
2025 жылдың бірінші тоқсанында 120,5 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,1 пайызға артық.
Өңірдің инвестициялық қоржынында жалпы құны 3,6 триллион теңге болатын 82 жоба бар. Бұл жобаларды іске асыру 10 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Биыл 175,2 миллиард теңгеге 1500 жұмыс орнын құра отырып, 30 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.
Қазіргі уақытта «ЕуроХим-Тыңайтқыш» ЖШС (минералды тыңайтқыштар), «Qazaq Soda» ЖШС (кальцийлендірілген сода өндірісі), «Altynalmas Reagents» ЖШС (натрий цианиді өндірісі), «Шокпар-Гагаринское» ЖШС (алтын өндірісі), «Шагала Майнинг» ЖШС (мыс өндірісі) ірі жобаларды жүзеге асыруда.
Сондай-ақ «Total Eren» (Франция) және «Masdar» (БАӘ) компанияларының жел электр станцияларын салу жөніндегі ынтымақтастығы жасыл энергетика саласындағы халықаралық әріптестікті арттырды.
Ағымдағы жылдың 16 сәуірінде «Yonggang Central Asia Iron And Steel» ЖШС металлургиялық зауыттың, «Fufeng Group» ЖШС жүгеріні терең өңдейтін кәсіпорынның құрылысын бастады.
«Zhambyl Invest» дирекциясы инвестициялық жобаларды тарту мен іске асыруда шешуші рөл атқарады. «Бір терезе» қағидатын ұстана отырып, дирекция инвесторларға жобаның барлық кезеңдерінде идеядан іске асыруға дейін қолдау көрсетеді.
Бизнеске қолайлы жағдай жасау арқылы Жамбыл облысы шетелдік және отандық инвесторлар үшін тартымды аймақ ретіндегі ұстанымын нығайтып келеді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі