
Бүгін еліміздің барлық мектептерінде бір мезгілде «Білімім - Отаныма» бірыңғай сынып сағаты өтті. Сынып сағатының аясында министр барлық мектеп оқушыларын 2024-2025 оқу жылын табысты аяқтауларымен құттықтады.
Министрдің айтуынша, бұл оқу жылы жарқын жетістіктер мен маңызды табыстарға толы болды. Мемлекет басшысының бастамасымен бір жыл ішінде елімізде рекордтық көрсеткіш – 257 жаңа мектеп ашылып, білім беру инфрақұрылымы едәуір кеңейді.
Халықаралық білім бәйгелерінде де оқушыларымыз жоғары нәтижелерге қол жеткізді – 362 медаль, оның ішінде 41 алтын медаль жеңіп алды.
Ол педагогтердің жетістіктеріне жеке тоқталды. Биыл білім беру саласында алғаш рет бірден екі педагог — Гүлжанар Нұрпейісова мен Эльмара Траисова «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды.
«Сіздер – мектептің жүрегі, білім мен тәрбиенің алтын арқауысыздар. Академиялық біліммен қатар, шәкірттеріңізге ұлттық құндылықтарды дарытып, олардың саналы азамат болып қалыптасуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Сіздерге өскелең ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие берудегі жанашырлықтарыңыз, ұстаздық миссияға деген адалдықтарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін», — деді Ғани Бейсембаев.
Оның айтуынша, осы жылдағы маңызды бастамалардың бірі балалардың құқықтарын қорғау жүйесінің нығая түсуі. Осы мақсатта мемлекет балалардың білім, тәрбие алуына, дамуына және оларды қорғауға бағытталған үш негізгі заң қабылдады.
Сондай-ақ министр барлық ата-аналарға көрсеткен қолдаулары үшін алғыс айтып, 217 мың мектеп бітіруші мен 173 мың колледж түлегіне жарқын болашақ тіледі.