«Қала күні» жаңаша леппен аталып өтті
Тарихы тереңнен тамыр тартқан Тараз қаласының бұрын өткенімен мақтанушы едік, бүгінде сәулеті келіскен шырайлы шақардың аты еліміз бойынша алғаш болып «Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы» тізіміне енуімен де асқақтап тұр. 2020 жылдық тарихы бар шаһардағы «Көне-Тараз» этно-мәдени тарихи кешенінде кеше «Қала күніне» орай Тараз қаласының төл мерекесіне арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Мерекелік кешті тамашалауға келген тұрғындардың санында есеп болмады. Алдымен Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының «Қазақ» оркестрінің концерті жұрт назарына ұсынылды. Мәселен «Қазақ» оркестрінің сүйемелдеуімен Кенен Әзірбаевтің, «Домбыра», Шәмші Қалдаяқовтың «Жаңарған Жамбыл», Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім» әнін Мәдениет саласының үздіктері Оңал Азаматова, Маралбек Бабақұлов, Жанатбек Кәдіровтер нақышына келтіре орындады. Аталған оркестрдің орындауындағы Құрманғазының «Балбырауын», «Сарыарқа», Абайдың «Торжорға», Әбдімомын Желдібаевтың «Әулиеата», «Еркесылқым», Дүйсенәлі Бықыбаевтың «Көне Тараз керуені» сынды күйлері көпшіліктің құлақ құрышын қандырды. Шаһардағы өнер мектептерінің домбырашы өрендерінің «Қазақ» оркестрімен бірлесіп «Көне-Тараз» күйін орындауы да көпшіліктің көңілінен шықты.
Бұдан кейін сахна төріне облыс әкімі Нұржан Нұржігітов көтеріліп, көпшілікті «Қала күнімен» құттықтады.
– Бүгін барша тараздықтар мен қонақтар үшін дәстүрге айналған салтанатты күн. Қаламыздың өткені мен бүгінін айшықтайтын мерейлі мереке. Тараз – көне тарихтың мөлдір жауһары. Осы өлкеден түлеп ұшқан әрбір перзенттің жүрегіндегі қастерлі мекен.
Қаламыздың мыңдаған жылдармен өлшенетін тарихы, байырғы мәдениеті мен қайта түлеген ерекше келбеті бар. Жыл санап жаңарып, көркейіп келе жатқан туған қаламызда игілікті істер де артып келеді... Осындай игі істер – бірлігі мен тірлігі жарасқан қала тұрғындарының ерен еңбегінің жемісі деп санаймын.
Ең бастысы – Тараздың 2020 жылдық мерейтойы тарих қойнауына «Дүниежүзілік қолөнершілер» қаласы деген атаумен еніп отыр. Бүкіл әлемде сан мыңдаған қалалардың ішінде 56 ғана шаһар осындай мәртебеге ие екендігін ескерсек, облыс орталығының бұл жетістігі – әрбіріміз үшін зор мақтаныш болуы керек! Шырайлы шаһарымыздың таза, тартымды бола түсуі үшін жалпыңызды жұмыла жұмыс істеуге, ортақ жауапкершілікті сезінуге шақырамын! Баршаңызды бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Отбасыларыңызға амандық-саулық, жаңа табыс, бақ-береке тілеймін, – деді Нұржан Молдиярұлы.
Н.Нұржігітов құттықтау сөзінде басты міндет – тараздықтардың жайлы тұрмыс кешуіне қолайлы жағдай жасау екенін атап өткен еді. Расында да Тараз қаласында биылдың өзінде сан түрлі игі істер атқарылып жатыр. Жолдар жөнделіп, көшелерге жарық беріліп, ең үлкен 15-ші мөлтекауданның бірқатар мәселесі де шешімін табуда. Жыл соңына дейін тағы 40 көпқабатты тұрғынүй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Осы мақсатта келер жылы 70 көшеге жол салынып, 40-тан астам көше жарықтандырылмақ. «Жайлы мектеп» жобасы аясында биылдың өзінде 3 мектептің құрылысы басталса, келер жылы 5 мектеп салуды жоспарланыпты. Сәйкесінше, қаланың бас жоспары қайта қаралып, облыс орталығының аумағы кеңейтілгелі тұр. Тағы бір жағымды жаңалық – жеке инвесторлар есебінен 14-ші мөлтек ауданның құрылысы басталатыны. Осы арқылы шаһардағы көптеген отбасылар баспанаға қол жеткізетіні анық.
Мерекелік жиында Нұржан Молдиярұлы халықтың демографиялық өсіміне үлес қосып отырған Айнур Мүсралиева, Ұлбосын Үсіпбекова, Гүлғайша Түлебекова, Айша Мучиоглы, Нұргул Дәулеталиева сынды «Алтын алқа» иегерлерін марапаттады. Тараздық аяулы аналарға «Алтын алқаны» облыс әкімінің өз қолымен тапсыруы да қоғамның анаға деген құрметінің үлкен бір белгісі болса керек. Соңғы жылдары демографиялық ахуал да жақсарып, бүгінде Тараз қаласында халық саны – 420 мыңнан асыпты. Бұл ұрпақ өрбітіп, баласына тәлім-тәрбие беруде өзгеге үлгі боларлық осындай аналардың арқасы.
Келесі кезекте өңір басшысы шаһардың әлеуметтік-экономикалық, мәдени тұрғыда өсіп-өркендеуіне, дамуына өз үлесін қосып келе жатқан әр саладағы алдыңғы қатарлы бірқатар азаматтарға Құрмет грамотасы мен алғыс хаттар табыс етті. Мұндай марапатқа негізінен Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» Аманбай Молдыбаев бастаған «Жамбыл су» мекемесінің жөндеуші –слесарі Нұрлан Огобаев, «Еңбек ардагері» Гүлнар Ергешова, «Жасыл Ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жол тазалығын сақтау учаскесінің жұмысшысы Сайлаукүл Сағындықова секілді еңбек адамдары ие болды.
Тараздың төл мерекесіне арналған Гала-концертті еліміздің шоу-бизнесінде айрықша орны бар тележүргізушілер Марат Оралғазин мен Еркебұлан Мырзабек жүргізіп, жергілікті әншілермен қатар Төреғали Төреәлі, Садраддин Болат сынды елге кеңінен танымал әншілер өнер көрсетті.
Нұрым Болатұлы
Келесі мақала