
TED-алаңы облыс мұғалімдері мен мектеп басшыларының кәсіби және басқарушылық қабілеттерін дамытуды, сондай-ақ жаңашыл педагогикалық тәжірибелерді насихаттап, тиімді идеяларды таратуға негізделген. Әлемдік жаһандану жағдайындағы қазақстандық білім беру көшбасшыларының зияткерлік әлеуетін ашу, олардың көзқарасы мен ұстанымын көпшілікке жеткізу – алаңның басты бағыты болды.
TED-алаңына Тараз қаласы мен аудандардан барлығы 17 педагог қатысты. Олардың арасында 2 мектеп директоры мен 15 мұғалім бар. Қатысушылар 3 бағыт бойынша шығармашылық жұмыстарын ұсынды. Аталған шығармашылық жұмыс туралы тарқата айтсақ, ол – 250-350 сөздік эссе жазу, іс-тәжірибе негізінде бейнежазба дайындау және ашық ойталқыға қатысу. Эссе мен бейнежазбаларға арналған тақырыптар өзекті әрі шабыттандыратын сипатта таңдалды. Мысалы, «Білім берудегі тиімді көшбасшы: ол кім?» немесе «МҰҒАЛІМ TALKS – менің жаңашыл педагогикалық тәжірибем» сынды тақырыптар ұсынылды.
TED-алаңында мұғалімдер мен мектеп директорлары өздерінің жеке кәсіби тәжірибелерімен, өмірдегі қызықты оқиғаларымен, құндылықтарға негізделген білім беру кеңістігін құру жолындағы ізденістерімен бөлісті.
Талқылауға ұсынылған тақырыптардың қатарында «Ауыл мұғалімінің бір күні», «SMART мектеп», «Әлемді біліммен әдемі етеміз», «Soft skills дағдылары», «Табысты мектеп, табысты мұғалім, табысты бала» сияқты бірқатар заманауи әрі шабыт беретін бағыттар болды. Қатысушылардың жұмыстары қазылар алқасы тарапынан арнайы талаптар мен бағалау белгілері негізінде сарапталып, үздіктер бас жүлде, І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен, сондай-ақ алғысхаттармен марапатталды.
Жүлделі орындарға ие болған педагогтар өздерінің кәсіби шеберлігімен, шығармашылық ізденісімен және жаңашыл көзқарастарымен көзге түсті.
Бас жүлде және 200 000 теңге ақшалай сыйақы Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Әлішер Аяпбергенге табысталды. І дәрежелі диплом және 150 000 теңге ақшалай сыйақы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатының физика пәнінің мұғалімі Рауан Есенұлына бұйырды. Тараз қаласындағы Антон Макаренко атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Салтанат Кусёва ІІ дәрежелі диплом мен 70 000 теңге көлеміндегі сыйақыға лайық деп танылды. Тараз қаласындағы №39 мектеп-гимназияның директоры Гүлнар Раптаева ІІІ дәрежелі диплом және 50 000 теңге ақшалай сыйақыға ие болды.
«МҰҒАЛІМ TALKS» TED-алаңы – ұстаздар үшін өз білім-білігін көрсетуге, кәсіби дамуға және тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік беретін ашық алаң. Мұндай жобалар білім беру саласының дамуына тың серпін беріп, ұстаз мәртебесін көтеруге септігін тигізеді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ