Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мәңгілік алаудың мәні қандай?

Мәңгілік  алаудың  мәні қандай?
Автор
Жыл сайын 9 мамыр – Жеңіс күні халық мәңгілік алаудың маңына жиналып, гүл шоқтарын қояды, үнсіз тұрып, еске алу рәсімдерін өткізеді. Бұл – көпшіліктің бейбіт күннің бағасын ұғынғанының, тарихты ұмытпағанының дәлелі.

Мәңгілік алау идеясы ең алғаш рет бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін пайда болыпты. 1923 жылы 11 қарашада Франция астанасы Париждегі Триумф аркасының астына белгісіз жауынгердің қабірі орнатылып, алау жағылады. Бұл – майданда көз жұмған, аты аталмаған, бірақ ел үшін жанын қиған миллиондаған адамның рухына деген құрмет еді. Францияның соғыс министрі Андре Мажиноның бастамасымен тұтанған бұл алау кейін көптеген мемлекетке үлгі болды.

Кейіннен бұл дәстүр Еуропа елдеріне, Солтүстік Америкаға, Азия мемлекеттеріне де тарады. 1930 жылдары мәңгілік алау Бельгия, Чехословакия, Польшада жағылды. Ал АҚШ, Канада сияқты мемлекеттерде бұл идея екінші дүниежүзілік соғыстан кейін кеңінен тарады.

Кеңес одағында мәңгілік алау алғаш рет 1957 жылы Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербург) жағылды. Бұл жалын «Борцам революции» монументінің маңында тұтанды. Бірақ бұдан бұрын ел аумағында басқа да бастамалар болғаны туралы деректер бар. Мәселен, Тула облысы аумағында жергілікті белсенділер мен кәсіпорын басшылары алғаш болып жауынгерлерді еске алуға арналған алау орнатқанын айғақтайтын зерттеулер кездеседі.

Кеңестік деңгейде ең кең танылған мәңгілік от – Мәскеудегі Кремль қабырғасының жанында 1967 жылы жағылған алау болды. Бұл алаудың жалыны беймәлім жауынгердің қабірінен тұтандырылып, салтанатты түрде орнатылды. Содан кейін одақ құрамындағы барлық республикалар мен облыс орталықтарында осындай алау орнату науқаны басталды.

Мәскеуден алынған «жалын» салтанатты түрде басқа қалаларға жеткізіліп, ондағылар оны өз мемориалдарына салып жағып отырды. Бұл – кеңес идеологиясының біріктіруші құралына айналды. Мәңгілік алау тек соғыстың ғана емес, ел ішіндегі бірлік пен идеологиялық тұтастықтың да нышаны ретінде қарастырылды.

Қазақстандағы алғашқы мәңгілік алаулар алпысыншы жылдары пайда бола бастады. 1975 жылы Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта үлкен алау жағылды. Бұл – еліміздегі ең танымал әрі ең көп баратын мәңгілік алау орны.

Сол сияқты Астана, Қарағанды, Тараз, Өскемен, Ақтөбе, Петропавл, Көкшетау, Орал, Атырау, Шымкент қалаларында да мәңгілік алау орнатылған.

Тараз қаласындағы Сыпатай батыр көшесі мен Төле би даңғылының қиылысындағы аллеяда орналасқан мәңгілік алау ескерткіші 2018 жылы облыстың сол кездегі әкімі Асқар Мырзахметовтың шешімімен қала орталығындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағына көшірілген болатын.

Мәңгілік алау – тек бір күндік рәсім үшін емес. Ол жыл он екі ай бойы халықтың көз алдында тұрып, ұрпақтар сабақтастығын бейнелейді. Әр келген адам бұл жалын арқылы өткенге көз салып, ерлік пен жанқиярлықты еске түсіреді.

Қазір көптеген мектептер мен оқу орындары мәңгілік алау маңында еске алу шараларын тұрақты түрде өткізіп келеді. «Жас сарбаз» қозғалысы, еріктілер тобы, ардагерлер ұйымдары осы нысандардың күтімі мен маңызын арттыру жолында түрлі жобалар жасауда.

ҚР Қорғаныс министрлігі мен жергілікті әкімдіктер Жеңіс күніне орай алау маңында парадтар, салтанатты шеру, концерттік бағдарламалар мен еске алу акцияларын ұйымдастырып отырады. Бұл – соғыс туралы шынайы естелікті сақтап қалудың ең тиімді жолдарының бірі.

Кейбір өңірлерде бюджет тапшылығына байланысты алау үздіксіз жанбай, тек мерекелерде ғана тұтанады. Дегенмен, кейінгі жылдары бірқатар облыста мәңгілік алауды үздіксіз жағу үшін жаңа технологиялар – автоматтандырылған газ жүйелері мен қауіпсіздік тетіктері енгізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, сандық форматтағы жаңа ескерткіштер де пайда бола бастады. QR-код арқылы сол жердегі жауынгерлердің өмірбаяны, фотоқұжаттар, архив деректерін көруге мүмкіндік беретін жобалар іске асуда. Бұл – мәңгілік алаудың дәстүрін жаңаша дамытудың бір жолы.

Мәңгілік алау – бұл жай от емес. Бұл – халқымыздың жады, батырларға деген құрметі, болашаққа аманат еткен тарихы. Мәңгілік алау тек Кеңес заманынан қалған рәсім емес, ол – ұлттық естеліктің, бейбіт өмірдің қадірін ұғынудың символы.

Бүгінгі ұрпақ соғыс көрмегенімен, мәңгілік алаудың алдында үнсіз тұру арқылы ерлік пен жанкештіліктің не екенін түсінеді. Сондықтан да бұл от  ешқашан сөнбеуі керек.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар