Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Алып анадан туады

Алып анадан туады
Автор
Қандай да бір аласапыран кезеңде, қуаныш пен қайғыда немесе қиындықта адамның ернінің ұшына есімі ең бірінші оралатын бір адам бар. Ол – ана! Нендей қуаныш, шаттыққа кенеліп, абыройың асқақтап, қандай қолжетпес биік мансап, марапатқа ие болсаң да алдыңда кішірейіп тұратын бір адамың бар. Ол да анаң! Қаншалықты қуатты, күшті болса да анасының алдында әрбір адам әлсіз.

Тар құрсағын кеңітіп, алпыс екі тамырын идіріп, иіліп бесік таянып, тәтті ұйқысынан бір түнде мың оянған аяулы жанның құрсағынан небір батыр, небір дарын иелері, айтулы ақын мен абырой-атағы асқақтаған алыптар шыққан. Сондықтан олардың жұдырықтай жүрегі барша мейірім атаулының мекеніне айналған. Аналардың «айналайынына» Алатау, алақанына Қаратау сиып кетердей-ақ кеңдігі мен құдіреті бар.

Биік-биік белесті бағындырып, асқаралы шыңның жүзіне шыға қалсаң, сол аяулы жанның арқасы екенін біліп тұрасың. Сондықтан «Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да, ақ сүтін ақтай алмайсың» деген сөз бар халық даналығында. Бұл сөз кез келген пенденің, перзенттің анаға деген көрсетер құрметінің ұшы-қиыры жоқ екенін меңзейді.

Осы орайда шаршы топта шашасына шаң жұқтырмай, еліміздің абыройын асқақтатып жүрген спортшылардың аналарымен тілдескен едік. Спортшының анасы болу – асқан жауапкершілік пен шыдамдылықты, оған қоса айрықша еңбекті талап етеді. Сондай-ақ кез келген спортшының ең бірінші жанкүйері, ең жақын досы, адал тәлімгері және ең қымбат адамы да анасы болып қала бермек.

Алдымен спортта жоғары жетістіктерге жетіп, ата-анасының ғана емес, шет мемлекеттердің алдында Қазақстанның, оның ішінде облысымыздың атақ-даңқын көкке өрлеткен спортшы Олжас Сәттібаевтың анасы Әмина Сәттібаеваны әңгімеге тарттық.

– Олжас бала күнінде зерек, алғыр әрі ерке болып өсті. Көзінде оты болатын. «Әке балаға сыншы» демекші, Олжастың бойындағы өжеттікті, қайтпас қайсарлықты әкесі таныды. Дәл сол уақытта Болат Жұмәділов әлем чемпионы болған еді. Әкесі Көсемәлі Сәттібайұлы «осындай рухты жандардың жолын қуса» деген ниетпен Олжастың ағасы Досхан екеуін спорт кешеніне жетектеп алып барды. Сөйтіп Ермек Ертаев, Мұхтар Бердімбетов есімді ағайларына табыстаған болатын.

Бірде әкесі балалардың қалай жаттығып жүргенін білу мақсатында оларды іздеп барады. Сөйтсе Олжас қолғаппен ұратын қаптың, тартылуға тиіс арқанның үстіне мініп алып, тербетіліп ойнап жүр екен. Бірінші сыныпқа да ағасына ілесіп, ерте барды. Кейін Олжасты Мұрат есімді басқа жаттықтырушы алды. Ол ағайы бірден «Олжастан бірдеңе шығады» деп үміттенді. Содан Олжастың еркелігі өжеттікке айнала бастады. 2005 жылы Англияның Ливерпуль қаласында өткен кадеттер арасындағы әлем чемпионатында Олжас алтыннан алқа тағынды.

Ол уақытта телефон жоқ еді. Таңғы сағат 04.00-де жаттықтырушысы қоңырау шалып: «Баламыз чемпион болды!» деген сәт әлі құлағымда.

Одан кейін Морокко қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Қазақстанның 5 дүркін чемпионы атанып, өзінің мықтылығын көрсете бастады.

Ұлым шаршы алаңға шыққан сәтте, маған өте қиын. Мұндай сезімді сезіну үшін, бастан өткеру керек. Балама экраннан қарап тұрамын. Мен қобалжысам, ол да қобалжып қала ма деген үреймен, мықты болуға тырысамын. Бірақ бокстасып біткенше ақ тер, көк тер боламыз. Әкесі шыдай алмай, сыртқа шығып кетеді. Баланың жағдайын қайта менен сұрап отырады. Менің түсінгенім балаңа қолдау көрсету үшін, өз жүрегің мықты болуы керек, – дейді Әмина Лутипуллақызы.

Ана жүрек баласына жолданған әрбір сөз, іс-қимылды жүрегімен қабылдайды. Уайымдайды. Бәрін сабыр жеңетініне көзі жетеді. Сондықтан Олжастың анасы ұлына сабырлы болуды үйретіп, ақ жүрегімен Алладан үнемі сабыр сұрап жүреді.

Жеңісі мен жеңілісі қатар жүрген спорт алаңында әсіресе Олжас ұтылған сәтте анасының көкірегі қарс айырылатын. Өзі үшін емес, әрине, ұлы үшін. Сондағысы «спорттан көңілі қалмаса екен» деп ойлағаннан. Небір қиындықты басынан өткізген сәттерде «қолын бір сілтеп кетіп қалмаса екен» деп тілейтін.

– Баламыздың шаршы алаңға шыққан сәтін біз ғана емес, бүкіл қазақ жұрты кірпік қақпай көріп отыратынын сездім. Облыс әкімі болған Серік Үмбетов ағамыз бірде Олжастың жекпе-жегін теледидардан көріп отырып, бізге қоңырау шалды. Біз тойда отырған едік. Сонда бізге: «Балаларың рингте жүр, неге тойда отырсыңдар» деп ренішін білдірді. Мұндай сәтте ерекше толқисың. Себебі балаңның атасының ғана емес, бүкіл қазақтың баласы болғанын сезінесің.

Баланың жеңісіне әкенің ықпалы зор. Ана мен әке құстың қос қанатындай болып, баланы екі жағынан қолдап жүрсе, ол бала қашан да бақытты. Үйдің отағасы баланы спортқа баулып, шынықтырып шымыр ету мақсатында көп жағдай жасайтын. Міне, осындай көңіл бөлулер, балалардың биікті бағындыруына алып келеді.

Бірде Олжасқа әкесі «КамАЗ» жүк көлігінің дөңгелегін алып келді. Соны үлкен балғамен (кувалда) күнделікті ұрғызып: «Қолың қуатты болуы керек, шынығуың керек» деп бала күнінен өзі қадағалайтын. Жеген тамағы мен дәрумендеріне де әркез көңіл бөлесің. Баланың көңіл күйінен бастап, әр жетістікке басқан қадамы, барлығы әке-шешесінің қамқорлығына байланысты, – деді Олжастың анасы.

Аналар туралы қанша айтсаң да аздық етер. Жуырда ғана Иорданияның Амман қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында ел намысын қорғаған 16 жасар Диляра Тұрсынбек бокстан Қазақстанның абыройын асқақтатып, алтын жүлдеге ие болды. Жас спортшының бұл жетістігі өзінің табандылығы мен ерік-жігерінің нәтижесі болғанымен, оның тынымсыз еңбегінің ар жағында тағы да аяулы ананың аялы алақаны тұрғаны анық.

Талас ауданы, Майтөбе ауылындағы Тұрсынбек әулеті 8 бала тәрбиелеп өсірген. Сол үлгілі отбасындағы қара шаңырақтың қазанын оттан түсірмеген Бақыт Сағынбекова өз отбасын айрандай ұйытып, тіршілігін тіктеп, үйдің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген кенже келіні. Таңалакеуімде сиыр сауып, өріске айдап, қора-қопсыны тазалап, нан ашытып, оны табаға көміп, су тасып, күбі пісіп, май шайқаған тынымсыз тірлігі еленіп-ақ келеді.

Алайда аяулы ана өз перзентінің жеткен жетістігі өміріндегі мәртебесі биік һәм ең ұлы абырой екенін сезінгенін айтады. Үнемі «боксшы қызым қатты соққы алып қалмаса екен» деп тілеуін тілеп отырады. «Қарсыласыңды сыйла. Сен оған жау емессің» деп ескертуді әдетке айналдырған. Жұдырығы жуан болғанымен, жүрегі нәзік қызының болашақ жар, аяулы ана болуға тиіс екендігін ұмытпайды. Ана атану жолында да бағындырар белестің көптігін жиі айтып, әр турнирден келген сайын ас үйде қыз балаға тән жұмыс игеруін талап етіп, шыңдай түсуге атсалысады.

Ана көңіл алғашқы жылдары шынашақтай қыз шаршы алаңға шыға сала, оның қарсыласымен күш сынасқан сәтін көруге шамасы келмегенін жасырмады. Басында екі-үш рет отағасы Құрманғалиға «Қыз бала ғой. Бәлкім боксты қоя салу керек шығар. Соққы алады ғой, ауыр болар» деп өтінгені бар. Алайда қызының болашағынан бапкерлері үміт күткен соң, шыдамдылық танытып, қызының спорттағы жолына кедергі келтірмеу мақсатында үнсіз қалуды ұйғарады.

Қызы шаршы алаңға шыққаннан анасы кенжетайының жұдырықтасу сәтін теледидардан көруге дәті бармайды. Үй айналып, тыста тақым қысып, ары мен жанын бауыр еті баласының жолына садаға етіп, дұға оқи бастайды. Мазасыздық пен уайымнан тынысы тарылып, шын тілеулес болып, сайыстың соңына дейін әзер шыдайды.

– Диляра кішкентай кезінен әкесінің қасынан шықпайтын. Шөп орса да, егін ексе де жанында жүретін. Бірде 3-сынып оқып жүргенде трактордың орағы қызымның бір саусағын кесіп өтті. Қан тоқтамай, біз қорқып жылап жүрміз. Ал сол сәтте небәрі 8-9 жасар қызымның көзінен бір тамшы жастың орнына, қайсарлық пен терең төзімділікті сұсын байқаған едім.

Соншалықты тынымсыз болған соң үлкен қызым: «Әке, осы қызды спортқа беру керек» деп ой тастаған болатын. 7 жасқа толған жылы әкесі Қаратау қаласына таэквондо спорт үйірмесіне тасыды. Ауылда мұндай үйірме болмағандықтан, 20 шақырым қашықтықта орналасқан аудан орталығына қатынап жүрді. Сол уақыттың өзінде әкесі көліктен түсіріп, жол-жөнекей жүгіртіп баратын.

Кейін көлігіміз болмай қалған кезде қыздың өзі кейде газель, кейде таксимен баратын. Сондай қысыл-таяң кездері такси күтпей, кетіп қалғанда ызаланып, үйге жылап келетін. Біраз уақыттан соң ауылдан бокс секциясы ашылып, әкесі боксқа берді. Бас-аяғы 3 жылын таэквондоға арнаса, боксқа қатысқанына 6 жылдың жүзі болды. Алайда оның асқақ арманы бала кезінен қалыптасты. Сол арманға жету жолында шаршаса да жаттығып, үнемі күш-жүгерін шыңдаған үстіне шыңдай түсті.

Бала да болса жеңістің қандай болатынын ерте түсінді деп ойлаймын. Себебі кішкентай қойын дәптерінің бір бұрышында «Чемпион болғым келеді» деп жазылып тұратын. Сол мақсатына жету жолында аянбай тер төкті. Бүгінде «Диляраның анасы» деген атты арқалап жүрудің өзі мен үшін де үлкен абырой. Қызым жеңіске жеткенде гүл шоқтарымен күтіп алған сәтте кеудемді керемет мақтаныш сезімі билейді. Ана үшін баласының биік белестерді бағындырғанын көруден асқан бақыт жоқ, – дейді Бақыт Қуатқызы.

Бүгінде Диляра Құрманғалиқызының бапкерлері Берік Қойтаев пен Асан Сейдалиевке анасы алғысы шексіз екенін білдірді. Бала жүректің жылт еткен жарығынан үлкен үміт күтіп, соны шыңдап, қамқорлық танытқаны үшін аналық жүрегімен дән риза екендігін жеткізді.

– Құдай бақты көтере алатын адамға беретінін білемін. Сондықтан қандай асу, нендей қиындық болмасын қызымның жүрегіне иман тілеймін. Инабаты мен ибасы жарасым тапқан, бойында қазақ қызына тән сабыр мен салиқалы мінез дарыған спортшыма тек биіктерді бағындыруға тілекшіміз.

Сол спорттың аласапыран жолында төккен маңдай тері ақталса, өзі қалаған биігінен көрінсе болды. Ана үшін баласының аман жүргенінен асқан бақыт жоқ. Балаң чемпион, лидер, президент болса да бала болып қала береді. Әрбір түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүтін беріп өсірген аналардың балалары үмітін ақтаса екен деп тілеймін, – дейді Диляраның анасы.

Иә, расымен солай. Бір жолы майданнан аман-сау қайтқан бір сарбаз: «Ананың иісінен артық жұпар, ананың махаббатынан ұлы дүние көрмедім. Ауызға ең бірінші оралатын қасиетті адам, қастерлі сөз де сол ана. Іңгәлап дүние есігін ашқаннан, соңғы демі біткенше адам баласы анасын ойлайды.

Майдан даласында талай боздақтың жантәсілім еткенін өз көзіммен көрдім. Сонда олар ажалдың ауыздығымен арпаласып жатып та, ең соңғы демімен бірге, анасын еске алып, «Мама» деп күбірлеп барып, ақтық сапарға аттанып кете баратын. Қандай батыр, қандай алып болмасын ананың құрсағынан шығып, аялы алақанынан жылу алған соң, анаға қарыздар болып, сол асыл адамнан алған мейірімді ешқашан ұмыта алмайды. Әрбір жеңіс аналардың құрметі үшін!» деген екен.

Баласының бақытын бәрінен биік қоятын аналар аман болсыншы!

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар