
Алайда кейінгі уақытта аталған діни рәсімнің мағынасы бұрмаланып бара жатқандай. Облыстық «Һибатулла-Тараз» мешітінің наиб имамы Ғалымбек Жәпек тасаттықтың шариғаттағы нақты тәртібі бар екенін, бұл рәсімді дүниеқоңыздыққа немесе даңғаза мақтанға айналдыру үлкен қателік екенін ескертеді.
– Соңғы жылдары тасаттық рәсімі ас беру, ет тарату, думанды жиын жасау секілді сипат алып бара жатыр. Тіпті кейбір жерлерде оның шариғи негіздері ескерілмей, тек салттық дәстүр түрінде ғана аталып өтуде. Бұл – дұрыс емес. Тасаттық – Алладан жауын сұрау, кешірім тілеу, шынайы тәубе ету арқылы рухани тазару рәсімі. Мұны имамның бастамасымен, шариғат талаптарына сай өткізу керек, – дейді Ғалымбек Жәпек.
Наиб имамның айтуынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы шығарған кітапшасында намаздың түрлері мен оқылу жолдары нақты жазылған. Солардың ішінде истисқа намазы, яғни тасаттық намазының тәртібі егжей-тегжейлі баяндалады.
Истисқа – жауын тілеу мақсатында оқылатын екі ракағат нәпіл намазы. Бұл намаз мұстахаб амал саналады. Яғни оқу міндетті емес, бірақ оқылса – сауап. Қазақ халқы оны ертеден «тасаттық» немесе «жауын тілеу» деп атап келген.
Қуаңшылық болған жағдайда барша мұсылман үш күн ораза ұстап, садақа таратып, шынайы тәубе етіп, Алладан жаңбыр тілеу үшін ашық алаңға, далаға жиналады. Мал-жанды да бірге айдап, жаяу шығу – сүннетке сай амал. Бұл – адамның дәрменсіздігін, Алланың құдіретіне толық мойынсұнғанын білдіреді.
Намаздан бұрын имам жамағатқа уағыз айтады. Жұртшылықты тәубеге келуге, араздасқандарды татуластыруға, күнәдан арылуға шақырады. Мұсылмандар жүректен өткен күнәлары үшін өкініп, бір-бірінен кешірім сұрайды.
Осыдан кейін имам жамағатпен екі ракағат намаз оқиды. Бұл айт намазына ұқсас, бірақ қосымша тәкбірлер айтылмайды. Намаздан соң имам жерге таяқ сүйеп тұрып екі құтпа оқиды. Екі құтпаның арасында аз уақыт отырып, қайта жалғастырады. Құтпада Аллаға жалбарынып дұға етеді, тасбих айтып, мұсылмандар үшін кешірім тілейді. Содан соң құбылаға бет бұрып, арнайы истисқа дұғасын оқиды:
«Уа, Алла, құлдарыңның шөлін қандыр, жануарларды рақым ет! Уа, Алла, бізге дұға етуді бұйырдың және оны қабыл етуді уәде еттің. Ендеше біз Сенің әміріңмен Саған дұға жасадық, уәдең бойынша оны бізден қабыл ет! Уа, Алла, күнәміздің көптігімен бізді рақым етпесең де, бейкүнә жас балаларымыз бен жануарларды рақым ет!»
Бұл дұға кезінде жамағат түгел үндемей, құбылаға қарап отырады. Алла Тағала жауын берсе, жамағат шүкіршілік айтып тарасады. Егер жаңбыр жаумаса, үш күнге дейін осындай намаз-дұғаны қайталап өткізуге болады.
Наиб имам Ғалымбек Жәпектің қолында 1892 жылы жазылып, 1912 жылы баспадан шыққан шариғат кітабы бар. Онда да дәл осы истисқа рәсімінің тәртібі баяндалған.
– Ол кітапта да дастарқан жайып, ет беру, «халыққа жақсы ас берді» деп ат шығару секілді дүниелер жазылмаған. Біздің мақсат – ата-бабадан келе жатқан діни рәсімді шариғат шеңберінде дұрыс атқару. Қазіргідей заманда, табиғат тепе-теңдігі бұзылып, жауын-шашын азайып жатқан кезде адамдардың жүрегі жұмсарып, Аллаға шынайы бет бұрғаны – ең маңыздысы. Сол үшін бұл рәсімнің түпкі мәнін ұмытпау керек, – деп түйді Ғалымбек Жәпек.
Қазір жер-жерде тасаттық рәсімдері өтіп жатыр. Бұл – халқымыздың рухани сезімі ояу екенін көрсетеді. Дегенмен әрбір мұсылман пенде бұл амалдың мәнін түсініп, тасаттықты той-думан емес, шынайы тәубе мен жалбарыну деп ұғынғаны абзал. Ысырапқа жол бермей, ықыласпен дұға ету – көпшіліктің міндеті.
Айжан ӨЗБЕКОВА