
Осы өзекті мәселеге нақты шешім ұсынған жоба – Тараз қаласындағы №66 орта мектептің оқушысы Айша Абдықұл мен жетекшісі Айнұр Байорзованың бірлесіп жасаған «Менің болашақ мектебімнің келбеті» атты ғылыми-тәжірибелік жұмысы.
Бұл жоба тек мектеп ғимаратының сыртқы келбетін емес, оның экологиялық, технологиялық және тәрбиелік мүмкіндіктерін де үйлестіре отырып, болашақтағы заманауи әрі жауапты білім ордасының үлгісін ұсынады.
Жобаның негізінде мектептің макеті жасалып, оған күн энергиясы, жылыжай, телескоп, жерасты субұрқағы мен қоқысты сұрыптау жүйесі енгізілді. Осылайша, оқушы жұмысы өзектілігімен және практикалық маңыздылығымен ерекшеленеді.
– Жоба аясында мектептің энергетикалық қажеттілігін күн сәулесінен алынатын баламалы энергия көздерімен қамтамасыз ету көзделген. Мектеп макетіне орнатылған күн батареялары жарық пен жылуды үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал мектептің алдына қойылған күннен қуат алатын түнгі шамдар қосымша энергия үнемдеуге септігін тигізеді. Бұл шара арқылы жылу мен электр энергиясын 70 пайызға дейін үнемдеуге болатыны жоспарланған. Сонымен қатар жобада балалардың ғылымға деген қызығушылығын арттыру мақсатында мектептің төбесіне телескоп орнатылған. Бұл оқушыларға аспан әлемін тікелей бақылап, зерттеу мүмкіндігін береді. Осылайша білім беру үдерісінде жаңашылдық пен шығармашылықты дамытуға бағытталған жаңа әдістер қолданылуда.
«Мен зерттеушімін» атты республикалық жобаға қатысып, қалалық және облыстық кезеңдерден сүрінбей өттік. Нәтижесінде облыстық кезеңде бірінші орын иелендік,– дейді жоба жетекшісі Айнұр Байорзова.
Табиғатпен үйлесімділік және экологиялық тепе-теңдікті сақтау мақсатында жерасты су жүйесі арқылы субұрқақ орнатылған. Бұл мектеп ауласының сәнін арттырып, балаларға экология туралы практикалық түсінік беруге мүмкіндік туғызды.
– Экология – мектеп партасынан басталуы тиіс ұғым. Біз табиғатқа жанашырлықты тек теориямен емес, тәжірибе арқылы үйретуді жөн көрдік. Қазір оқушылар қоқысты түріне қарай тастап, өзін қоршаған ортаға басқа көзбен қарай бастады. Бұл – нағыз нәтижелі білім беру, – дейді Айша Абдықұл.
Сонымен қатар мектепте қоқысты сұрыптап жинауға арналған арнайы жәшіктер орнатылыпты. Қазіргі таңда балалар қоқыстарды түріне қарай сұрыптауға дағдыланып келеді. Бұл экологиялық мәдениетті қалыптастырудың алғашқы қадамы ретінде бағаланып отыр.
«Менің болашақ мектебімнің келбеті» жобасы – жай ғана макет немесе байқауға арналған жұмыс емес, қоғамға экологиялық мәдениет пен технологиялық ойлауды ұсынатын жас буынның үндеуі. Мұндай жобалар арқылы балалар жауапкершілік, жаңашылдық және шығармашылық ұғымдарын ерте жастан бойына сіңіреді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ