Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Батаменен ел көгерер»

«Батаменен ел көгерер»
Автор
Бата беру дәстүрін насихаттау арқылы өскелең ұрпақты үлкендерді құрметтей білуге, аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеу, батаның данагөйлік мәнін жас буынның бойына сіңіру мақсатында Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен және Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Батаменен ел көгерер» атты батагөй қариялар байқауы өтті.

Ықылас Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде өткен тағылымы мен тәлімі мол іс-шараны облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай және Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Олар бата берудің жақсы ниет пен өнегелі өсиетке құрылған ұлттық дәстүр екенін атап өтті.

Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде үміткерлер өздері дайындап келген баталарын, ал екінші кезеңде белгілі тұлғалардың баталарын айтып берді. Ал үшінші кезең ұлттық салт-дәстүрге қатысты сұрақ-жауап түрінде өтті. Жиналған көпшілік ата-бабаларымыздан бүгінге дейін жеткен батаның жауһар үлгілерін естіп, ұлттық дәстүрдің жаңғырып жатқанына куә болды.

Байқауға қатысқан 5 үміткердің өнерін М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің аға оқытушысы Бақытжан Мақашев бастаған әділ-қазылар алқасы бағалады. Нәтижесінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері, запастағы полковник Сауранбек Жамалбеков бас жүлдеге лайық деп танылып, облыстық байқауға жолдама алды. Жүлделі екінші орынға Орынбай Рысбаев ие болса, Жаңабек Сұлтанбеков, Қилыбай Сүлейменов және Аманбала Қасымбеков үшінші орынды өзара бөлісті.

Байқауға қатысушылардың барлығына Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Күләш Әбдікешова арнайы дипломдар мен қаржылай сый-сияпаттар табыстады.

Қасиетті сөздер айтылып, мағыналы баталар берілген мерекелік іс-шара – ұлтымыздың рухани құндылықтарын дәріптеу жолындағы маңызды қадам болды. Ол кейінгі жастарға ұлттық тәрбие мен имандылықты насихаттаумен де есте қалды.

 

Алдаберді МАҚАШЕВ,

Тараз қалалық ардагерлер

кеңесінің мүшесі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар