Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қарлығаш құсым, қалықта...

Қарлығаш құсым, қалықта...
Автор
«Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады» дейді Мағжан Жұмабаев. Талас ауданындағы А.Байтұрсынұлы атындағы гимназияның 11-сынып оқушысы Айжан Әлжаппардың балауса өлеңдерін оқып отырып, әдебиет әлемінің жаңа лектің қадам басқалы тұрғанын сезінгендей болдық. Ол ұстаздарын жырға қосып, білім ошағы туралы толғанады. Қатарлас құрбы-құрдастарына сырын ақтарады. Өмірдің мәні сыйластық пен жақсылық жасаумен ұштасатындығын өрнектейді. Жас ақынның айтар ойы бар. Сондай дарынымен ол болашағынан үлкен үміт кұттіріп отыр. Біз енді ғана мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басқалы отырған Айжанға сәтті сапар тілеп, оның бір топ өлеңдерін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Редакциядан

ҰСТАЗЫМА ТАҒЗЫМ

Білімнің мекен етіп мәңгі алаңын,

Төсінде қанат қақтым кең даланың.

Тәрбие, білім берген ұстазымның,

Ізіне білімменен жалғанамын.

 

Мектебім - алтын ұям, үй - бесігім,

Қашанда еске аламын жиі есімін.

Ұстаздың барлығы да мәңгі тапқан,

Еңбек пен парасаттың үйлесімін .

 

Жақсының жақсылығын құстар да ұқты,

Ізгі жан өз ақылын ұштар мықты.

Үйрендім ұстазымнан көп нәрсені -

Далаға, ел-жұртыма құштарлықты.

 

Аялап сәуле шашқан арай нұрмен,

Ардақтап тербетер ем талай жырмен.

Ұстазым, сіз мен үшін биік жансыз -

Қашанда асқар шың деп қараймын мен.

 

АБАЙ - ДАРА, АБАЙ - ШЫҢ

Жоғалтпағын бойыңнан адамдықты,

Жолдас етпе ешқашан надандықты-,

Деген еді,- адалдықты ту етіңіз,

Сонда ғана болады бағаң мықты.

 

Ой маржанын өріпті данышпаным,

Тізерлетіп жолында алысқанын.

Бейғам халқын оятып ұйқысынан,

Тілеп өтті жақсымен табысқанын.

 

Абай - дана, кемеңгер, Абай  ақын,

Шын болмаса, атанды қалай хакім?

Қазақ қана емес-ау, барша әлем,

Ұлылыққа ақынның санайды атын.

 

Абай - дара, биік шың, мақтанышым,

Туды елдің бағы боп, ақ таңы үшін.

Ұлжандайын анаға бас иеміз,

Осындай ұл қазаққа тапқаны үшін.

 

Айтар ойы тұнған бір ұлағатты,

Әр сөзінен маржан боп бұлақ ақты.

Жақсы менен жаманды салыстырып,

Арасына олардың сына қақты.

 

Ашты есігін ұлы ақын сыр бағының,

Отыр міне, үстінде жыр тағының.

Абай - қазақ, мен - қазақ, мақтанамын,

Кемеңгердің мен-дағы ұрпағымын.

 

Ақыл айтып, кәрі мен жасын жиды,

Қадірледі даласын, тасын сүйді.

Ғұлама ой иесі данышпанға,

Жаһан жұрты сүйсініп, басын иді.

 

ҚҰРБЫМ МЕНІҢ...

 

Жақсылықты өнбойыңа артып шын,

Асыл құрбым, даналыққа тартыпсың.

Біз екеуміз екі жақта жүрсек те,

Бірақ, құрбым, сен бәрінен артықсың.

 

Мектеп - қызық, түсе берді есіме,

Шыққанымыз гүл-даланың төсіне .

Міне, енді үлкен жолға бет алдық,

Жай ілесіп, өмір-керуен көшіне.

 

Сен артықсың, ерекшесің, ғажапсың,

Көктем-көңіл, мөлдір судай таза ақсың.

Сөзге берік, құрбыларға адалсың,

Мөлдіреген сұлуысың қазақтың.

 

Жалындайды жүрегіңде от жанып,

Өзің барда жүремін мен шаттанып.

Құрбың қандай деген жанға мен сені,

Шын қуана көрсетер ем мақтанып.

 

Құрбым менің, дос қадірін білемін,

Саған қарай ұмтылады жүрегім,

Қанат қағып асуларға самғашы,

Саған айтар - осы менің тілегім!

 

Қарлығаш құсым, қалықта,

Осы бір ұшқыр қалыпта.

Алыста жүрген достарға,

Сәлем айт, тіпті, жалықпа.

 

Мектебім, достар тұр баста,

Олардың жөні бір басқа.

Сендерді ойлап сағынды,-

Дегейсің құрбы-құрдасқа

 

Отырмын жазып жыр-дастан,

Достарды ойлап қырды асқан.

Алып қайт сәлем, қарлығаш,

Нұр жүзді құрбы- құрдастан.

 

Қарлығаш құсым - киесің,

Төріне көктің иесің.

Достықтың сырын білесің,

«Дос» деген  мәңгі сый есім.

 

ЖҮРЕЙІКШІ СЫЙЛАСЫП

 

Ұмытпа сыйласатын салтың барын,

Салтыңды қадір тұтқан халқың барын.

Қамшының сабындай-ақ мына өмірде,

Сыйласып жүрейікші, алтындарым.

 

Сен сыйла, мен сыйлайын, бәріміз де,

Тұрсыншы ізеттілік төрімізде.

Өзгенің өзегіне құрт түссе де,

Қарасын тамсанумен бәрі бізге.

 

Келген соң бұл өмірге адам болып,

Өтпейік қуыс кеуде надан болып.

Сыйласу - Алла берген бір қасиет,

Қалмайсың қу ағаштай одан солып.

 

Сыйлайық ауыл, қала қауымдарын,

Өзен, көл, тіпті, ана тауын, бәрін.

Қашықта жүрсек-дағы сағынысып,

Сыйласып жүрейікші, бауырларым.

 

Аялап ішкен мына дала нәрін,

Өсиет қалдырыпты даналарым.

Қашанда ел-жұртыңды сыйлап жүр деп,

Ақылмен өсіріпті балаларын.

 

Ағайын, жөнің бөлек, киелісің,

Басыңды ықыласпен иемісің?

Сыйласып емен-жарқын жүрейікші,

Жақсыны бәрі-дағы сүйеді шын.

 

Кетпесін көзімізге мұнар толып,

Жүрейік жақсылыққа құмар болып.

Сыйластық - адамдықтың асқар шыңы,

Тағылымын мойынына тұмар болып.

 

ТӘУБА!..

Мақтанамын қазақтың атыменен,

Бауырласқан жақынмен, жатыменен.

Көтеріліп барады көк жүзіне,

Нұрлы өмірге бастайтын сатыменен.

Тәуба!

 

Қасиеті - мүжілмес өрлігінде,

Берекесі - айнымас тірлігінде.

Қазағымнан Тәңірім аямаған,

Енші етіп беріпті бірлігін де.

Тәуба!

 

Төзді қанша тағдырдың ауырына,

Шыдамдылық беріпті тауы мына.

Жылап келген бөтенді жатырқамай,

Баласындай басады бауырына.

Тәуба!

 

Ашаршылық, қырғыннан бері өтіп,

Пұшайманға түскен жоқ кері кетіп.

Мейірімді төріне ұялатып,

Қазағыма беріпті серік етіп.

Тәуба!

 

Тұлпардайын шабатын тым арындай,

Құзар шыңның жайқалған шынарындай,

Қасиеттің бәрі бар бір бойында,

Меймандостық қазақтың сыңарындай.

Тәуба!

 

Серілігін көресің аңшысынан,

Ал айтатын танисың қамшысынан.

Қуанышты іздейді қазақ деген,

Тіпті жауған жаңбырдың тамшысынан.

Тәуба!

 

Жүректері дария саласындай,

Айта берсем, рухты Алашым бай.

Жаһан жұрты алдында басын иген,

Пейілдері қазақтың, даласындай!

Тәуба!

 

АНА МЕН ҚЫЗЫНЫҢ  СЫРЛАСУЫ

Ана:

Санаңа берген ой-таным,

Сенсің, қызым -байтағым.

Сені берген Аллаға,

Шүкіршілік айтамын.

 

Қадірін сақтап салтымның,

Қызы болғын халқыңның .

Саналы болып бойжетіп,

Білімді болғын, алтыным.

 

Қызы:

Айтқаныңдай болармын,

Кемеліме толармын.

Қыран боп ұшып биікке,

Тұғырыма қонармын.

 

Сөзі алтын анасыз,

Сіз ғұлама - данасыз .

Қызың үшін білемін,

Шамшырақтай жанасыз.

 

Ана:

Міне, бүгін толғадым,

Ақылды қыз бол, жаным.

Мақтан етіп айтайын,

Сендей қызым болғанын.

 

Өмірдің көтер салмағын,

Биікке ұшқын, талмағын.

Ел сүйсінер қыз болшы,

Қатарыңнан қалмағын.

 

Қызы:

Сөздерің әрбір маңызды,

Анашым менің, жаны ізгі.

Пейіліңіз дархан ғой,

Шалқыған теңіз тәрізді.

 

Сіз барда - нұрлы күндерім,

Жүректе қалар үндерің.

Сізге жинап беремін,

Әлемнің барлық гүлдерін!

 

АЛЫСТАҒЫ ДОСТАРЫМА

 

Тасындай болған лағылдың,

Сендермен болар бағым мың.

Бір жүріп сырды ақтарған,

Сендерді, достар, сағындым.

 

Сағындым, иә, сағындым,

Бойымды билеп сағым мұң.

Барады жылжып уақыт,

Біздерге қалай бағынсын.

 

Сендерге жырды өрсем деп,

Әлемнің гүлін терсем деп,

Армандап әлі келемін,

Сендерге әкеп берсем деп.

 

Еңсеріп білім асқарын,

Ақтарып өмір астарын,

Жан- жақта жүрсің бәрің де,

Қосылар ма екен бастарың?

 

Бақытын өмір тыймасын,

Достарым менің - қимасым.

Сендерге арман - ақ  құсың

Қуаныш, шаттық сыйласын.

 

Қиялдар келіп ойыма,

Жиылып шаттық бойыма,

Сендерді жинап бір жерге,

Шақырсам деймін тойыма.

 

Жақсылық іске тоймайтын,

Армандар көп қой ойлайтын.

Сол күнді жүрмін күтумен,

Сендермен бірге тойлайтын.

 

Достарым, аман болыңдар,

Әлі де жүрер жолың бар.

Аққу боп жүзіп айдында,

Қыран боп шыңға қоныңдар!

 

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСА АДАМҒА

 

Өседі әркез бағаң да,

Көз салма теріс қадамға.

Қолыңнан келсе әйтеуір,

Жақсылық жаса адамға.

 

Біреудің терме еш кемін,

Лайлы суды кешпегін.

Өмірдің мәні - адалдық,

Ешкімнің жолын кеспегін.

 

Сәлеммен баста жол басын,

Ісіңді Алла қолдасын.

Адамның бәрін сыйлап жүр,

Мейірім болсын жолдасың.

 

Мына бір қысқа жалғанда,

Байып бір әбден толғанда,

Дәулетің сіңер бойыңа,

Ниетің түзу болғанда.

 

Кеудеңді қағып бөспе шын,

Менмендік ойды теспесін.

Кісілік деген - кішілік,

Ізетің бойдан өшпесін.

 

Қадірле іні, ағаны,

Ақылшың - қартың жағалы.

Сыйласып жүрсең бәрімен,

Бәрінен сол ғой бағалы.

 

Тасада қалып адалдық,

Досымыз болды қаталдық .

Қызғаныш, арам пиғылға,

Соншама неге маталдық?

 

Осыны ойлан бір мезет,

Жамандық найза тұр кезеп.

Адамға жат қылықтан,

Өкініп кейін жүрмесек.

ГИМНАЗИЯ - МЕНІҢ МЕКТЕБІМ

 

Гимназия - менің мектебім,

Өзіңде жүріп көктедім.

Күзім менен қысым да,

Өзіңде өтті көктемім.

 

Гимназия - менің мектебім,

Тарихта қалды өткенің.

Ахметтей ұлының

Кигендей болдық шекпенін.

 

Гимназия - менің мектебім,

Айтарым саған көп менің.

Ұстаздар берген біліммен

Шыңға қарай беттедім.

 

Рақмет саған, мектебім,

Айтарым алғыс тек менің.

Есімнен әсте шығар ма,

Тәрбие дәнін сепкенің.

 

Мектебім менің - мекенім,

Сезілді ыстық екенің.

Сені ойласам кей кезде,

Теңіздей шалқып кетемін.

 

Мектебім менің - киелім,

Ағыттым тілдің тиегін.

Қасиет қонған ақ ордам,

Сүйемін сені, сүйемін!

 

АНА - ҚАСИЕТ

 

Құдіретін бағала аналардың,

Одан артық айтшы сен, даналар кім?

Кей кездері анаға көңіл бөлмей,

Көп төмендеп кетеді саналар тым.

 

Кім бар артық анаңнан алтындайын,

Түсіне ме біреулер парқын-жайын.

Мерекені күтудің қажеті не,

Сыйлық жаса анаңа әр күн сайын.

 

Ана бізге ешқашан кейімеді,

Бақыт берген ананың пейілі еді.

Сенің барлық қиындық, ауыр ойың,

Құшағында ананың сейіледі.

 

Тартып бізді өмірдің иірімі,

Алшақтатты анадан кей іріні.

Ұстап тұрған әлемді тыныштықта,

Таусылмайтын ананың мейірімі .

 

Ана деген қашанда дара шың-ды,

Аз болады берсек те бар асылды.

Бұрып бір кез ат басын ауылыңа,

Барып тұрсаң анаңа - жарасымды.

 

Ана - бақыт, аналар - асыл мұрат,

Жүрген солар ұрпақтың басын құрап.

Тіршілікке тірек боп келе жатқан,

«Өмір» атты  диірменнің тасын бұрап.

 

Айжан Әлжаппар,

А. Байтұрсынұлы атындағы гимназияның 11-сынып оқушысы,

Қаратау қаласы.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар