
Осы орайда кеше облысымызда Ұлы Отан соғысының ардагерлері Мүтәліп Ережепбаев, Геннадий Иванов, Иван Макеев, Григорий Нещеретнев және Шалданбай Шаңбаев үшін арнайы әскери шеру ұйымдастырылып, қарт жауынгерлерге ерекше құрмет көрсетілді.
Шеру барысында сарбаздар сап түзеп, әскери тәртіп пен жауынгерлік рухтың ерен үлгісін көрсетті. Айта кету керек, аталған салтанатты шараға 5513 әскери бөлімінің жеке құрамы мен бөлім командирі, полковник Ғазиз Кәдірбек, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 28903 әскери бөлімшесінің сарбаздары қатысқан болатын.
Сонымен қатар Оңтүстік аймақ әскери прокуратурасының аға прокуроры, майор Олжас Несіпбаев та ардагерлерді арнайы құттықтап келді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыс бойынша шекара қызметі мен ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты әуеге қарсы қорғаныс бөлімшесінің өкілдері де іс-шараға өз үлестерін қосты. Сондай-ақ ҚР Бас прокуратурасының облыс бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу департаментінің аға прокуроры Жанболат Алимбаев та ардагерлерге өз ілтипатын білдірді.
Әскери шерудің жоғары деңгейде ұйымдастырылуы ардагерлердің жүрегін тебірентіп, жанарларына еріксіз жас үйірді. Соғыс зардабын қан майданда жүріп өз көзімен көрген қариялар үшін өткенді ұмыту мүмкін емес. Жеңіс жалауының желбіреуіне айрықша үлес қосқан ардагарлар қашанда халық құрметіне ие
.
Іс-шара аясында ардагерлерге Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың арнайы Алғыс хаты табысталды. Бұл – мемлекет тарапынан Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жанқиярлық ерлігіне берілген жоғары баға мен ризашылықтың айқын белгісі.
Әскери шеруде генерал-майор Ержан Ибраев құттықтау сөз сөйледі.
– Сіздердің ерліктеріңіз – бүгінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге. Біз сіздерді әрдайым мақтан тұтамыз, – деген Е.Ибраев ардагерлерге шынайы алғысын арнады.
Салтанатты сәтте ардагерлерге арналған шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, қатысушылар соғыс жылдарын еске алды. Майдан даласындағы қиындықтарды бастан өткерген қарт жауынгерлер үшін бұл – үлкен рухани демеу, ұмытылмас құрметтің белгісі.
«AR-AI»-ақпарат