
Жиын барысында облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Ермек Қорабаев пен облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали сөз сөйлеп, қатысушыларға ізгі тілектерін арнады. Олар қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайтудың, әлеуметтік әріптестікті дамытудың және азаматтарға көрсетілетін жан-жақты қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
«Ашық есік» күні аясында нәзікжандылар түрлі сала өкілдерінен тегін кеңес алуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар әйелдер қауымы облыстық заң консультанттар палатасының заң консультанты Бақытжан Оразымбетов, адвокаттар алқасының адвокаты Айнұр Кененбаева, жеке сот орындаушы Алтынбек Дильжанов, облыстық әділет департаменті құқықтық түсіндіру жұмысы және заң қызметін көрсету бөлімінің бас маманы Еркебұлан Джумажанов сияқты тәжірибелі мамандардан көмек алды.
«Басты байлық – денсаулық» тақырыбында өткен психологиялық қолдау алаңын ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы облыстық филиалының аға оқытушысы Тәтті Орынтай жүргізді. Жиынға арнайы келіп, мамандарға көкейдегі сауалын жолдаған әйелдердің бірі отбасылық дау-дамай, енді бірі алимент мәселесін көтерді. Сонымен қатар жалғызбасты, көпбалалы отбасылар көрсетілуге тиіс әлеуметтік жеңілдіктерге қол жеткізу жолдарын сұрады.
– «Ашық есік» күніне арнайы келіп қатыстым. Қызымды әжесі тұңғыш немересі болғандықтан бауырына алған болатын. Кейін араға біраз уақыт салып, күйеуіммен жараспай, ажырасуға мәжбүр болдық. Өзім кетсем де қызымды бұрынғы ата-енемнің құшағынан тартып ала алмай жүрмін. Оған себеп, ата-әжесінің немересіне шектен тыс бауыр басуы. Сот шешімі бойынша қыз анасымен қалуға тиіс. Алайда қыздың өзі бауыр басқан әжесінен ұзап кеткісі келмей, ас ішуден бас тартып, күйзеліске түсіп, ауырып қала береді. Осындай жағдайда не істеу керек? Әрине психологтардың көмегіне жүгінеміз. Алайда психологтың кеңесі басқа уақытта ақылы. Бүгін «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығы ұйымдастырған іс-шарада бұл олқылықтың орны толып, психологтардың көмегін тегін алдым. Алдағы уақытта психологтың берген кеңесі арқылы қызыммен қарым-қатынасымды өзгертіп, оған көп уақыт бөліп, анасы екенімді мейірімім арқылы жеткізуге, оған ренішімді білдірмеуге тырысамын. Керісінше оны түсінуге және қолдап, дос болуға барымды саламын, – дейді Аршынкүл есімді тұрғын.
Жиын барысында жиналған көпшілік өздеріне қажетті сауалдарына жауап алып, мәре-сәре болды.
«Ашық есік» күні 12-16 мамыр аралығында жалғасын таппақ.
Ажар МҰҚАН,
Бауыржан Момышұлы атындағы
мектеп-гимназияның 11 сынып оқушысы,
Жуалы ауданы