Жамбыл облысы – Франция: Ербол Қарашөкеев форумда өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстырды
- author AR-AY
- 28 мамыр, 2025
- 29

Форумның ашылуында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі сауда серіктесі – Франция екенін атап өтті.
Пленарлық сессияда Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдің экономикалық және инвестициялық әлеуетін таныстырды.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ірі инвестициялық жобаларды қолдау және ынталандыру жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік қолдау шаралары туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.
– Жамбыл облысы серіктестікті кеңейтуге, жаңа бастамаларды іске асыруға дайын. Өңір агроөнеркәсіптік кешеннен бастап, «жасыл» энергетика мен жоғары технологиялық өндірістерге дейінгі бірлескен жобаларды дамыту үшін айтарлықтай әлеуетке ие, – деп атап өтті облыс әкімі.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Жамбыл облысы мен Франция арасындағы тауар айналымы 6,7 млн АҚШ долларын құрады, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 57,2 пайызға жоғары. Экспорт 5 млн долларға, ал импорт 1,7 млн долларға жетті.
Өңірде Француз капиталының қатысуымен үш ірі жоба сәтті жүзеге асырылды: TotalEnergies күн электр станциясы (100 МВт), Saint-Gobain гипс зауыты (жылына 250 мың тонна), Vicat цемент зауыты (жылына 1,2 млн тонна).
Қазіргі уақытта тағы екі ірі жоба іске асырылуда: қуаты 1 ГВт TotalEnergies жел электр станциясы және Alstom электровоз құрастыру зауыты (жылына 250 бірлік).
Облыс әкімі Француз кәсіпкерлеріне тау-кен металлургия кластерін құру, агрохимия өндірісі, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу сияқты салалардағы инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндіктері туралы хабарлады.
Шетелдік компаниялардың өңірдің бірегей шикізат қорына деген қызығушылықтың артуын ескере отырып, болашақта облыс қара және түсті металлургияны дамытуда әлеуетті орталық ретінде қарастырылады.
Ербол Қарашөкеев Fufeng компаниясының жүгеріні қайта өңдеу зауытының құрылысын мысалға келтіріп, мұндай жобалар сабақтас салалардың дамуына жол ашатынын айтты.
Егіс алқаптарының кеңеюі мен жаңа өндірістердің іске қосылуына байланысты өңірде ылғал үнемдейтін технологиялар белсенді енгізілуде.
– Біз француздық бизнесті заманауи агротехнологияларды қолдана отырып, қайта өңдеу кәсіпорындарын құруға шақырамыз, – деді Ербол Қарашөкеев.
Облыста инвестициялық жобаларды тиімді іске асыру үшін салықтық преференциялары мен толық инфрақұрылымы бар «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы, жобаны іске қосқанға дейін жер телімін тегін жалға алу мүмкіндігімен «Тараз» индустриялық аймағы, сондай-ақ дайын алаңдар мен жеңілдік шарттары бар шағын өнеркәсіптік аймақтар қарастырылған. 2025 жылға қарай олардың жалпы аумағы 100 мың шаршы метрге дейін ұлғайтылады.
2025 жылдың төрт айының қорытындысы бойынша Жамбыл облысы Қазақстандағы инвестиция көлемі бойынша рейтингте көш бастады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 есеге (190,8 млрд теңге) өсті.
Бұл өңірдің инвесторлар үшін сенімді әрі болашағы зор серіктес, ұзақмерзімді стратегиялық ынтымақтастыққа дайын аймақ екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Аймақта кәсіпорындардың сұранысын ескере отырып, жаңа өндіріс орындарына білікті кадрлар даярлауға ерекше көңіл бөлінуде.
Пленарлық сессия барысында Қазақстан-Франция іскерлік кеңесінің тең төрағалары – «Визор Холдинг» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Айдан Кәрібжанов пен «Vicat» компаниялар тобының бас директоры Ги Сидос, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, сондай-ақ Францияның Сыртқы сауда және шетелдегі француз азаматтары жөніндегі уәкілетті министрі Лоран Сен-Мартен, өңірлердің әкімдері мен бірқатар компания өкілдері сөз сөйледі.
Доллар, еуро мен рубльдің бүгінгі бағамы қандай
Ұқсас жаңалықтар
Жамбыл облысында 25,5 млн теңге бюджет қаржысы жымқырылғаны анықталды
- авторAR-AY
- 29 мамыр, 2025