Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Соңғы қоңырау – жаңа бастаманың нышаны

Соңғы қоңырау – жаңа бастаманың нышаны
Коллаж. А.Қартабай
Тәуелсіз елдің ұраны білім болса, қыраны – жас түлектер. Соңғы қоңыраудың сыңғыры жас түлектерге мектеп қабырғасы кешірген қателіктерді, келешекте өмір кешірмейтінін ескертіп жатқандай.

Енді оларды бұрынғыдай мектеп күтіп алмайды, олар үшін мектеп қоңырауы соғылмайды. Ұлдар да дәл баяғыдай қыздардың бұрымынан тартып, портфелін ала қашпайды. Қыздар да әппақ, кіршіксіз балалықтың белгісіндей болған ақ бантиктерін енді ешқашан тақпайды.

Бүгіннен кейін оларды тақтаға апарар жол, басқа арнадағы соқпағы сан алуан, өзіндік өрнегі бар ересек ғұмырға жетелейді. Математика сабағында оқушылармен бірігіп шешкен есептерін, енді өмір сабағы өзі шешіп береді.

Әр уақыттың сезім сәулесінің себезгілеп құяр тамшысындай қастерлі шағы, қоштасар мезгілі бар. Кеше мен бүгіннің арасын жалғап тұрған мектеп қабырғасындағы он бір көктем, он бір күздің артта қалғанының айғағындай болып соғылар соңғы қоңыраудың үні сондықтан аяулы, сондықтан қимастыққа толы.

Мектептің маңызы біліммен ғана өлшенбейді. Оның маңызы алғаш әріп танып, әліппені үйренуге барған оқушының бойына сіңірген бар адами асыл қасиетті дарытып, адалдық пен парасаттың биігіне жетелейтін қадірінде жатыр. Сондықтан мектеп адам жанына жарығын төккен сөнбес сәулесі, жүрегіне жаққан шамшырағы болып қала бермек.

Мектеп табалдырығын алты жасында тарыдай болып аттаған бүлдіршіндердің таудай тұлғаға айналып, мектебімен қоштасар сәті жеткені кім-кімді болсын бейжай қалдырмайды. Бірге әріп танып, бірге есейіп, ақыл тоқтатар жасқа да бірге жеткен түлектер енді келешекке де бірге қанат қағып, алтын ұясымен қош айтысады.

Бастауыштан, жоғары сыныпқа бірге көшіп, он бір жыл бойы бірге ойнап, емтиханға бірге дайындалған құрдастардың қызық пен шыжыққа толы күндерінің келмеске кеткені осы соңғы қоңырау күні шын мойындалады. Сүйікті ұстаз, ұнамды пән, асыр салып ойнайтын орта бәрі артта қалып, қалаған мамандық иесі атанып, ақын Абай Құнанбаев айтқандай «дүниенің кетігін тауып, кірпіш болып қалануға» ұмтылады.

Соңғы қоңырау салтанаты ең алғаш рет 1948 жылы 25 мамыр күні Мәскеу қаласында өткен екен. Одан кейін бұл мерекелік іс-шараны бірқатар елдер білім жүйесіне енгізген. Қазіргі таңда Ресей, Белорусь, Қырғызстан, Әзірбайжан, Украина, Армения, Өзбекстан, Түрікменстан, Грузия, Латвия сынды елдермен қатар Қазақстанда да өз дәрежесінде аталып өтеді.

Ыбырай Алтынсарин қараңғы қазақ көгіне білімнің шамшырағын тұтатып, тұңғыш қазақ мектебін ашқан ағартушы.

«Оқысаңыз балалар,

Шамнан шырақ жағылар.

Тілегенің алдыңнан,

Іздемей-ақ табылар» деп, білім шамшырағының бәрінен жарық, сауатты тұлғаның тұғыры бәрінен биік болатынын осы өлең жолдары арқылы ұқтырған.

Сөйтіп, алғаш рет қазақтың даласында «Дала қоңырауы» сыңғырлаған болатын. Білім нәрімен сусындаған оқушының санасын оятып, дабыл қаққан қоңырау үні оның зердесінің ашыла түсуіне себепкер болатындай. Осындай салтанатты һәм қимас сәт әр жүрекке ерекше із қалдырары сөзсіз.

Соңғы қоңыраудың жүрек тебірентер үні әрбір түлектің мектеп қабырғасын алғаш аттаған сәттерін есіне түсіріп, алты жасында ата-анасының құшағынан шығып, алғашқы ұстазының қолынан қапсыра ұстаған сәтін күні бүгінгідей көз алдына алып келді. Алғаш әліппені қолына алып, жазуды меңгеріп, оқуға талпынған сәтін еске алды. Қалам ұстап, хат таныды. Кітап оқып, есеп шығарды. «Ұстазым» деп ән салып, «мектебім» деп өлең оқыды. Тақтаға әр шыққан сайын сауаты ашылып, көңіл көкжиегі кеңейе түскен еді.

Сөйтіп жүріп есейіп, сөйтіп жүріп мектептің түлегі атанды. «А»-ға «Б»-ны қосып оқып, 1-ді 2-ге көбейтуді үйреткен ұстаздың самайындағы әрбір ақ шашына қарыздар екенін ұқты. Енді міне, соңғы рет соғылғалы тұрған жезқоңыраудың қоңыр үні жүрегін тербеп, әр мектеп бітірушінің кеудесін қимастық сезімі билеп тұрғаны анық.

Әр кеудеге қимастық сезімін ұялатқан аяулы сәт қайтып келмейді. Көбелектей шыр айналған түлектер әр сөзі ақыл, әр әрекеті үлгі ұстазының құшағын гүлге толтырып, өз өмірін нұрға айналдырып, болашаққа қанат қағып бара жатыр. Сондықтан соңғы қоңырау қоштасу емес, жаңа бастаманың нышаны, биікке жетелер баспалдағы. Кеудесін кернеген мың арманға жол ашып, сағынышқа айналатын бұл күннің әдемі естеліктерге, көтеріңкі көңіл күйге толы болғанының өзі ғанибет.

Талабы таудай әр түлектің арманы асқақ, беделі биік болғай!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар