
Халқымыздың саны қазір 20 миллионнан асты. Бұл өсімде өзге ұлт өкілдерінің де үлкен үлесі бар екені анық. Олардың басым бөлігі көрші Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытайдан шыққан дүнген, ұйғыр, кәріс, неміс, шешен сияқты ұлттар. Бұл диаспоралар бізге жат емес, қайта етене жақын. Олармен арадағы мәдени, шаруашылық, кәсіптік байланыс бүгінде күнделікті өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Өзара құрмет пен сыйластыққа негізделген қарым-қатынас еліміздің басты ұстанымдарының бірі.
Тарихқа зер салсақ, екінші дүниежүзілік соғыс жылдары ашаршылық пен жоқшылық меңдеп тұрса да, халқымыз елімізге қоныс аударып келген неміс, кәріс, шешен, ингуш, күрд, түрік сынды ұлттарды жатсынбай, бауырына басып, жарты нанын бөліп берді. Осы көшпен бірге қазақ жеріне тағдырдың айдауымен келген немістердің арасында Герольд Бельгер де болды. Қазақ ауылында өсіп, қазақ мектебінде білім алған ол қазақ тілін өз ана тіліндей меңгерді. Бельгер – әдебиетімізге үлкен еңбек сіңірген жазушы, сыншы, аудармашы. Оның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әйгілі «Қан мен тер» романын орыс тіліне, кейін неміс тіліне аударуы – әдеби аударма тарихындағы елеулі оқиға. Бұл – тек мәтін аудармасы емес, рухты жеткізу, болмысты бейнелеу. Қазақ қаламгерінің ішкі үні өзге ұлт оқырманына дәл солай жетіп, жүректерге жол тапты.
Әдебиет – ұлт пен ұлтты байланыстыратын алтын көпір. Мәселен, Тоқтағұл мен Жамбылдың достығы – қырғыз бен қазақ арасындағы рухани байланыстың символы. Кенен мен Османқұлдың бір-біріне арнаған жырлары – шынайы бауырластықтың айғағы. Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шахановтың бірігіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты диалог-романы – халқымыздың ортақ мұраты мен мұңын бейнелеген көркем туынды. Бұл достықтар – ұлттар арасындағы шекараны өшіріп, жүректерді біріктіретін күш.
Этностардың қазақ халқына кірігуі – мемлекеттің мақсатты саясатының жемісі. Бұған түрлі мәдени жобалар, этносаралық келісімді нығайтатын іс-шаралар дәлел. Халық арасында мұндай жұмыстар көрінбеуі мүмкін, алайда оның жемісі міндетті түрде болады. Кейде жаңғақ ағашын ексең, ол жемісін жеті-сегіз жылдан кейін ғана береді. Бірақ мәуесі ғасырларға жетеді. Сол сияқты бүгін басталған бірлікке бағытталған жобалар ұрпақ үшін тұғырлы негіз болады.
Өнер – шекара танымайды. Ол – жүректерді жалғайтын әмбебап тіл. Бір ғана мысал – Шәмші Қалдаяқовтың «Дүнген қызы» әні. Бұл ән – қос халықтың арасындағы рухани байланыстың көрінісі. Әуез бен сөз, сезім мен шындық үндестік тапқанда ғана мұндай туындылар туады.
Бүгінде мемлекетіміз ұлттар арасындағы келісімді сақтауға бағытталған нақты саясат жүргізіп отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясы осы бағыттағы басты алаңға айналды. Онда түрлі этностардың тілі, дәстүрі мен мәдениеті дәріптеледі. Бұл – әр ұлттың өзін еркін сезінуіне, өз болмысын сақтай отырып, ортақ мүдде жолында бірігуіне мүмкіндік береді. Ел ішінде салт-дәстүрі бөлек болғанымен, мақсат-мүддесі бір адамдар ғана тұрақты қоғам құра алады.
Ұлттық бірлік дегеніміз – тек келісімшартпен бекітілетін формальды ұғым емес, ол – күнделікті тіршілікте көрінетін шынайы қарым-қатынас. Көшеде күліп амандасқан көрші, бір дастарқанда отырған әріптес, тойда бірге ән салған құрбы-құрдас – осының бәрі бірлік мәдениетінің шынайы көрінісі. Біз бір-бірімізге неғұрлым ашық, мейірімді болсақ, соғұрлым ұлт пен ұлыс арасындағы шекаралар жойылып, ортақ құндылықтар артады.
Тарихымыз бен тағдырымыз әрқашан да сабақтас. Біз бастан өткерген қилы кезеңдерде халқымыз сабырлы, көреген бола білді. Осы қасиеттерді жоғалтпай, ел ішіне іріткі салғысы келетін теріс пиғылдыларды дер кезінде тиып, тектілік пен тұтастықты сақтау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Өйткені татулықтың тамыры – тереңде. Ал оны суарып отыру – әрқайсысымыздың күнделікті парызымыз.
Төле би бабамыздың киіз үйіне ұя салған қарлығашты қорғаймын деп жауға қарсы тұрмауы – біздің рухани болмысымыздың символы. Бұл бізге бабалардан қалған ұлы өнеге. Қонақ түгілі, ұя салған құсты да жауға бермеген халықпыз. Ендеше, елімізге тағдырдың түрлі жолымен қоныс аударған ұлттарға да дәл сондай мейіріммен қарау – біздің қанымызда бар қасиет.
Бүгінгі күннің ең басты мұраты – бейбітшілік пен тұрақтылық. Ұлттар мен ұлыстар арасындағы татулықты сақтау – әр азаматтың парызы. Осы жолда әдебиет, өнер, мәдениет – барлығымыздың ортақ тіліміз болуға тиіс. Әр ұлт өзінің мәдениетін сақтай отырып, біртұтас Қазақстан атты алып үйдің уығын берік ұстап тұруы керек.
Қазаны бірдің – қайғысы бір. Осы ұлы сөзді ұран еткен ел ешқашан іріп-шірімейді. Керісінше, татулығы жарасып, бірлігі бекем мемлекетке айналады. Біз сондай ел болуға лайықпыз. Және соған жеткізетін жалғыз жол – өзара құрмет, өзара түсіністік.
Айжан ӨЗБЕКОВА