Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Президент қолынан офицерлік шен алған Ерболат

Президент қолынан офицерлік шен алған Ерболат
Автор
Отанымызға қалтқысыз қызмет ету және қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Сол борышты абыроймен атқарып жүрген жас офицерлердің бірі – лейтенант Ерболат Керімбеков. Ұлтжанды қазақ отбасында тәрбиеленіп, әскери қызметке бала кезінен қызыққан Е.Сұлтанұлы қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5513 әскери бөлімінде 2-жедел мақсаттағы ротаның командирі болып еңбек етеді. Жас та болса ел алдында үлкен жауапкершілік арқалап жүрген кейіпкеріміздің өмір жолы болашақ жауынгерлер үшін үлгі.

Ерболат Сұлтанұлы 2001 жылдың 20 қыркүйегінде Тараз қаласында дүниеге келген. Бала Ерболат 2007 жылы Тараз қаласындағы №46 орта мектептің табалдырығын аттаған сәттен бастап ұқыптылығымен, сабырлы мінезімен және ұлтжандылығымен ұстаздары мен сыныптастарының құрметіне ие болды.

Уақыт өте келе жас Ерболаттың әскери салаға деген қызығушылығы нақты мақсатқа айналды. Сөйтіп 2017 жылы Алматы қаласындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебіне қабылданып, еліміздегі бірегей оқу орнында әскери өмірдің алғашқы қыр-сырын меңгерді.

2019 жылы Петропавл қаласындағы Ұлттық Ұланның әскери институтына оқуға түсіп, сол жылдың қыркүйек айында Әскери Ант қабылдады. Бұл күн – Ерболаттың өміріндегі ерекше күндердің бірі. Ант – офицердің ел мен жер алдындағы серті. Ерболат сол сәттен бастап өзінің бүкіл өмірін Отанға адал қызмет етуге арнауға бел байлады.

2023 жылы әскери институтты үздік аяқтаған Ерболатқа лейтенант шенін Қазақстан Республикасының Президенті, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз табыстады. Бұл – әскери саладағы ең үлкен марапаттардың бірі әрі жас офицер үшін мақтанышқа толы сәт.

Ерболат Керімбеков Ұлттық ұландағы қызметін Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінде бастады. Алғашында 1-жедел мақсаттағы ротаның взвод командирі болып тағайындалды. Жақсы қырынан көзге түскен жас офицер 2024 жылдың маусым айында 2-жедел мақсаттағы ротаның командирі қызметіне көтерілді.

Қазір Ерболат әскери бөлімдегі ең жас рота командирі. Бірақ оның жасына қарап емес, ісіне қарап баға береді. Жауапкершілікті сезінетін, тапсырманы мүлтіксіз орындайтын, сарбаздардың арасында құрмет пен сенімге ие офицер ретінде ол өзгелерге үлгі бола алды.

Ерлік пен қызметтегі табыстары ескеріліп Ерболат Керімбеков «Ұлттық ұлан үздігі», «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» төсбелгілерімен марапатталған. Бұл марапаттар – оның қажырлы еңбегінің, Отан алдындағы адал қызметінің нақты дәлелі.

Әскери өмірдің тәртібі мен қатаң талаптары бар екені белгілі. Соған қарамастан Ерболат жеке өміріне де көңіл бөліп, жауапкершілікті сезіне білген азамат. Жары Аружан да Тараз қаласында туып-өскен. Жас отбасы Бектөбе ауылында тұрады. Ерболат үшін отбасы – тірек, ал қызмет – парыз.

Ерболат Керімбеков болашақта Ұлттық ұланның сапында жоғары лауазымдарға көтеріліп, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуді армандайды. Оның басты ұстанымы – «Отан қорғау – намыс ісі».

– Әскери өмір – сырт көзге қатал әрі тәртіпке бағынған қызмет секілді көрінуі мүмкін. Бірақ мен үшін бұл – арманның орындалуы. Әлі есімде, бала күнімде теледидардан шеру көріп, офицерлердің сап түзеген сәттеріне қарап таңданатынмын. Сол кездің өзінде «Мен де сондай болам!» армандайтынмын. Ол жай ғана арман болып қалмай, нақты мақсатқа айналды. Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі және әскери институт – мені нағыз азамат етіп қалыптастырған орта болды. Әр қадамда қиындықтар кездесті. Бірақ ешқашан сынбадым. Керісінше қиындықтар, кедергілер қайрай түсті. Әскерде ең бастысы – тәртіп пен сертке адалдық. Бүгінде рота командирі ретінде сарбаздарға «Бір жауынгердің қателігі – тұтас бөлімнің беделіне әсер етеді, ал әрбір ұрыстың нәтижесі — күнделікті дайындықта шешіледі» деп үнемі айтып отырамын. Мен үшін Отан деген тек географиялық аумақ емес. Ол – менің анам, отбасым, туған жерім. Осы қасиетті ұғымды қорғау – басты парызым. Ел Президентінің қолынан офицерлік шен алу – өмірімнің ең жарқын сәттерінің бірі. Сол сенімді ақтау – менің басты мақсатым. Алдағы уақытта да ел қорғаны болуға, жас сарбаздарға үлгі болуға тырысамын. Ұлттық ұлан – тек әскер емес, бұл – ұлттың берік қалқаны. Осы қалқан мықты болуы үшін әрбір офицер жүрекпен қызмет етуі керек деп білемін, – дейді Ерболат.

Отан қорғаушылар күні – еліміздің тыныштығы мен тұтастығын сақтап жүрген әскери қызметкерлердің еңбегін құрметтейтін күн. Ерболат Сұлтанұлы сынды жас офицерлердің ерлігі мен қажырлы еңбегі болашақ ұрпаққа бағыт беретін шамшырақ іспеттес.

Қазақстан армиясы сапында елін, жерін шексіз сүйетін Ерболаттай азаматтардың бары – біз үшін үлкен мақтаныш.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар