Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ауылдан шыққан подполковник

Ауылдан шыққан подполковник
Автор
Елі мен жерін шексіз сүйіп, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, ел бірлігі мен тыныштығын күзету жолында тартынбай тер төгіп жүрген жандардың арқасында әскеріміздің әлеуеті жылдан-жылға артып келеді. Дәл солай ел іргесінің беріктігіне атсалысып, күні-түні Отан үшін алғы шепте еңбек етіп жүрген әскери қызметшілердің бірі – «Орталық» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлік қызмет басқармасының аға офицері, подполковник Болатбек Құлыбаев.

Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында бірнеше жыл тұрақтаған Құлыбайдың әулеті туған ауылын аңсап, Талас ауданы, Майтөбе ауылына 1992 жылы қоныс аударады. Расында ауылдың қым-қуыт тіршілігін, ондағы бұлақтың үні мен табаға піскен ыстық нанының дәмін аңсап жеткен отбасы қарт Қаратауға тамырымен байланғанын ұғады. Әсіресе үйдің ортаншысы Болатбекке табанынан түйреген тікені мен маңдайынан сипаған самалының өзі дертке шипа, жанға сая көрінеді. Ол бала жүрегімен даланың тұмса табиғатына тамсанып, су сұраса сүт берген ауылдықтардың жанарындағы мейіріміне қанып өседі.

Болатбек ойын баласы болса да, ойлы бала болды. Төрде ілінген әкесінің туған ағасы Иманәлінің портретін құшағына басып, шені жоғары әскери тұлға болғанын мақтан тұтып, оның суретінен көз алмай, ұқсап баққысы келетін.

– Бала күнгі арманым әскери қызметкер болу еді. Сол арманға бүгінде қол жеткіздік. Қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп айтып кеткен жоқ па?! Тәртіп бар жерде береке бар. Осы қызығы мен қиындығы қатар өрілген әскери қызметте абыройлы болу үшін ең алдымен Отан-Анаға адал болу қажеттігін атап өтер едім. Ал Отанын сүйген адам оған қиянат жасамайды. Қайта елі мен жерінің өсіп-өркендеуі жолында еңбек етеді. Одан кейін уақыттың өзі уақытша екенін білемін. Қандай жер, қандай шара болмасын кешігіп бармаймын. Ешқашан, ешқайда кешікпеуге тырысамын, кешіккен де емеспін. Бәрін айтқан уақытысында жасаймын. Уәде бермеймін, уәде берсем – орындаймын, – дейді Болатбек Иманбекұлы.

Болатбектің әкесі Иманбек Ұлы Отан соғысының ардагері болғандықтан, әскери өмірге құныға қызығып жүрген перзентіне майдандағы ерлік пен өрлік туралы жиі әңгімелеп беретін.

Сол сәт бала Болатбек әкесі Иманбектің кеуде толы орден-медальдарды бозбала шағында-ақ өмір мен өлімнің ортасында жүріп, көзсіз ерлігінің арқасында кеудесіне таққанын сезетін. Сезетін де жан-тәнімен Отан үшін отқа түскен жанның күймейтінінің растығына көзі жететін.

– Әкеміз ес білгелі патриоттық әңгімені бойымызға сіңіріп өсірді. Отанды құрметтеу өзіңді құрметтеумен тең екенін бала кезімізден-ақ құлағымызға құйды. Ата-бабамыздың біздің бейбіт өміріміз үшін күрескенін, сол жолда өз өмірін қиып жібергендердің болғанын да білдік. Сондай ерекше һәм әсерлі әңгімені естіп өскен ұрпақтың жаман болуға хақысы жоқ еді. Әкеміз біз жасөспірім кезеңге енді аяқ басқанда өмірден өтіп кетті. Болатбек болса анамыздың қасынан шықпай, көңіліне қаяу түсірмей, барлық жағдайын жасауға талпынатын. Әлі де сол қалпынан танбады. Отанды қорғап, оның құндылығын терең түсіну үшін ішкі рух пен сыртқы батылдық үйлесім табуы керектігін ұғып, өзінің әскери болмысын сонау балғын кезінен қалыптастырып қойғанын білемін. Оны біреу алға жетелеген жоқ. Менің інім өзін-өзі дамытып, жетістікке ешкімнің көмегінсіз жетіп, өзін-өзі тәрбиелеп, осы күнге жеткен адам. Ата-бабасының қанымен келген өр рух оны бала кезінен әскери адам болуға алып келді. Ол істің адамы, – дейді әпкесі Эльмира Иманбекқызы.

Әрбір әскери қызметші үшін ең басты міндет – еліміздің бейбітшілігін қорғап, тыныштығын баянды ету. Әскери қызметтің әр күні жауапкершілікке толы болғандықтан ел болашағы үшін маңызды рөл атқарады. Ендеше, «елім» деп елжіреген ұл мен «ұлым» деп егілетін жұрт аман болсын!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Одердегі ерлік
Алдыңғы мақала
Одердегі ерлік

Ұқсас жаңалықтар