Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мықты мәслихат – мемлекет тірегі

Мықты мәслихат – мемлекет тірегі
Автор
Уақыт тынысы мен қоғам сұранысы қай кезде де алға қарай жылжуды талап ететіні белгілі. Келелі істердің нәтижесінде киелі Әулиеата өңірі де жылдан-жылға көркейіп келеді. Әсіресе, Тараз қаласын дамытуға қатысты тың бастамалар көптің көңілінен шығуда. Бұл кезеңді тарихи сәт деп бағалауымызға әбден болады.

Баршаға белгілі, Тараз қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 20 желтоқсандағы №3321 қаулысы және Тараз қалалық мәслихатының 2024 жылғы 20 желтоқсандағы №24-2 шешімі негізінде қала аумағында «Әулиеата» және «Жібек жолы» аудандары құрылып, шекаралары белгіленді. Бұдан өзге қаламыздың Бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес Абай даңғылы арқылы өтпелі көпірдің, сондай-ақ жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысын және инженерлік желілерін жүргізу қолға алынуда. Бұл тұрғыда халық қалаулылары Абай даңғылы бойындағы жер учаскелері мен өзге де жылжымайтын мүліктердің мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы түскен шарт жобаларын қарады. Нәтижесінде депутаттарымыз қолдау көрсетіп, көпір құрылысының басталуына орай салтанатты түрде капсула салынды. Көне шаһарымызда халық санының және көлік құралдарының көбеюіне байланысты жоба кептелісті азайтып, жұртшылыққа жайлылық сыйлайды деген ойдамын.

2024 жылы қалалық мәслихаттың перспективалық жоспарына сәйкес 14 сессия, оның ішінде кезектен тыс – 10, кезекті 4 сессия өтті. Сессиялардың күн тәртібінде негізінен көне шаһарымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты 85 мәселе талқыланды. Мәслихаттар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету бағытында осы жиындар «YouТube» платформасына жарияланды.

Кез келген мәслихат депутатының басты міндеті – сайлаушыларға берген сайлауалды уәдесін орындау, өз округіндегі тұрғындардың үмітін ақтау. Ай сайын өтетін қоғамдық қабылдауларда тұрғындар көтерген немесе өзге де шешімін күткен маңызды мәселелер бойынша 107 депутаттық сауал дайындалды. Оның ішінде бүгінгі күнге дейін 50 сауал орындалса, 29 сауалдың орындалуы 2025 жылға жоспарланған, 11 сауал орындалу сатысында. Ал орындалуы орталық мемлекеттік органдардың құзырына жататын 4 сауал бар. Осы 4 сауал бойынша депутаттар «Қазсушар» мекемесінің басшылығымен бірлесіп зерделеу жұмыстарын жүргізді. Бұдан өзге депутаттарымыз тарапынан әкімге, әкімнің орынбасарларына, мемлекеттік органдардың басшыларына 121 депутаттық сауал жіберілді.

Дегенмен қала әкімінің қолдауымен сауалдар бойынша нақты тапсырмалар беріліп, әрқайсысының орындалуы қатаң бақылауда тұр.

Мәслихаттың негізгі жұмыс қағидасы – оның ашықтығында. Осы ретте қалалық мәслихат депутаттарының сайлаушылармен кездесулері және азаматтарды жеке қабылдаулары жоспарға сәйкес жүргізілді. Халық қалаулыларының жұмысы әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы тұрақты түрде жарияланып келеді.

Өзім де мәслихат төрағасы ретінде көптеген әлеуметтік нысандар мен ұйымдарды аралап, шаһар тұрғындарымен бірнеше рет кездесу өткіздім. Жоспарға сәйкес №17 сайлау округінің тұрғындарын 12 рет жеке сұрақтарымен қабылдап, өтініштері мен ұсыныстарын тыңдадым. 2024 жылы қоғамдық қабылдауға 100-ден астам азамат жүгінді. Облыс және қала әкімінің аумақтық округ тұрғындарымен өткен 10-ға жуық көшпелі кездесуіне депутаттармен бірге қатыстым.

Қала тұрғындары жолдарды жөндеу, тұрғын үйлерді және жылу жүйелерін жаңғырту, спорт және балалар ойын алаңшаларын салу, ағаштарды кесу, көше жарығын, аялдама, бағдаршам орнату, автобус бағыттарын қалпына келтіру сияқты түйткілдерді көтерді.

Мәслихат жұмысы әрдайым жергілікті атқарушы билікпен тығыз байланыста. Әрбір жиын барысында тұрғындардың сауалдары жауапсыз қалған емес. Халық қалаулысы болған соң тұрғындар мен қала үшін маңызды мәселелердің шешімін табуға барынша көңіл бөлеміз. Шешімін тапқан мәселелерге тоқталсам, облыс оратылығындағы Жамал Аппасова көшесіне жасанды кедергілер орнатылды. Округ тұрғындарының сұранысымен, Рахимов, Бөлтірік шешен көшелеріндегі құлайын деп тұрған ағаштар кесілді. Рахимов көшесіндегі №42, 44, 46 үйлерге қоқыс жәшіктері орнатылды.

2025 жылы Ы.Сүлейменов көшесінің бойындағы көпірді жөндеу, №7 мектептің жапсарлас ғимаратының құрылысын соғу, №32 мектептің ауласына балалар спорт алаңшасын салу, Махамбет батыр және Ұлбике ақын көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы мәселелер жоспарда тұр. Облыстық мәслихат депутаттарымен бірлесіп, Қаратай Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназиясындағы футбол, волейбол, баскетбол алаңдарының заманауи үлгіде жаңартылуына қатысты облыс әкімдігінің білім басқармасына сауал жолдадық.

Бұдан бөлек «AMANAT» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде 2024 жылы 8 азаматты қабылдадым. Төрт азаматтың мәселесі шешімін тауып, төртеуіне түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қоғамдық қабылдау – халық пен билік арасын жақындату бағытында қолға алынған тиімді жоба. Мұнда бірінші кезекте тұрғындардың өтініші мен құқықтары басты назарға алынады.

2024 жылдың 3 қазанында Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумы өтті. Форумға «AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттары қатыстық. Президент өз сөзінде: «Депутаттар – қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық айта алатын және халықтың ойын атқарушы билікке жеткізетін адамдар. Депутат болу – халықтың үні болу деген сөз» деп атап көрсетіп, мәслихаттар мен әкімдіктердің үйлесімді жұмысының маңыздылығына тоқталды.

Форум өзекті проблемаларды шешу тетігін Үкімет мүшелерімен бірге қарастыруға, оларға халық қалаулылары тарапынан ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, сауалдар қоюға, пікір алмасуға толық жағдай жасады. Форумда алдымызға жаңа міндеттер қойылды. Сол міндеттерді баршамыз енді бірлесе орындауымыз қажет.

Форум арнайы панельдік сессиялармен жалғасып, ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа қалалық білім бөлімінің жергілікті атқарушы органға өтуін және жас педагог кадрлар мәселесін, №57 бұйрық туралы халықтың көкейіндегі сауалдарды жеткіздім. Ведомство басшысы қойған сұрақтарыма тиісті жауабын берді.

Сонымен қатар біз өз жұмысымызда Сенат және Мәжіліс депутаттарымен де әріптестік байланыс орнатқанбыз.  Мәселен, сенаторлар Бекболат Орынбеков пен Сәкен Арубаев жұмыс сапарымен бірнеше рет облысымызға келді. Сонда сенаторлармен және қала әкімімен бірге шаһарымыздағы әлеуметтік нысандарды, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салынған алғашқы нысандарды, жаңа мектептерді, жылу объектілерін аралап, жауапты мекеме өкілдерімен кездестік.

Депутат – халық қалаулысы болған соң тұрғындар мәселесін Үкіметке жеткізетін бірден-бір тұлға. Осы орайда біз Сенат және Мәжіліс депутаттары арқылы күрмеуі қиын күрделі мәселелерді Парламент мінберінен де көтеріп келеміз. Атап өтсем, Ауылшаруашылығы министрінің мемлекеттік меншіктегі бос жатқан кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскелерін сату бойынша аукционның №297 бұйрығының 18-тармағына қатысты толықтырулар мен өзгерістер енгізу жөнінде хат жолдадым. Сондай-ақ, қаламызға қосылған елді мекендердегі жер учаскесі мен тұрғын үй кезегіне тіркелген азаматтардың кезектерін біріктіру барысында мәселе туындауда. Осы орайда жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға жер кезегінде «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» автоматтандырылған жүйесіне қатысты жер заңнамасына және тұрғын үй қатынастары туралы заң талаптарына тиісті өзгерістер енгізу жөніндегі қала әкімдігімен бірлескен ұсыныстарымызды Сенат және Мәжіліс депутаттарына, министрліктердің жауапты комитеттеріне жолдадық.

Биыл 3-4 сәуір күндері барша мәслихат төрағаларымен бірге Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысына қатыстым. Әдеттегідей, панельдік сессияларда жоғары палата мен мәслихаттардың өзара ынтымақтастығын дамыту, министрліктердің, сарапшылар мен Сенат депутаттарының жергілікті мәселелерді уақытында анықтау, оны бірлесіп шешу жолдары талқыланды. Сессияда қаламыздағы мектептерде психолог-педагогтар мен учаскелік инспекторлардың штат бірліктерінің оқушы cанына шаққанда өте аз екендігін және жалақыларының төмендігін айтып, мәселе етіп көтердім. Алдағы уақытта жоғарыдағыдай тиісті министрліктен ресми жауап берілуі керек.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауын және республикалық референдумды түсіндіру мақсатында қала тұрғындарымен 20 кездесу өткіздім. Кездесуде білім беру, денсаулық сақтау, коммуналдық шаруашылық және тағы да басқа әртүрлі сала өкілдері қамтылды. Тұрғындарды референдумға шақырудан бөлек, мемлекеттік бағдарлама бойынша бөлініп жатқан қайтарымсыз грант, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, тұрғын алуға қатысты жеңілдіктер, мектептегі оқушылардың ыстық тамақпен қамтылуы, ауруханаларда кіші қызметкерлердің жалақысын көтеру және тағы да басқа әлеуметтік мәселелер түсіндірілді. Қалалық мәслихат депутаттары да жоспарға сәйкес, өз сайлаушыларымен Мемлекет басшысының Жолдауы бойынша кездесулер өткізді.

Сонымен қатар, «Facebook», «Instagram» әлеуметтік желілерінде жеке өзімнің және Тараз қалалық мәслихатының атынан ресми парақшалар ашылған. Аталған әлеуметтік желілерде 194 пост жарияланды. Депутаттарымыз да әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланып, комиссиялардың отырыстарына қатысу қорытындылары бойынша ақпаратпен бөлісіп, әлеуметтік маңызы бар мәселелерді талқылайды, жарияланымдарға түсініктеме береді және өңірдің тыныс-тіршілігінің өзекті мәселелері бойынша жазбалармен бөліседі.

2024 жылы ел мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толды. Мерейтойлық датаға орай, елімізде жыл басынан бері түрлі мәдени-бұқаралық, ақпараттық-имидждік іс-шаралар ұйымдастырылды. Көне шаһарымызда да мәслихаттың 30 жылдығын жоғары деңгейде атап өттік. Салтанатты іс-шарамызда халық қалаулыларына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің, «AMANAT» партиясының, министрліктердің, сондай-ақ облыс әкімінің және облыстық мәслихат төрағасының, қала әкімі мен қалалық мәслихаттың Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын табыстадым. Еліміздің дамуына елеулі үлесін қосып келе жатқан депутаттар мен қонақтарға мерекелік төсбелгі және естелік сыйлықтар берілді. Ортақ іске бірлесе жұмылып, жанашырлықпен атқарған жұмысымыз бізді осындай абырой биігіне жеткізді. Өз басым ұжыммен келген еңбектің тәтті жемісін көруді үлкен бақыт деп білемін.

Қалалық мәслихат депутаттарының корпусында қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жақсы білетін азаматтар бар екенін айтқым келеді. Жергілікті жерлердегі мемлекеттік саясатты жүргізуді қамтамасыз ететін атқарушы органдар мен халық сайлайтын және халықтың еркін білдіретін мәслихат депутаттарының алдындағы мақсат ортақ, ол – халыққа қызмет ету.

Қорытындылай келе, халық аманатын арқалаған мәслихат депутаттарына үлкен жауапкершілік жүктелгенін тағы да еске саламын. Өткен жылды табысты аяқтауға көмекші болған, жұмысқа аса жауапкершілікпен қараған, қоғам мен билік арасындағы алтын көпір миссиясын атқарып жүрген барлық әріптестеріме шынайы ризашылығымды білдіріп, алғысымды жеткіземін. Қалалық мәслихаттың алдағы жұмыстары да белсенді болып, жұмыс қарқынын бұдан да жоғары еселей түседі деген сенімдемін.

Кенжебек ОЛЖАБАЙ,
Тараз қалалық
мәслихатының төрағасы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар