Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тағы бір оқу жылы аяқталды. Нәтиже қандай?

Тағы бір оқу жылы аяқталды. Нәтиже қандай?
Автор
Көзді ашып-жұмғанша тағы бір оқу жылы аяқталды. Түлектеріміз өмірдің жаңа парағын ашатын ерекше сәттің алдында тұр. Жалпы биылғы оқу жылы облысымыз үшін жемісті әрі табысты болды. Ендеше, осы оқу жылындағы жағымды жаңалықтарға, маңызды оқиғаларға, жарқын жетістіктерге қысқаша шолу жасасақ...

ҚАНША ТҮЛЕК МЕКТЕППЕН ҚОШТАСАДЫ?

2024-2025 оқу жылын 523 орта білім беру ұйымындағы 247 422 оқушы аяқтайды. 9-сыныпты 23 462 оқушы, 11-сыныпты 14 570 оқушы бітіреді.

Оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес мектептерде оқу мерзімі дәстүрлі түрде 34 аптаға созылады. Оқу 25 мамырда аяқталады. Орта білім беру ұйымдарында сабақ аптасының бес күндік екенін ескере отырып, 1-10-сынып оқушылары үшін соңғы сабақ күні 23 мамырда «Білімім – Отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты форматында өткізіледі. Сол секілді 11-сынып түлектері үшін 24 мамырда мектептерде «Мектебім, саған, мың алғыс» тақырыбында салтанатты іс-шара ұйымдастырылады.

Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес, 9 және 11-сынып оқушылары үшін қорытынды мемлекеттік емтихандардың мерзімдері айқындалды. 9-сынып оқушылары үшін қорытынды мемлекеттік емтихандар 4 пәннен 29 мамыр мен 10 маусым аралығында өтеді деп жоспарлануда. Ал 11-сынып түлектері 30 мамыр мен 16 маусым аралығында 5 пәннен мемлекеттік бітіру емтихандарын тапсырады.

Өткен жылы тұңғыш рет барлық мектепте оқыту тіліне қарамай қазақ тілі және әдебиет пәнінен аралық емтихандар енгізілді. Аралық емтиханды 5,6,7,8,10-сынып оқушылары 27-31 мамыр аралығында тапсырады.

Бүгінгі күні 714 мектеп бітіруші «Алтын белгіге», 990 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. Мектеп бітіру аттестаттарын түлектерге тапсыру салтанатын 12-15 маусым аралығында өткізу жоспарлануда.

Түлектер үшін тең жағдай мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мектеп форматынан тыс, сән-салтанатты іс-шаралар ұйымдастыруға, ақша жинауға, автокөлікпен шеруге шығуға және басқа да ауқымды жағдайда мерекелеуге жол берілмейтінін тағы да еске салғымыз келеді.

 

ӘРБІР ЖЕТІСТІК – ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ЖЕМІСІ

Осы оқу жылында оқушыларымыз елеулі табыстарға қол жеткізді. Қатысқан халықаралық, республикалық, олимпиадалар мен байқаулардың барлығында жүлделі орындардан көрініп, облысымыздың мерейін асқақтатты.

Республикалық ғылыми жобалар байқауында 35 оқушымыз жүлдегер атанып, өңір командасы «Ең үздік команда» деп танылды. «Зерде», «Ғылым әлемін ашамыз», Өмірбек Жолдасбеков атындағы және өзге де халықаралық конкурстарда жүзден жүйрік шыққан жастар түрлі медальдарға ие болды.

Жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша өткен республикалық олимпиадаларда өрендеріміз 32 жүлде жеңіп алып, «Ең үздік олимпиадалық команда» атағын иеленді.

«Білім-Инновация» лицейінің, Пушкин атындағы №41 мектеп-гимназияның және Жамбыл Жабаев атындағы №5 мектеп-гимназияның оқушылары елімізде және халықаралық деңгейде ұйымдастырылған жарыстарда топ жарып, ІТ, STEM, робототехника, информатика, өнер мен көркемсөз байқауларында жоғары нәтижелер көрсетті.

«Мың бала» ұлттық олимпиадасында соңғы үш жылда 357 ауыл оқушысы жеңімпаз атанып, олардың 268-і мамандандырылған мектептерге қабылданды. «WORLDSKILLS KAZAKHSTAN – 2024» чемпионатында облыс студенттері «Ақпараттық кабельдік желілер» құзыреттілігі бойынша І орын, «Бизнестегі ІТ шешімдер» құзыреттілігі бойынша ІІІ орын және 11 медальон алды.

Білім саласындағы жарқын жетістіктер – білім саласындағы жүйелі жұмыстың, ұстаздардың еңбегі мен оқушылардың табандылығының нәтижесі.

 

СТУДЕНТТЕРГЕ ДЕ ҚОЛДАУ КӨП

Бүгінде облысымыздағы 20 мемлекеттік, 22 мемлекеттік емес, барлығы 42 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында 28 219 студент білім алуда. Санаулы апталардан кейін 7 248 студент дипломын алып, (3 880-і мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алған), маман атанғалы отыр.

Өткен жылы маман даярлауға бөлінетін грант саны 1 136-ға артса, биыл 7 656 грант бөлінді.

Тағы бір айта кететін жақсы жаңалық, қыркүйек айынан бастап студенттердің шәкіртақысы 2 есеге, нақтылап өтсек 43 574 теңгеге өсті. Одан бөлек, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде білім алатын 19 219 студенттің 1 019-ы жатақханамен, 7 571 студент ыстық тамақпен қамтылып, 6 000-ға жуық студенттің жол шығынын өтеу бойынша әлеуметтік қолдау тұрақты көрсетіліп келеді. Бұл өз кезегінде жұмысшы мамандықтарға түсуге ниет білдіруші жастардың қатарын арттыруға ықпал етті.

Өздеріңізге белгілі, бүгінде облысымызға инвестиция тарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Инвестициялық жобалар аясында техникалық және кәсіптік білім беру саласында жүйелі жұмыстар басталып кетті. Атап айтқанда, 2025-2027 жылдары облысымызда металлургия және ауылшаруашылығы салаларында ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ. Мәселен, «Yonggang Iron and Steel Group Co., Ltd» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің металлургия саласындағы жобасы аясында 1 000 жұмыс орны, ал «Investment Co., Ltd. Fufeng Group Ltd» компаниясының жүгері өңдеу зауытында 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Осындай ауқымды жобаларды іске асыру сапалы кадрлар дайындауды талап етеді. Осыған байланысты өңірімізде шетелдік колледждің филиалын ашу жоспарлануда. Бұл бағытта Қытай Халық Республикасының Сиянь қаласындағы кәсіптік білім беру комитеті мен облыс әкімдігі білім басқармасы арасында өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

 

ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫН АЛДЫ

Былтыр 16 білім нысанының (11 мектеп, 5 жапсарлас құрылыс) құрылысы аяқталды. Нәтижесінде 8 оқушы орны тапшылығы бар, 3 үш ауысымды, 3 тозығы жеткен, 2 апатты мектептің мәселесі шешілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласындағы бастамаларын жүзеге асыру шеңберінде аймақта 2023 жылы 7 жайлы мектептің құрылысы басталып, үшеуі 2024 жылы, біреуі 2025 жылы пайдалануға берілді. Бұл жұмыстар өз жалғасын тауып, жыл соңына дейін тағы 3 мектептің құрылысы аяқталады.

Өткен жылы облыс мектептері үшін 285 жаңа үлгідегі пәндік химия, физика, биология кабинеттері, 22 STEM зертханасы, 21 робототехника кабинеті, 53 ұлдарға және 52 қыздарға арналған шеберхана сатып алынды. Бұл оқушылардың тәжірибелік дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді деген сенімдеміз.

Келесі кезеңде мектеп инфрақұрылымын бірыңғай заманауи форматқа көшіру көзделуде. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес мектептерді реновациялау бағдарламасы басталды. 2025 жылы бұл бағдарлама аясында 10 мектепке жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.

Осылайша, 2024-2025 оқу жылын абыроймен аяқтадық.

Алтын ұя мектебімен қоштасатын түлектерге сәт-сапар тілейміз!

Келесі оқу жылы жаңа мүмкіндіктер мен үлкен жетістіктердің бастауы болғай!

Нұрбек ОРШЫБЕКОВ,
облыс әкімдігі білім
басқармасының басшысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар