен құқықтық теңдік ұғымының шынайылығы көрініс табады.
Азаматтық іс жүргізу кодексінің 14-бабы, 1-тармағына сәйкес: «Сот ісін жүргізу тілі – сот ісін жүргізу сотқа талап арыз немесе өзге де өтініш берілген тілде жүргізіледі. Сот ісін жүргізу тілі ретінде мемлекеттік тіл немесе тараптар келіскен тіл қолданылуы мүмкін». Кодекстің 2-тармағында сотқа қатысушылардың өз ана тілінде немесе білетін басқа тілде сөйлеу, түсініктеме беру, арыз, өтініштер мен шағымдар жасау құқығы және аудармашы қызметін тегін пайдалану мүмкіндігі қамтамасыз етілетіні айтылады.
Сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу құқықтық теңдікті қамтамасыз етеді. Қазақ тілінде сөйлейтін азаматтардың өз құқықтарын толық қорғай алуына мүмкіндік беріп, заңдардың ашықтығы мен түсінікті болуын қамтамасыз етеді. Сот актілері мемлекеттік тілде болғанда, заңдық рәсімдер халық үшін қолжетімді әрі түсінікті болады. Сонымен қатар сот ісін ана тілінде жүргізу ұлттық мәдениетті нығайтады. Қазақ тілінің қоғамдық өмірдегі мәртебесін көтереді. Сот жүйесінде мемлекеттің тілдің мәртебесін көтеру құқықтық мәдениетті дамытуға септігін тигізіп, сот жүйесіндегі шешімдер мен үкімдер мемлекеттік тілде болғанда, азаматтардың құқықтық сауаты артады.
Мемлекеттік тілдің сот жүйесінде кеңінен қолданылуы үшін аудармашылар мен мемлекеттік тілде білікті мамандардың даярлануын күшейту, мемлекеттік тілде құқықтық құжаттарды сапалы дайындау шараларын жетілдіру қажет.
Маржан ИСАЕВА,
Тараз қалалық сотының судьясы