Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бекет Момынқұл биігі

Бекет Момынқұл биігі
Автор
Көрнекті қаламгер, журналист Бекет Момынқұлдың мерейлі 70 жасқа толуына орай Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында «Бекет салған сара жол» тақырыбында әдеби-сазды кездесу кеші өтіп, мерейтой иесінің «Момышұлы әлемі» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Кеш жазушының шығармашылық жолын қамтыған фотокөрмені тамашалаудан басталды. Онда Бекет Момынқұлдың әр жылдардағы өмір белестері мен еңбектері фотожинақ арқылы көпшілік назарына ұсынылды. Бұдан соң «Өмір жолы – өнеге» атты бөлімде арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілді.

Сыр-сұхбат түрінде ұйымдастырылған мерейлі кеште Бекет Момынқұл алдымен журналистикаға келуі жайлы мазмұнды әңгіме әрбітті.

– Журналистикаға келуімнің өзі қызық оқиға. Негізі әскери ұшқыш болғым келген. Алайда Зейнеп жеңгем мен Бақытжан көкем неге екенін білмеймін әскери ұшқыш болуыма қарсы болды. «Сенің мамандығың емес, қажеті жоқ» деп бетімді қайтара берді. Сөйтіп армандаған мамандығыма түсу үшін емтихан тапсыруға кетіп бара жатқанымда Бақытжан көкем «емтиханнан екі алып кел» деп бата берді. Батасы қабыл болмай, 5 алдым. Екінші емтиханға кетіп бара жатқанымда тағы да «екі алып кел» деп шығарып салды. Дегенмен 5 алып, үшінші кезеңге өттім. Бірақ көкем мен жеңгем үгіттеуін бәрібір тоқтатпады. Сонымен не керек, көкемнің кезекті батасын алып, үшінші емтиханға аттандым. Жол бойы жүз ойланып, мың толғанып, бір шешім қабылдай алмай біраз әурелендім. Арманымнан бас тартқым келмесе де көкем мен жеңгемнің ақыл-кеңесіне құлақ асқанды жөн көрдім. Осылайша емтихан қабылдап жатқан мұғалімдерге жағдайды түсіндіріп, 2 деген баға қойдырып алдым. Үйге келгенде алдымнан шыққан көкем мен жеңгем бірден «Қандай баға алдың?» деді. Екі алғанымды естігенде төбелері көкке жеткендей қуанды.

Одан кейін құрылыс саласында жұмыс істедім. Құрылыста жүргенімде Бақытжан көкем: «Сенен жақсы журналист шығады» деп көп айтатын. Себебі екеуміз арасында хат жазысып тұратынбыз. Мектепте жақсы оқығаннан кейін хатты да сауатты жазатынмын. Соны көріп «журналист боласың, жазуыңды тоқтатпа» деп айтып жүрді. Әйтпесе журналист болу ойымда болған жоқ. Көкемнің мақтауы қаламыма қуат бітіріп, газеттерге мақалалар жазып тұрдым.

1976 жылы әскерден келгеннен кейін көкем облыстық газеттің басшысына алып барып «мына баланы жұмысқа аласың» деп табыстады. Сөйтіп сол газетке корреспондент болып қызметке тұрдым, – дейді Бекет Момынқұл.

Келесі кезекте облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов облыс әкімінің құттықтау хатын табыстап, мерейтой иесінің иығына шапан жапты. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ардагер журналист Асқарбек Сейілхан Бекет Момынқұлдың өмірлік және кәсіби ұстанымдарына тоқталса, медицина ғылымдарының докторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сағындық Ордабеков кеш иесінің азаматтық болмысы, қарапайымдылығы мен шынайылығы жайында әңгіме өрбітті. Ал журналист әрі ақын Нұржан Қадірәлі Бекет Момынқұлға арнаған өлеңін оқып, жырдан шашу шашты. Сондай-ақ облыс әкімінің кеңесшісі, Қазақстан Жазушылар одағы облыс бойынша филиалының өкілі, ақын Хамит Есаман, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Күләш Әбдікешова, тарих ғылымдарының докторы, ғалым Асқар Абдуалы, «Aulieata media» серіктестігі Бас директорының орынбасары, журналист Алпамыс Қазыбаев және облыстық «Jambyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева сөз сөйлеп, ақжарма тілектерін арнады.

Кеш соңында Бекет Момынқұлдың жаңа туындысы «Момышұлы әлемі» кітабының тұсаукесері өтті. Бұл еңбек жазушының елдік, ерлік, тәрбие мен тағылым жөніндегі ой-толғамдарын қамтыған терең философиялық туынды.

 

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар