Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кадр тұрақтамай, іс алға баспайды

Кадр тұрақтамай, іс алға баспайды
А.Рысмахан
Бүгінде еліміз бойынша мемлекеттік органдарда шамамен 3 мыңға жуық бос лауазым қалыптасса, дәл қазіргі уақытта облыстың жергілікті атқарушы органдарындағы тұрақты бос лауазымдар саны 121-ді құрапты. Оның ішінде 48 лауазым ұзақ уақыттан бері, яғни 3 айдан бері бос тұрса, 24-і уақытша бос тұрған лауазым орны көрінеді. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте айтылды. Жиында өңірдегі кадр тұрақтылығы мен бос лауазымдар мәселесі қаралды.

– Облыс әкімі аппараты мен басқармаларда 17 бос лауазым қалыптасқан, оның ішінде 3 айдан аса бос тұрған лауазымдар саны – 4. Аудандық және ауылдық деңгейдегі жергілікті атқарушы органдарда 104 бос лауазым болса, олардың 44-і ұзақ уақыт бойы бос тұрған лауазымдар. Соңғы уақытта ұзақ мерзімнен бері бос тұрған лауазымдардың саны өсіп келеді. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2,8 есе артып, бүгінгі күні 48 лауазымды құрап отыр. Оның ішінде 26 лауазым бойынша ішкі және жалпы конкурстар жарияланып, конкурсқа қатысушылар болмаған. 4 лауазым бойынша ішкі және жалпы конкурстар жарияланып, жеңімпаздар лауазымға орналасудан бас тартқан. 1 лауазымға қатысты жеңімпазды тағайындауға тиісті министрліктен келісім берілмеген. 2 лауазым бойынша кандидаттар тестілеуден өте алмаған. Тағы бір 2 лауазым орны бойынша мемлекеттік органның штат санының қысқартылуы мен құрылымының өзгеруі жоспарлануда. 13 тұрақты ұзақ мерзімді лауазымдарды толтыруға бағытталған шаралар тиісті дәрежеде қабылданбаған. Бос лауазым орнының уақытылы толтырылмауы мемлекеттік органдардың біліктілік талаптарын сапасыз жасағанын және олардың дер кезінде келісуге ұсынылмағанын көрсетеді. Дегенмен, кейбір жағдайларда мемлекеттік органдар барлық мүмкіндіктердің болуына қарамастан, белгісіз себептермен бос лауазымдарға конкурс жарияламай келеді. Мәселен, Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің бас маманы лауазымы өткен жылдың 20 ақпанынан бастап бос болғанымен, әлі күнге дейін конкурс жарияланбаған. Департамент арқылы жүргізілген талдау нәтижелеріне сәйкес Тараз қаласы және аудандарда бірқатар бос лауазым қалыптасқан. Атап айтсақ, Тараз қаласы әкімдігінде – 20, Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінде – 12, Талас ауданы әкімдігінде – 11, Мойынқұм ауданы әкімдігінде 10 бос лауазым бар. Әр аудандағы бос тұрған лауазымдардың бесеуі ұзақ мерзімді лауазым орны. Сол секілді Қордай ауданы әкімдігінде 10 бос лауазымның алтауы, Жуалы ауданы әкімдігіндегі 9 бос лауазымның үшеуі көп уақыттан бері бос тұр. Осындай мәселе өзге аудандарда да бар, – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Руслан Шарипов.

Сондай-ақ ол кадрлық резерв жайлы да сөз қозғап, бос лауазымдарды толтырудың жолдарын атап өтті. Бүгінде жоғары оқу орнын жақсы үлгеріммен бітірген түлектерді аудандық және ауылдық деңгейдегі лауазымдарға конкурссыз қабылдауды заң көтереді. Қазіргі уақытта 32 түлек осы негізде жұмысқа орналасқан екен.

Бұдан кейін облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаевтың баяндамасы тыңдалды. Өз кезегінде аймақ басшысы жергілікті атқарушы органдардағы кадр тапшылығының өзекті екенін сөз етіп, өңірде бос лауазымдар санының артуын сынға алды. Тараз қаласы мен аудан әкімдерінен және бірқатар басқарма басшыларынан жауап алып, оларға кадр саясатын күшейтіп, тиісті лауазым орындарын жедел толықтыруды тапсырды.

– Бұл мәселе баршаңызға қатысты. Заң аясында тиісті шаралар қабылдап, бос орындарды мерзімінде толтырыңыздар. Егер өзге тәсілдер нәтиже бермей, іс тағы да екі-үш айға созылатын болса, мүмкін құрылымдарды оңтайландырып, кейбір лауазымдарды қысқарту қажет. Сондықтан қай жерде қандай бос орын бар, барлығын нақтылаңыздар. Құрметті әріптестер, кадр тұрақтылығы – мемлекеттік басқарудың тиімділігіне, шешімдердің сабақтастығына, қызмет көрсету сапасына тікелей әсер етеді. Облыстық аппарат, оның ішінде Тараз қаласы мен аудандарда кадрды тұрақтандыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуі керек. Былтыр желтоқсан айында өткен аппараттық кеңесте Өңірлік кадр резервін жандандыру мәселесі тапсырылған еді. Қазір бұл бағытта әлі де тетіктерді тиімді пайдалану жағы кемшін түсіп отыр. Тараз қаласы мен аудан әкімдері бос орындарды қысқарту және кадр резервін пайдалану бойынша заң аясында нақты жұмыстар атқарсын. Әкімшілік лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптары уақытылы, әдістемеге сай әзірленсін. Кадр ауысымын азайту үшін ұжымда мотивациялық тетіктерді күшейтіп, моральдық-психологиялық климатты жақсарту қажет. Қызметкерлермен кері байланыс орнатып, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру бойынша жоспарланған шаралар уақытында орындалсын, – деді Ербол Қарашөкеев.

Сондай-ақ аппараттық кеңесте облыс әкімінің Меркі ауданына жасаған жұмыс сапары барысында халықпен кездесуде және жеке қабылдауда берген тапсырмаларының орындалу барысы қаралды. Бұған қатысты облыс әкімі аппаратының өңірлік бақылау және ұйымдастыру-инспекторлық жұмысы бөлімінің бас инспекторы Алуа Юсупова баяндама жасады. Аталған мәселе бойынша да облыс әкімі жауаптыларға нақты тапсырма жүктеді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар