
Аймақтың қорғаныс істері саласында басшылық қызметте болған және осы саланың ілгерілеуіне еңбек сіңірген ардагер ағалардың еңбегі қашанда өлшеусіз. Олардың қатарында Ауған соғысының және қорғаныс саласының ардагері, подполковник - Ғани Саражанов та бар.
Ғани Марқабайұлы 1963 жылы 29 наурызда қазіргі Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында туған. 1980 жылы Сарысу ауданындағы Байқадам орта мектебін ойдағыдай аяқтаған балаң жігіт аз уақыт Байқадам (қазіргі Саудакент) ауылындағы №209 жылжымалы механикаландырылған колонна (ПМК) мекемесінде жұмысшы болып еңбек етіп, әскер қатарына шақырылады. Ол әскери борышын Ауғанстан жерінде өтейді. Жат жердегі жан алысып, жан беріскен соғыста антына адалдық танытқан жауынгер 1983 жылы аман-есен елге оралады.
Елге келгеннен кейін жас сарбаз Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының «Тарих» факультетінде сырттай білім ала жүріп, еңбекке араласады. 1983-1986 жылдары Алматы қаласындағы «Казглавснабпрос» мекемесі орталық базасында экспедитор, одан кейін 1986-1987 жылдары Байқадам кәсіптік-техникалық училищесінде тарих пәнінің мұғалімі, 1987-1990 жылдары Сарысу аудандық комсомол комитетінде инструктор, 3-хатшы қызметтерін атқарады. 1990-1996 жылдары Сарысу ауданындағы Байқадам, Гагарин орта мектептерінде директордың орынбасары, Сарысу аудандық білім бөлімінің аға инспекторы, Байқадам ауылдық округі әкімінің орынбасары қызметтерінде болып, өңірдің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосады.
1996 жылдан Ғани Марқабайұлының қорғаныс саласындағы қызметі басталады. Ол 2000 жылға дейінгі аралықта Жаңатас қалалық әскери комиссариатының 3-бөлімін басқарса, 2000-2002 жылдары Тараз қалалық әскери комиссариатының жұмылдыру бөлімінде аға көмекші болып қызмет етеді.
Дана халқымыз «Туған жерге туыңды тік деген» деп тектен тек айтпаған. Қашанда туған жерге тамшыдай болса да үлес қосуды қаперінен шығармайтын елжанды азамат 2002 жылы Жаңатас қалалық қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімнің бастығы болып тағайындалды. Кейіпкеріміз алты жылға жуық осы лауазымды абыроймен атқарып, қорғаныс саласының нығаюына аянбай еңбек етті.
Қорғаныс істері - салмақты міндет. Әскери қызметтің ыстық-суығына күйіп, темірдей тәртіпке бағынып еңбек ету айтуға ғана жеңіл. Бірақ, Ғани Саражанов бұл қиындығы мен жауапкершілігі мол саланың басшылық қызметінің үдесінен шыға білді. Жастарды патриоттық рухта тәрбиелеп, әскердің әлеуетін арттыруға көңіл бөлген кейіпкеріміз осы бағытта ардагерлермен, аудандық білім, ішкі саясат бөлімдері мен ауылдық округ әкімдерімен бірлесе жұмыс атқарды. Болашақ сарбаздардың ата-аналарымен де жеке-жеке сөйлесуге ден қойды. Нәтижесінде, жоспарлы жұмыс жемісін беріп жатты.
Еселі еңбек ешқашан елеусіз қалмайды. Ғани Марқабайұлы да қызметте сатылап өсіп, ел-жұрттың құрметіне бөленді. Ол 2008-2012 жылдар аралығында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің жұмылдыру ресурстарын есепке алу және тағайындау, сонымен қатар запастағы офицерлермен жұмыс және кадр жұмысы бөлімдерінің бастығы қызметтерін абыроймен атқарды.
2012 жылы әскери саладан зейнетке шыққан запастағы подполковник облыстық қорғаныс саласы ардагерлері ұйымының мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Өмірден көрген-түйгені мол маманның кейінгі жастарға беретін бағыт-бағдары да айқын. Осы ретте Ғани Марқабайұлы 2018 жылдан күні бүгінге дейін «Жамбыл облысы әкімі аппаратының мамандандырылған базасы» мекемесінде инженер болып қызмет атқарып, әрі тәжірибесімен бөлісіп келеді.
Кейіпкеріміз Ауған соғысының ардагері болғанымен ол туралы көп айта бермейтінін аңғартты. Біз сонда да сыр суыртпақтап, біраз жәйтқа қанықтық.
– Мен 1981 жылдың мамыр айында Кеңес әскері қатарына шақырылып, облыстық әскери комиссариаттың тексерісінен кейін Отан алдындағы борышымды өтеуге Ауғанстанға аттандым. Жамбыл облысынан менімен бірге 80 сарбаз жолға шықты. Оның отызға жуығы Сарысу ауданынан еді. Түркіменстаның Таджент деген жерінде әскери дайындықтан өтіп, сол жерде бес айлық танк жүргізушісі курсын бітіріп шықтым. Қараша айында әскери бөлім Ауғанстанның Мазаршариф атты шағын қаласына орналастырылды. 18-19 жасар балаң жігіттер бір айдай қалыптасу, үйрену кезеңінен өттік. Жат жерде жаттығудың машақаты аз болмағанымен ант қабылдаған жас сарбаздар бар қиындықты жеңуге тырысты. Еліңнің ержүрек азаматы болсаң, көнесің. Алдымызға қойылған талап та осы болды. Біздің 22-мотоатқыштар полкінің негізгі міндеті - Термез бен Ауғанстанның Поли-хумил аймағындағы 125 шақырымға созылған жер асты мұнай құбырын дұшмандардың диверсиясынан қорғау. Әр екі шақырымға бір взводтан орналастық. Сонымен бірге сол аралықта үздіксіз қатынап жатқан тасымал транспорттарын, жүк машиналар колонналарын қорғаймыз. Дұшмандардың әр ұрымтал тұсқа орналасқан бекеттерін торуылдап, аңдып, оқ ататын нүктелерін жойып отырдық. Қолға түскендерін тиісті пункттерге жеткізіп тұрдық. Біздің бақылауымыздағы аймақ таулы, шатқалды, жартасты жер болатын. Дұшмандар осыны ұтымды пайдаланып жүрді. Сондықтан, оқ-дәрі, қару-жарақ, азық-түлік тиеген колоннаны тар жолдармен алып өту ауыр әрі өте қатерлі еді. Осы тұстарда адамның да, күш-көліктердің де шығыны көп болды. Талай жігіттер сол ұрыстарда жараланып, шейіт болды. Мен Ауған қыстақтарын дұшмандардан тазарту жөніндегі ұрыс-қимылдардың көпшілігіне қатыстым. Сан түрлі арпалысты көзіммен көрдім. Ауған тауында жол тосқан жаудың қай тұстан кездесе кететініне сезікті көңілмен қарап, өлім мен өмірдің ортасында қауіп-қатерді бастан өткердік. Әр күн, әр сағат қауіпті. Жат жердегі ұрыстарда қаза тапқандар мен өз көліктерімен бірге жалынға айналған сарбаздарды еске алудың өзі қиын. Осы соғыста Кеңес Одағы өзінің 60 мыңға жуық сарбазынан айырылды. Солардың арасында сарысулық жерлесім Серік Мәлтаев та бар. Ал, Ауғанстан жеріне бізбен бірге аттанған жолдасым әрі жерлесім Ораз Сқақовтан әлі күнге дейін еш хабар-ошар жоқ. Сол Оразбен Ауған аймағындағы күндердің бірінде пойызда кездескен едім. Асығыс кездесу болды. Бірақ мен сол Оразбен соңғы рет кездесіп тұрғанымды білген де жоқпын» - дейді сол бір соғыстың зұлмат күндерін есіне алған Ауған соғысының ардагері.
«Ерлік-елге мұра, ұрпаққа-ұран» дейді қазақ. Ғани Саражанов ауған соғысының жауынгері және ардагері ретінде жауынгерлік және мерекелік медальдармен марапатталған. Сонымен қатар қорғаныс саласындағы ұзақ жылғы мінсіз қызметі басшылық тарапынан жоғары бағаланып, көптеген салалық медальдарға, ҚР Қорғаныс министрінің, «Қарулы Күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің Алғыс хаттарына, екі рет Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасына ие болды.
Ардагердің жауапты қызметтерде жемісті еңбек етуіне жан жары Сәуле Жеңісбекқызының қосқан үлесі зор. Сарысу аудандық партия ұйымы, комсомол комитетінде қатар қызмет ете жүріп, шаңырақ көтерген жас жұбайлар қазіргі таңда 3 перзент тәрбиелеп өсіріп, немере сүйіп отыр. Қыздарының барлығы жоғары білімді. Айгүл мен Лаура әке жолын қуып, әскери салада қызмет етсе, Әселі ұстаз болып еңбек етуде.
Асан ТІЛЕМІСОВ