
Әскери шеруге елімізге мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам, соғыс және тыл ардагерлері, дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдері, депутаттар мен қоғам қайраткерлері, еліміздің әр аймағынан келген делегаттар, әскери-патриоттық клубтардың жас сарбаздары бар.
Мемлекет басшысы парадта сөйлеген сөзінде Ұлы Жеңіс – тарихымыздың ажырамас бөлігі және күллі әлемге үлкен сабақ болғанын атап өтті.
– Биыл Ұлы Жеңіске – 80 жыл! Баршаңызға Ұлы Жеңіс күні құтты болсын! Бұл мейрам – халқымыздың жауынгерлік рухының символы. Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз. Отан қорғау жолында опат болған боздақтарға тағзым етеміз. Бейбіт күнді қырағы күзетіп тұрған сарбаздарға құрмет көрсетеміз. Ұлы Отан соғысы бүкіл адамзат үшін өте қиын сынақ болды. Оның зардабы көптеген елге ауыр тиді, солардың ішінде Қазақстан да бар. Қаһарлы күндер соғыстың тек қасірет әкелетінін көрсетті. Бейбітшіліктің баға жетпес байлық екенін ұғындырды. Ұлы Жеңіс – тарихымыздың ажырамас бөлігі және күллі әлем үшін үлкен сабақ. Біз осы ақиқатты әрдайым есте сақтауымыз керек. Зұлмат кезеңді бастан өткерген майдангерлер қазір ортамызда отыр. Құрметті ардагерлер, барша халықтың атынан Сіздерге шын жүректен алғыс айтамын! Аға буынның өшпес ерлігі – ұрпаққа ұлағат. Отаншылдығы мен жанқиярлығы – үлгі-өнеге. Біз Ұлы Отан соғысының ардагерлерін ешқашан ұмытпаймыз! Баршаңызға бас иеміз! Халқымыз Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық аттанды. Олардың тең жартысы ерлікпен қаза тапты. Келер ұрпақтың жарқын әрі бейбіт келешегі үшін өз өмірлерін құрбандыққа шалды. Даңқты ұл-қыздарымыз ерліктің озық үлгісін көрсетті. Қазақтың жаужүрек ұлт екенін паш етті. 500-ден астам жауынгеріміз Кеңес Одағының Батыры атанды. Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Сағадат Нұрмағамбетов, Иван Панфилов, Бауыржан Момышұлы, Нүркен Әбдіров, Мәлік Ғабдуллин, Сабыр Рахимов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Рақымжан Қошқарбаев, Хиуаз Доспанова және басқа да көптеген қаһармандарымыз өшпес із қалдырды. Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз. Отан қорғау жолында опат болған боздақтарға тағзым етеміз. Бейбіт күнді қырағы күзетіп тұрған сарбаздарға құрмет көрсетеміз,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сондай-ақ Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге баса назар аударылғанын тілге тиек етті. Мереке қарсаңында еліміз бойынша мыңдаған маңызды, ауқымы кең іс-шара өткізіліп, 500-ге жуық көшеге Қазақстан қаһармандарының есімі берілетін болды. Елімізде қазақстандық майдангерлерге арналған «Батырларға тағзым» атты шеру өтеді. Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғысқа қатысушылардың ұрпақтары аталарының суреттерін көшелермен алып жүреді.
Әскери шеру мазмұндық тұрғыдан екі бөліктен тұрды, яғни тарихи және заманауи бағыттарды қамтыды. Тарихи бөлігінде Жеңістің 80 жылдығында майдангерлердің ерлігіне құрмет көрсетілді. Ал заманауи бөлігінде Тәуелсіз Қазақстан армиясының бүгінгі айбыны таныстырылды.
Әскери шеруді ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-мойор Мереке Көшекбаев басқарды. Мереке Мәтімұлының айтуынша, әскери парад бойынша алға қойған мақсат орындалды.
– Осы күнге дейін тиянақты оқу-жаттығу болғанын білесіздер. Барлығы жоспардағыдай жүзеге асты. Сонымен қатар, халық та өзінің оң бағасын бере жатар. Атап айтқанда, әскери тәртіп пен жоспар бойынша бәрі ойдағыдай өтті, – деді М.Көшекбаев.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған саптық шеру кезінде беделді офицерлер парад топтарын бастап шықты. Шерудегі кезекті қатарда Құрлық әскерлері бас қолбасшысы, басқарма офицерлері салтанатты шерумен өтті. Парадтық топты Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары, II дәрежелі «Даңқ» орденінің және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің иегері, даңқты жерлесіміз, генерал-майор Қуанышбек Үштаев бастады.
Сонымен қатар көрермендер алдында Отанымыздың әуе шебін қорғаушылар сап түзеді. Мұнымен қоса, шеру барысында ҚР Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің парадтық есептобы сап түзеп өтті. Шеруді Арнайы операциялар күштерінің парадтық қатары жалғастырды. Бұл құрылым төтенше жағдайлардағы күрделі тапсырмаларды орындау үшін құрылған. Салтанатты шеру кезінде алаңға Десанттық-шабуылдау әскерлерінің парадтық тобы да шықты. Олардың әрқайсысы ең қатал дайындықтан өткен және кез келген төтенше жағдайда әрекет етуге дайын.
Елордада Жеңістің 80 жылдығына орай өткен парадқа бітімгерлер тобы да қатысты. Сол секілді шеруде Хиуаз Доспанова, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлованың ізбасарлары саналатын жауынгер арулар да бой көрсетті. Бүгінде әскердегі арулар психолог, медицина қызметкері, мерген, байланысшы, теңізші және басқа да мамандықтарды жетік меңгерген. Әскери парад аса маңызды әскери оқу орындарының әлеуетін көрсететін топтардың шеруімен жалғасты.
– «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 81067 әскери бөлімінде әкімшілік және шаруашылық бөлімінің бастығы қызметін атқарамын. Парадқа қатысу үшін 1 жарым ай бұрын келдік. Өзім көпбалалы ана болған соң дайындық кезінде отбасымды ойлап, аздап қобалжып жүрдім. Жаттығу өте қиын болды. Бірақ қанша уақыттық еңбегіміз ақталып, шеру жоғары деңгейде өтті. Парадқа «Тарихи қорапша» құрамында Мәншүк бейнесінде пулемет ұстап шықтым. Бұл мен үшін үлкен абырой, қуаныш. Мұндай ауқымды шеруге алғаш рет қатысып тұрмын. Сондықтан алған әсерімді сөзбей айтып жеткізе алмаймын. Есімде мәңгі сақталатын сәт болары сөзсіз, – дейді облысымыздан әскери парадқа қатысқан Айдана Айтқұлова.
Салтанатты іс-шараға Қазақстан Қарулы Күштерінің барлық түрлерінен 4 000-нан астам әскери қызметші, 200-ден астам әскери техника мен қару-жарақ, сондай-ақ майдандық, армиялық және әскери-көліктік авиацияның 66 ұшағы мен тікұшағы жұмылдырылды. Оның ішінде бұған дейінгі парадтарда болмаған зенитті зымыран кешендері, роботтың көмегімен жүретін су жаңа әскери техниканы тамашалау мүмкіндігі болды Ерекше атап өтерлігі, парад кезінде әскери техника үлгілері, сондай-ақ екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңіс жолында армияның негізгі қаруы болған техника үлгілері көпшілік назарына ұсынылды. Соғыс кезінде ең көп шығарылған әрі аса танымал болған Т-34 танкі мен танымал БМ-13 («Катюша») реактивті артилеррия машинасы жүріп өтті.
Шетелдік қонақтардар бастап күллі қазақ елі тамашалаған әскери шерудің сәтті өтуіне біздің «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы жауынгерлері де үлес қосты. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Нұржан Өмірзақовтың айтуынша, маңызды іс-шараға қатысу үшін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінен шамамен 50-ге жуық әскери техника жеткізілген.
– Бұл техникалар Тараз, Гвардейск және Сарыөзек гарнизондарынан алынды. Олардың қатарында КамАЗ бен Урал жүк көліктері, тартқыштар, тіркемелер, жеңіл көліктер мен автобустар бар. Сонымен қатар, гаубица Д-30, МСТА-б, «Прима» секілді артиллериялық қондырғылар да жеткізілді. Бұл техникалар әскери шеруге дайындық барысында да, салтанатты шеру кезінде де қолданылды. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығынан парадқа қатысу үшін 300-ден астам әскери қызметші іріктеліп алынды. Олардың ішінде 58 әйел әскери қызметші бар. Сонымен қатар, парадқа «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери оркестрі де қатысты. Оңтүстік өңірден Астанаға 50 әскери музыкант барып, 300 адамнан тұратын біріккен оркестр құрамында парадты музыкалық сүйемелдеумен қамтамасыз етті, – дейді Нұржан Ербалаұлы.
Ал «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери оркестрінің жетекшісі, майор Рүстем Насыровтың айтуынша әскери парад – еліміздің қуаты мен бірлігін көрсететін аса маңызды шара.
– Біз шеруге үлкен жауапкершілікпен қарап, тыңғылықты дайындалдық. Міндетімізді абыроймен атқарып шыққан секілдіміз. Осындай салтанатты жиындар – әр сарбаздың жүрегінде елге деген мақтаныш сезімін оятатын ерекше сәт. Оркестріміз «День Победы», «Рух» сынды патриоттық әндерді орындап, шерудің салтанатты рухын күшейтті. Музыкалық сүйемелдеу – парадтың әсерін тереңдете түсіп, көрерменге ерекше рухани серпіліс сыйлады. Осындай тарихи күнде өнер көрсету – біздің ұжым үшін үлкен мәртебе әрі мақтаныш, – дейді Р.Насыров.
Шеру соңында әуеден 66 ұшу аппараты ұшып өтті. Парадты 6 Су-25 ұшағы Қазақстанның Мемлекеттік Туы бейнеленген түтін жолақтарын қалдырып, әуедегі парадты түйіндеді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ