Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Көкжелектегі «каскадер» келіншек

Көкжелектегі «каскадер» келіншек
Автор
«Мойынқұмда ел жайлауы, Ел жайлауы көк шалғын» деп әуелеткен ән құшағында Мойынқұм ауданына қонаққа бара жаттық. 40 градус ыстық кенезені кептіріп, шаршатады-ақ. Алайда тас қалада көрмегендіктен жолай кездескен тышқан, кірпі, тасбақаларды қызық көріп, ұстап алып, кейін құмға қайта жіберіп, жол қысқарттық. Жол жағалай өскен тал-дарақ жоқтың-қасы болғанымен, қаулаған сексеуілдер көзге оттай басылды. Бұл өсімдік қасиетті ағаш түріне жатады. Ертеректе ата-бабаларымыз сексеуілдің бірер бұтағын немесе томарын үйдің үстіне шығарып қоятын болған. Өйткені, үлкендердің сөзіне қарағанда қазақ мұны «Жамандықтан сақтайды, төбеден найзағай ұрмайды, жай түсірткізбейді» деп ырым еткен көрінеді.

Сексеуілдің тағы бір қасиеті бар. Оның ауаның тазаруына, көптеген шөптесін өсімдіктердің өсіп өнуіне қолайлы әсерін тигізетінінен жұрт хабардар деп ойлаймыз. Егер бұл өсімдік болмаса, шөл және шөлейт жерлердегі үйлер, ауылдар, бақ, жайылымдық жер, каналдар және басқа да жерлерді құм басып қалу қаупі туындайды. Сексеуіл ағаштарының тамыры өте мықты әрі құрғақшылыққа төзімді болып келеді.

Иә, расымен ағаш бар жерде, өмiр бар. Сексеуілдің отқа жанғыштығы және шоғының қызуын бойында ұзақ уақыт сақтағыш қасиетi көмiрден артық болмаса кем еместігін бала күнімізден жадымызға сақтап өскен едік. Ал өткен ғасырларда сексеуілдің қоламтасын көмiр ретiнде сатқанын шығармалардан оқығанбыз. Бұл өсімдіктің тағы бір ерекше қасиеті соққан желден құм көштерiн тоқтатады.

Біз діттеген меже – Көкжелек ауылына да келіп жеттік. Ауыл төріндегі «Светлана» атты дүкенге табан тіредік. Ыстықтан қаталап, шөл басу үшін дүкенге бас сұқтық. Сатушы Жанар Өтегенқызын алақандай ауылда бәрі «Каскадер Жанар» атап кеткен. Оған бұл келіншектің үйі мен дүкен ортасына қатынайтын скутері себеп болған. Расымен Жанардың есімі аталса, ауылдық жұрт жадырап шыға келеді екен. Оған тағы бір себеп Жанардың мейірім толы жүрегінен шыққан қайырымды істері. Ол дүкенге тұңғыш кірген балаларға «Қуыс үйден құр шықпа» деп сый-сияпат беруді әдетке айналдырған. Өзіне қарай созылған бүлдіршіндердің қолын бос қайтармауға тырысатынын жерлестері жақсы біледі. Одан бөлек, ауыл бүлдіршіндерінің қылығын қызықтап, қолдарына тегін балмұздақ ұстатып жіберетіні тағы бар.

Жанардың балаларды жақсы көретінін бүлдіршіндер де сезеді. Сондықтан болар олар сатушыға еркелеп, кейде «ақша» деп қағаз алып келеді. Сөйтіп қалаған тәттісін қағазға айырбастап алады. Мұндай сәттерде де қабақ түймейтін Жанар балаларға қатысты қызық оқиғаларды «TikТок» желісіне жүктеп, мәз болады.

Ал қарттарды құрмет тұтудан алдына жан салмайтын көкжелектік келіншек немерелерімен шай ішсін деп түрлі тәтті ұсынып, үнемі батасын алып жүреді. Есесіне ауыл қарттары да өз кезегінде дүкенші келіншеке базарлық алып келеді. Әсіресе Мекке, Мәдинеден келген әжейдің Жанар үшін арнайы әкелген тәспісі, мейірімді әйелдің көзіне жас алдырды. Бүгінде сол тәспі үйіндегі ең құнды сыйлықтың бірі болып, төрінде ілініп тұр.

Осындай мейірімді жүрек иесін ауылдастарынан ерекшелеп тұратын тағы бір қасиеті – оның ауыл қызына ұқсамайтын һәм еркіндікке ұмтылған өр мінезі еді. Киім киісі, өзін ұстауы, өмірге деген көзқарасы қалалықтарға тән Жанар бала күнінен ер балалармен дос болып, өзі де ержүрек қыз болып өскен.

Кешкісін құмды ауылдың қара жолын қақ жарып, скутер мінген Жанар қасымыздан құйғытып өте шығып, шаңдатып барып, дүкеннің алдынан бір-ақ тоқтады. Жалма-жан тіреуішін түсіріп, екі аяқты көлігін жол жиегіне қалдырып, дүкенге кіріп кетті.

Біз де соңынан ердік. Бұл жолы дүкен ішін баппен қарап, аядай бөлме ішінде түрлі ойыншықтан бастап, кәмпит-сәмпит, науат, алма-жүзім, тәтті сусын мен киім-кешекке дейін тізіліп тұрғанын аңдадық. Қалағаныңды табуға болады.

Ал соның бәрінен жанға жылы көрініп, көзге оттай басылғаны – әсем моншақтармен зерленіп, заманауи үлгіде түрлі-түсті жіптерден тоқылған жаздық тор бас киімдер мен дәл сол үлгіде түстерін сәйкестендіріп тоқылған аяқкиімдер еді. Дүкеншінің өзі де сәнге айналған тор бас киімін басынан тастамайтын сияқты. Қолдан шыққан бұйым екенін байқаған сәттен кім тоқығанын сұрап, кезекпен киіп көре бастадық.

– Анам Светлана тоқымамен айналысады. Сол кісі дүниеге келген сәтте ауылға электр энергиясы берілген екен. Сонда нағашы атам қатты қуанғаны соншалықты: «Бұл бізге жарық сыйлаған қыз! Сондықтан есімі Светлана болсын!» деп қуанышы қойнына сыймай, жаңа туған қызына осы есімді беріпті.

Бұл дүкенді бұрын менің ата-анам ашып, жүргізген. Бүгінгі таңда ол кісілер Тараз қаласына көшіп кеткен соң, дүкеннің иесі мен болып қалдым. Анамның еңбегі сіңген дүкен болғандықтан, отбасыммен ақылдасып, жолдасымның шешімімен дүкеннің атын анамның есімімен бұрынғыша қалдыруды жөн санадық.

Көпшілікпен жұмыс істеген қиын әрі қызық. Бәрінің тілін табуға тырысамын. Өзім туып-өскен елді мекен болғандықтан, ешқашан, ешкіммен сөзге келген емеспін. Дүкеннің маған өткеніне 4 жыл болды. Бұл кәсіпті мен қолға алған күннан бастап, күні бүгінге дейін қарызын өтемей жүргендер бар. Бірақ менен қарыз алғандардың соңына түсіп жатқан мен жоқ. Алдыма келіп, қаражаттары жоқ екенін айтып, өтініш жасағандарына қарызының үстіне қарыз жамап, сұрағанын беремін. Кейде қарызын өтей алмайтынын айтып, үстіне ақша сұрайды. Оларға да қаражат беріп тұрамын. Бірақ олардың кейбірі ұшты-күйлі жоқ болып, ақшаны төлемей кетеді. Кейін алғысын айтып, қарызын арнайы келіп өтеп кететіндер де баршылық. Барлығы нәсіпке байланысты ғой,– деп күледі ақжарқын келіншек.

Құрбысының тойында қыз жолдас боламын деп, сол тойдағы жігіт жолдастан бақытын тапқан келіншектің бүгінде төрт перзенті бар. Бірде ұлы мотоцикл сатып алады. Жанар ұлының екі аяқты көлігіне қызығып, оны айналшықтап қарап «Маған да осындай көлік болса» деген ойын жасырмай айтып қалады. Оған себеп ауылдастарының үйіне қонақ келе қалса, сатушы келіншекті түнде мазалап, дүкенін ашқызатыны бар. Одан бөлек, бұл бірде күннің ыстығында, енді бірде таңертең дүкенге бару керек бола қалса, лезде құйғытып жетіп баратынын ойлағаны.

– Бірде түн ішінде ұлым далаға шақырды. Есіктің алдына шықсам скутер тұр екен. Ұлымның тосын сыйын көріп, қуанышым қойныма сыймады. Оның достары скутерді көріп ұлыма: «Мамаң айдай алмайды-ау» деген екен. Алайда мен «Таңертең қалайда жұмысқа айдап баруым керек» деп бірден отырып айдап кеттім.

Негізі көлік алу ойымда бар. Оған қарыз алып, бермей кететіндер көп кездесетіндіктен қаражатымды жеткізе алмай жатырмын. Ал скутерімді басқа көлікке айырбастамас едім. Құйындай құйғытып, ауыл ішіндегі бар тірлігімді осының арқасында лезде бітіріп жүрмін. Ал мені мұндағылар «каскадер» атап кетті.

Бұрын құрылыста, балабақшада және тағы басқа жерлерде жұмыс істедім. Қай жерде, қандай жұмыс істесем де үйге келіп, түрлі ас, мәселен, бәліш, хот-дог сынды тағамдарды дайындап, оған тапсырыс алып, азын-аулақ табыс табатынмын. Ешқашан дайын асқа, тік қасық болған емеспін. Тынбай тірлік істеген адам, міндетті түрде көп ұзамай оның жемісін де көреді, – дейді ол.

Таң шұғыласымен оянып, скутеріне отыра салып ауыл ішін жол қылып жүрген ерке келін – каскадер Жанардың кең жүрегі қайырымдылықпен айналысқанды ұнатады. Дүкенді де сондай игі істің бастамасы ретінде ашқан сыңайлы. Әлемді мейірім ұстап тұрғаны рас болса, Жанардың алдында талай қақпаның есігі ашылары анық. Жолың болсын, каскадер келіншек!

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Алып анадан туады
Алдыңғы мақала
Алып анадан туады

Ұқсас жаңалықтар