Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Еңбек адамының мүддесі ескерусіз қалмайды

Еңбек адамының мүддесі ескерусіз қалмайды
egemen.kz
Еліміздегі кәсіподақ қозғалысының тарихы ХХ ғасырдың басынан бастау алатынын біреу білсе, біреу білмейді. Қазіргі Қарағанды облысының аумағында 1905 жылы 6 желтоқсанда құрылған  Өспен мыс кеніші жұмыскерлерінің  одағы ресми түрде елдегі алғашқы кәсіподақ ұйымы болып саналады.

Кеңес заманында Қазақстан Республикасының барлық кәсіподақтарының қызметін 1948 жылы Бүкілодақтық Орталық Кәсіподақтар Кеңесінің XIX Пленумының қаулысы негізінде құрылған бірыңғай орталық орган – Қазақ кәсіподақтар кеңесі басқарған еді.

1990 жылы 10 қазанда Қазақстан кәсіподақтарының XIV съезінде Қазақ кәсіподақтар кеңесінің  заңды мұрагері – Қазақ КСР кәсіподақтар федерациясының құрылуы туралы декларация қабылданды.

Федерация кәсіподақтардың іс-әрекеттерін біріктіруді, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен мүдделерін білдіру және қорғауды, кәсіподақтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуді  өз қызметінің басты мақсаты ретінде белгілеп,  мемлекеттік органдардан, жұмыс берушілерден және саяси партиялардан тәуелсіздігін жариялады.

1992 жылдың 3 наурызынан бастап Қазақ КСР Кәсіподақтар Федерациясын Қазақстан Республикасының  Кәсіподақтар Федерациясы деп өзгерту туралы шешім қабылданды.

120 жылдық тарихы бар Қазақстан кәсіподақтары   еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде өзіндік орны бар ең ірі қоғамдық ұйымға айналды.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының құрамында 1,7 миллионға жуық мүше бар, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының саны 16 мыңнан асады. Сонымен қатар 24 салалық кәсіподақ ұйымы мен 17 аумақтық кәсіподақ бірлестігі жұмыс істейді.

Жалпы еліміздің кәсіподақ ұйымдары өз жұмыстарын республикалық Кәсіподақтар Федерациясының XXVI съезінде қабылдаған «Әділеттілік пен дамуға бірлікте!» атты 2020-2025 жылдарға арналған стратегиялық даму бағдарламасын негізге ала отырып жүргізуде.

Қоғамның басты байлығы – еңбек адамы. Баршаға белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында алдағы даму кезеңіне байланысты ел алдына көптеген жаңа міндеттер қойған еді. Әсіресе, Президент елдегі кадр мәселесіне жіті көңіл бөлу керектігін алға тартып, биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған болатын. Қазақстан кәсіподақтары үшін бұл үлкен қолдау, себебі кәсіподақ өкілдерінің басым бөлігі де – жұмысшы мамандық иелері.

Осыған байланысты жыл басынан бері билік тарапынан да, кәсіподақтар тарапынан да еңбек адамының мәртебесін көтеріп, абыройын арттыру және қоғамда танымал ету бойынша кешенді жоспарлар құрылып, жүзеге асуда.

Сонымен қатар, бүгінгі күні Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының өз Жарғысына сәйкес ел ішінде атқарып отырған жұмыстарынан бөлек, халықаралық деңгейдегі беделі мен абыройын да  атап өткен жөн. Соның айқын дәлелі Халықаралық Еңбек Ұйымының (ХЕҰ) Бас директоры Жильбер Унгбоның Қазақстанға алғашқы сапарын кәсіподақтар жұмысымен танысудан бастағанын мақтанышпен айтуға болады. Бұл сапар еліміздің кәсіподақтарының күш-жігерін халықаралық аренада мойындаудың дәлелі болды.

Халықаралық Еңбек Ұйымының басшысы Федерацияның қызметіне жоғары баға беріп, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, гендерлік теңдік, жастарды жұмыспен қамту, ХЕҰ Конвенцияларын ратификациялау және халықаралық еңбек стандарттарын енгізу сияқты негізгі мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға қызығушылық танытты.

Сондай-ақ, өткен жылдың қараша айында Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Барлықеуропалық өңірлік кеңесінің Атқару комитетінде (ВЕРС) жазғы мектепті Қазақстанда алғаш рет өткізу туралы келісімге қол жеткізілді. Биылғы 9-10 шілде аралығында өтетін іс-шараға Еуропаның 50-ден  астам елінің кәсіподақ орталықтарының өкілдері қатысады деп жоспарлануда.

Бұл шешім еліміздің кәсіподақтарын нығайту және халықаралық кәсіподақ қозғалысының бізге деген сенімін жоғарылату үшін маңызды қадам болмақ.

Ал енді, өңіріміздегі кәсіподақ қызметіне келсек, қазіргі таңда Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігі аймақтағы экономиканың әр саласын қамтитын 15 салалық кәсіподақ ұйымының жұмысын үйлестіріп отыр. Бұл кәсіподақтарда 1400-ден астам бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Жалпы бұл ұйымдарда 124 мыңға жуық еңбек адамы мүшелікке тартылған.

Жалпы, қоғамда кейде «Кәсіподақ бізге не береді?» деген сұрақ туындап тұратыны жасырын емес. Айта кету керек, еліміздегі заңнамаларға сәйкес кәсіподақ мүшелерінің заңды құқықтары ҚР Еңбек кодексі мен «Кәсіптік одақтар туралы» Заңына сәйкес қорғалған. Бүгінгі күні кәсіподақ ұйымына мүше болу еңбеккер үшін келесідей тиімділіктерді береді:

  •  тегін және сапалы заң кеңесі;
  • мемлекеттік органдарда, соттарда тегін өкілеттілік;
  • жалақы есептету, төлету, өндіру;
  • мәдени-көпшілік, спорттық іс-шараларға қатысу;
  • материалдық, қайырымдылық көмек пен қолдау;
  • жеңілдетілген жолдамалар арқылы сауықтыру, тарихи орындарға саяхаттар, балалардың жазғы демалысы және тағы басқа шараларды ұйымдастыру.

Өңірдегі кәсіподақ ұйымдарының жұмысының да басты мақсаты – еңбек адамының заңды құқықтарын қорғау, еңбек қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуіне ықпал ету. Осы мақсатта облыстық кәсіподақтар бірлестігінің өкілдері бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен тұрақты кездесулер өткізіп отырады. Облыстағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарында Кәсіподақтар Федерациясының «Халың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында 2024 жылы  Федерация басшылығымен онлайн форматта 1 кездесу өтті. Бұдан бөлек Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігі өкілдерінің қатысуымен 25 кездесу ұйымдастырылды. Бастауыш ұйымдармен өткен осы кездесулерге 960 кәсіподақ мүшесі, 17 жұмыс берушілер өкілі қатысты. Осы аталған кездесулерде кәсіподақ мүшелерімен барлығы 17 мәселе көтерілді. Олардың қатарында жалақыны арттыру, өмір сүру деңгейін жақсарту, инфляция, техникалық персоналдарға сауықтыру жәрдемақысын беру сияқты сиқты түйткілдер күн тәртібіне шығарылды. Көтерілген барлық мәселелер ҚР Кәсіподақтар Федерациясына жолданды.

Сонымен қатар, облыстық кәсіподақтар бірлестігінің қатысуымен өңірлік үшжақты комиссияның отырыстарында аймақтағы әлеуметтік еңбек қатынастарына қатысты өзекті мәселелер де тұрақты түрде қаралып отырады. Соның ішінде өңірдегі жұмыскерлердің өмір сапасына тікелей әсер ететін жалақы қарыздарына жол бермеу, айлық жалақыны инфляция деңгейінен кем емес мөлшерде жыл сайын индексациялау, өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету, әлеуметтік-еңбек жанжалдары мен дауларының алдын алу сияқты  өзекті мәселелер  бар.

Жалпы алғанда, кәсіподақ ұйымы – кәсіпорын деңгейінде жұмыс берушімен әлеуметтік әріптес, еңбек дауының алдын алу мен еңбек қатынастарын реттеудің тиімді құралы екені даусыз.

Біз бірлесе отырып кәсіподақтардың «Күш – бірлікте!» деген тарихи ұранын ұстанып,  ел азаматтарының өмірін жақсарту, еңбек ұжымдарында тұрақтылықты қамтамасыз ету, еңбек адамының беделін арттыру бойынша алдағы бірлескен жұмыстарды абыроймен атқарамыз деген сенімдеміз.

Бағлан ҚАРАШОЛАҚОВ,

Жамбыл облысы кәсіподақтар

бірлестігінің төрағасы

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар